Есеп комитетінің Жоғарғы аудит палатасы болып қайта ауысуына қатысты кейбір мәселелерге ерекше тоқталғым келіп отыр. Себебі мен бір кездерде осы Есеп комитетінің басшысы болып жұмыс істегенмін. Сол кездерде сол комитеттің жұмысын жандандыруға тұсау болған көптеген мәселелер, соның ішінде, Конституцияда жазылған мәселелердің кедергі болғанын айта кеткім келеді.
Біріншіден, Қазақстан – унитарлы мемлекет. Соған қарамастан біз Конституцияға Есеп комитетінің атауын «Республикалық бюджеттің орындалуын бақылайтын Есеп комитеті» деп жаздық. Бұл жерде бірнеше шектеу тұр. Комитет тек қана республикалық бюджетті бақылау керек деген. Ал республикалық бюджет деген өте көп ақша, ол трансферт ретінде аймақтарға барады. Сәйкесінше, Есеп комитеті оны тексере алмайды.
Есеп комитеті туралы арнайы заң дайындауға да оның арнайы атауы тосқауыл болып отыр. Кез келген мемлекетте іштей бақылайтын орган және сырттай бақылау жүргізетін тәуелсіз институттар болады. Тәуелді, тәуелсіз деген ұғым билікке тәуелділіктен туындайды. Есеп комитеті атқарушы биліктен тәуелсіз болуы керек. Ал аудит палаталарының барлығы атқарушы биліктен тәуелсіз болуы қажет. Бізде осы уақытқа дейін осылардың аражігі заңда анық жазылмаған. Президенттің билігін біз атқарушы биліктен жоғары деп қараймыз ба, әлде, атқарушы биліктің жалғасы ма? Әлде, бөлек билік пе? Бізде Парламент қандай рөл атқарады? Халықтың атынан сөйлейтін заң қабылдайтын орган ба? Осы тұрғыдан алып қарасақ, Есеп комитетін Жоғарғы аудиторлық палата деп атын өзгерту осындай бұрынғы шектеулердің барлығын алып тастауға мүмкіндік береді. Конституцияға осындай жаңа атпен енетін болса, заң қабылдауға жол ашады. Жоғары қаржылық бақылау органы болса тәуелсіз орган болуы керек.
Тек осы институттың тиімді жұмысының арқасында ғана біз халықтың бірлігі мен мемлекеттің тұтастығын сақтап қалуға жол ашамыз. Себебі мемлекеттің өзі айналып келгенде мемлекеттің бюджетінен, соның нақты әрі тиімді пайдалануымен тығыз байланысты. Жаңа атаудың өзі бұл институттың жұмысын, құзыретін Қазақстанның бүкіл аумағында жүргізуге мүмкіндік ашады. Әсіресе Қазақстан секілді унитарлы мемлекетке бұл өте қажет орган.
Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері