Қазақстан • 17 Наурыз, 2022

Айдос Сарым: Бұл Жолдау ұлттық және қоғамдық келісімдердің жиынтығы

333 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы кездері осындай қазақтілді ортаға арналған жиын көп болып жүрген жоқ. Сондықтан «Ұлттық мүдде» диалог алаңының құрылуы – жақсы үрдіс деп есептеймін.

Айдос Сарым: Бұл Жолдау ұлттық және қоғамдық келісімдердің жиынтығы

Біздің бүгінгі қоғам күрделеніп кетті. Билік те көптеген мә­се­леде қоғамның мүддесінен шыға ал­ма­ды дей аламыз. Бір жағынан, бұған қо­ғамның жасаруы да әсер етті. Кейбір орыстілді зерттеулерді қарағанымызбен, қазақтілді ортаға арналған үлкен зерттеу­лер­ді көріп жүрген жоқпыз. Мысалы, біздің қоғам қандай, оның басты тұлғасы кім, жұрт кімді тыңдайды? Неге соңғы кезде болған оқиғаларға жол бердік деген сан сауал мәселеге жауап таба алмай келеміз.

Дегенмен кейінгі кезде жақсы бас­та­малар шығып жатыр. Мәселен, ақса­қал­дар кеңесі қолға алынды. Тағы басқа да алаңдар ұсынылды. Бірақ соның бәрі өзімізді жұбату үшін жасап жатқан жобалар секілді. Ақсақалдар кеңесінің үндеуін жастар тыңдап, оған қоғам назар аудара ма? Жалпы, елімізде жұрт үлгі тұтып, сөзін тыңдайтын ақсақал бар ма? Кешегідей үлкен нөпір күш шыққанда олар кімді тыңдайды, жалпы, тыңдата білетін қайраткер қалды ма, қалмады ма деген мәселе де алдымызда тұр.

Сондай-ақ қазіргі қазақ қоғамы жік­те­ліп дамып келе жатқан секілді. Бір жігіміз, екінші жікті тудырып, қоғамның өзін жіктерден құралған қоғамға айналдырып жібергендей. Дағдарыс кезеңінде бұл үрдіс айқын көрінеді. Екіншіден, қоғамда экстремистік-радикалистік көз­қа­растардың басым болуы, осының кар­то­графиясының жоқтығы үлкен мәселе тудырады.

Мемлекет басшысының Жолдауынан үлкен үміт күтеміз. Бұл Жолдау ұлттық және қоғамдық келісімшарттардың жиын­тығы секілді. Соның ішінде жа­ңа­дан үш облыстың құрылуы мен тағы басқа өзекті мәселелердің көтерілуі, қазақ­тың ұлттық келісімін қажет етеді. Соның алғышарты басталып, сенім қа­дамдары жасалды. Қазір біз әркім өз орнын білетін, өткен ғасырдың 60-70-80 жылдардағы ұлттық ымыраның нұсқасына жете алмаған сияқтымыз. Кешегі тоқсаныншы жылдардағы қиын­дық­тан, соның арқасында аман шықтық. Бүгінде соның ешбір үрдісі қалмай барады. Бұл да ойланатын шаруа.

Ұлттық мүддеде неге келіп тірелуіміз керек, тоқтайтын жеріміз қайсы? Негі­зі­нен, үрей мен қорқыныштың бәрі ұлттық азшылық психологиясынан туындайды. Соңғы өткен Ұлттық санақта қазақтың саны 71 пайызға жетсе де, әлі де тіл секілді мәселелерге қатысты үрейіміз 60-70-жылдардағы Алматыда автобус­та «неге қазақша сөйледің?» деп жүр­ген адамның жанайқайына келеді.

Кешегі қаңтар оқиғасы елдегі тұ­рақ­­тылық пен тыныштықтың құнын көр­сетті. Осы құндылықтың қаді­рін білуіміз қажет. Сонымен бірге ұлт­­тық инфрақұрылымды дамытуға қан­дай ұйым керек, қосымша зерттеу орта­­лық­тары қажет. Осы мәселелерді қарас­­тырған жөн. Соған байланысты бәрі­міз бірігіп жұмыс істеуіміз қажет. Берік Әбдіғалиұлы «Қа­зақ миссиясы» деген бір альманах шы­ғарды. Осындай тәсілді диа­лог алаңы аясында жаңа форматта қолға алып, айтулы ғалымдар мен қалам­герлердің, қоғам қайраткерлерінің жаңашыл идеологияға сай жазылған дүние­лерін жариялап отырсақ деген ұсынысым бар.

 

Айдос Сарым,

Парламент Мәжілісінің депутаты