Қазақстан • 17 Наурыз, 2022

Дихан Қамзабекұлы: Ұлттық идеологияны ұлттық мазмұны бар ғылымдар жасайды

1041 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Ұлттық мүдде» атауымен жаңа алаңның ашылуы және оның Сенаттың жанынан жұмыс істей бастауы бір жа­ғы­нан ойландырады. Екінші жағынан, үлкен жауапкершілікті үстемелей түседі. Біз білім саласында жастармен жұмыс істегеннен кейін келешек ұрпақ­тың мақсат-мүддесін білеміз.

Дихан Қамзабекұлы: Ұлттық идеологияны ұлттық мазмұны бар ғылымдар жасайды

Қазір қоғам тез жаңарып жатыр. Еліміз үшін тағы бір сын сағатының межесі келді. Мұны әлемнің, еліміздің, өңірдің көңіл ауанынан, іс-әрекетінен аңғарамыз. Қазір дәстүрлі саясаттанудың анықтама, ере­жесіне сәйкес келмейтін ұлы істер жү­ріп жатыр. Кешегі қаңтар оқиғасынан бәріміз де айналып өте алмаймыз. Бірақ ойлана қарап, Абай аманаттаған «Ашу – дұшпан, ақыл – достың» қадірін білгендейміз. Көп адам ел Президентінің кешегі Жолдауына дейін үлкен эмоциямен жүрді. Бірақ нақтылық, істің көзін табу, жүйелеу – осының барлығы біраз азаматтардың ой-санасын сергітті деп санаймын.

Осы күрделі шақта Президент Жол­да­уы қай жағынан болса да өте маңызды. Мемлекет басшысы айтқан азаматтық қоғам мен құзырлы органдар осылай ашық ынтымақтастық қалыптастыратын тәжірибе біздің елімізде берік орнауға тиіс. «Ұлттық мүдде» алаңы – осының бір айғағы.

Қазір ұлт, ұлыс, аймақ, өңір деген ұғымдардың өзі әртүрлі мағынада. Оқу құ­ралдарында да, баспасөзде де әр­түр­лі мағынада қолданылады. Бірақ біз әлемдік құндылықтарға сәйкес келуі­міз керек. Қазір ұлт деген ұғымды мемле­кет­тік деңгейге көтеріп, ұлыс деген та­маша сөзімізді «национальность» деген сөзге қимауымыз қажет. Себебі ертең Ұлыстың ұлы күні келе жатыр. Ал бұл мейрам тек басқа ұлттардың мейрамы емес, мемлекетіміздің мейрамы. Сондай-ақ «Регионоведение», яғни «Аймақтану» деген білім жүйесі бар. Кей жерлерде «регион» сөзін өңір деп қолданады. Осындай сәйкессіздіктер кездеседі. Мұны да айқындап алуымыз қажет.

Біз маман даярлауға атсалысып жүр­ген ортаданбыз. Қазіргі қоғамды маман тапшылығы, маман зәрулігі ойлантады. Ғалымдардың есептеуі бойынша, әрбір білікті деген адамның танитыны 73 адамның шамасында болады екен. Біз азаматтарды қалай танимыз? Қоғамда тәжірибесі бар, өзін көрсеткен, елде салмағы бар азаматтардың кепілдік беруімен маманды тану жұмысын жүр­гізуіміз қажет. Бізге белгілі азамат­тар­дың дипломы, белгілі бір универ­ситетті бітіргені немесе тесттен тамаша өткені өлшем болмауы керек. Істің барысында нені, қалай атқара алатыны өлшем болуы қажет.

Бәрі айналып ғылымға келіп тіре­ле­ді. Ал ғылымның өлшемі ұлттық мүдде болғандықтан міндетті түрде гуманитарлық ғылымның мәселесі айтылады. Негізгі ұлттық идеологиясын ұлттық мазмұны бар ғылымдар жасайды. Сондықтан да жалған есепке, белгілі бір өлшемдерге уақытымызды зая кетірмеуіміз керек. Нақты монографиялар, нақты жұмыстар, Қазақстанның қатпар-қатпар тарихының мәтіндерін кімдер даярлайды? Қазір мәселен, белгілі бір материалдарды шетелдік журналдарға шығару да өлшем болып кетті. Біз ғылымды кеше ғана бастаған жоқпыз. Ұлттық ғылым академиясы бар, оның дәстүрі бар. Осы дәстүрді одан әрі жалғастыруға не кедергі? Ғылыми ортада осындай мәселелер жиі көтеріледі.

Президент әділеттілік, сабақтастық пен өрлеу туралы нақты айтты. Әрине, 30 жылда елімізде біраз жұмыстар ат­қа­рылды. «Бір ел – бір мүдде» деген идеялар көтерілді. Бірақ осының бар­лы­ғы іске асты ма? Ұлттық мәсе­ленің те­­тіктерін балабақшадан мектеп­ке ойы­сатын тұстарын ескермей жүр­­міз. Бұл мәселеге үлкен ғұлама, қай­рат­кер­ле­­рі­мізден бастап қарапайым адамдар, ата-ана да ерекше мән беруі қажет. Мек­теп­тегі әртүрлі тілді, түрлі ұғымдағы бала ертең үлкен мәселелерді туындатады. Сондықтан «Бір ел – бір мүдде» ұс­та­­нымын әрі қарай тереңдетіп, ділі де, діні де бір ұлт ретінде бір бағытта жұмыс істеуіміз керек. Мемлекет пен ұлт параллель жүретін кезеңге өтті, сол межеге келдік. Отыз жыл деген мол тәжірибе, үлкен сабақ! Сондықтан да барлықтарыңызға береке-бірлік тілей отырып, осындай дөңгелек үстел алаң­да­рынан ілкімді ой алып қайтамыз деген сені­мімді білдіргім келеді.

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры,

филология ғылымдарының докторы: