Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында осы ұсыныстардың көбісі ұсынылған, пысықталған. Көптеген мемлекеттік аппарат тұрғысынан сұрақтар қойылып, қарсы пікірлер айтылған. Соның іріктелген, тұжырымдалған, пысықталған түйіні саяси құжат ретінде жарияланды.
Осы орайда үш мәселені айтқым келеді. Бірінші, 1205 жылы Йассы, Шыңғыс хан құжаты өмірге келді. 1215 жылы Ұлыбританияның «Ұлы еркіндік хартиясы» қабылданды. Бір қызығы екі құжат та бір мезгілде қабылданды. Ұлыбритания құжатында корольді шектеу мәселесі қойылған. Ал Президент Жолдауында өз өкілеттігін жеті бағыт бойынша қысқартып, Парламентке немесе мәслихаттарға беру жоғарыда айтып өткен екі әлемдік құқықтық құжаттың жақсы үйлесіп, Қазақстан қоғамына енгізу деп түсінеміз.
Екінші мәселе, жақында АҚШ Конгресі Ресейден мұнай сатып алуға эмбарго жариялады. Сонда Конгрестегі талқылау кезінде екі сенатордың пікірі ұнады. Олар Ресейге қарсы шектеу салғанда Қазақстан зардап шекпей ме деп алаңдады. Демек АҚШ конгрестері біздің мүддемізді қорғап, жандары ашып отыр. Осы орайда, Парламенттік тергеу функциясын болашақта пысықтап, енгізу керек.
Үшінші ұсыныс, біздің Бюджет кодексінде кеңейтілген үкіметтің шығыстары деген термин жоқ. Бұл күн тәртібіне қойылмаған, Үкімет мүлдем айтпайды. Экономика министрлігі мүлдем сөз қозғаған емес. Әлемде мынандай заңдылық бар. Үкіметтің кеңейтілген шығыстары 50 пайыздан асып кетсе, сол мемлекетте экономикалық өсім қарқыны 5 пайызға жетпейді екен. Біздің есептеуіміз бойынша 2020 жылдың қорытындысында мұндай шығындар ішкі жалпы өнімнің 62 пайызынан асып түсті. Ал Президенттің басты парадигмасы – кедейлікпен күресу. Экономикалық өсім – кедейлікпен күресудің ең үздік жолы. Бюджеттен ақша таратып беру арқылы ушығып тұрған мәселені шешуге болады. Бірақ ұзақ мерзімде тұрақтылықты сақтау үшін жоғарғы қарқынды экономикалық өсім керек.
Қайырбек АРЫСТАНБЕКОВ,
Экономикалық саясат институтының президенті