Әбекеңнің шығармашылығы, «ар ісіне» адалдығы, ханнан да, қарадан да қаймықпай пікірін ашық айтатын батылдығы, туған әдебиетін мойны озық әлем әдебиеті деңгейіне көтерудегі жанқиярлық еңбегі, данадай дарқан ақ көңілі, кейде кез келген нәрсеге сене қалатын баладай аңқаулығы, ал жазуға келгенде, әрбір қазақ сөзінің салмақ-дәрежесін таразыға салып, безбендеуге келгенде әлгі жайма шуақ мінездерді аяқ асты ұмытып, сұрланып, «суырылмайтын шегедей» қатып қалатын... Ә.Нұрпейісов жайлы кешегі «алыптар тобы» көрнекті өкілдерінің аузынан шыққан ыстық лебіздерін, замандастары, құрдастарындай әзілдесетін, еркелейтін бүгінгі жер басып аман жүрген үзеңгілес інілерінің қағазға түскен жазбаларын жинағанда неше том боларын кім білсін.
Яғни бәрі айтылды, бәрі жазылды. Десек те... ертең асыл ағамыздың қырық күндігі. Әр жылдардағы кездесулер, қимас сәттер осындайда сағыныштай еске түседі. Солардың бір парасын төкпей-шашпай сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Соңынан басына қарай жазылған дилогия
Арал қаласында, туған жерінде жазушыға арналған әдемі мұражай бар. Оны кезінде Қырымбек Елеуұлы Қызылорда облысында әкім болып тұрған кезінде салдырған-ды. Теңіз жағалауына алыс-жақыннан келгендердің алдымен маңдай тірейтін киелі «қағбасы». Ішке кірсеңіз, қаламгердің ұзақ ғұмырнамасынан толықтай мағлұмат аласыз. Жоқ, айтпағымыз бұл емес, қолсозым жердегі «Соңғы парыз» кейіпкерлеріне арнап қойылған түр-түсі бөлектеу, ерекше ескерткіш еріксіз көз тартады. Бір тылсым күш магнитше тапжылдырмай, олай-былай қозғалуға шамаңды келтірмей, біразға дейін ұстап тұрады. «... Мөлт етіп омырауға тамған екі түйір сол бойда мөлдіреп мұз моншаққа айналды. Бірақ оны әйел сезген де, білген де жоқ. Ерні жыбырлап: «Ұш, пақыр» деді; Берекесі кеткен дүниенің тағы бір қарлы қара дауылын басынан өткізіп, енді, әне, шығыстан қызарып атып келе жатқан жарық дүниенің жаршысындай ұйқысынан жаңа оянып жатқан адамдарға жет!» деді; «Желтоқсанның тағы бір қарлы қара дауылында бұлар бастан кешкен кешегі бар-бар шындықтың түгін қалдырмай, түгел айт!» деді. «Шырылда!» деді. «Дүниеде ештеңеге тұлға болмасаң да, бірақ сен аман бол!» деді. «Шырылда!» деді. – Шырылда! Шырылда, байғұс!»
Шығарма осылай аяқталады. Бәкизат адам төзгісіз талай азапты бастап кешіп, жаңа ғана демі үзілген күйеуі Жәдігердің суықтан паналап кеудесіне тығылған бір шұқым торғайды өлтірмей, шығыстан атып келе жатқан таң нұрына үсік шалған жүзін бұрып, болашақтан үміт үзбей аспанға ұшырып жібереді. Осы аккорд, осы көрініс қапелімде қалайша тас мүсінге айналып, қалайша көз алдыңда тұра қалады десеңші?! Бұл тұрғыдағы мүсіншінің шеберлігіне шек жоқ. (Сәулетші К.Байғазиев). Осы тарауды өз басым бәлкім, жүз мәрте оқыған шығармын. Қағаздан жатырқап, қолың жүрмей қалған шақта демеп жіберетін тосын күш. Қалай ойластырылған және жан тебірентерлік толғаныстың әсері қандай! Әдебиеттегі әдіс-тәсілдерді шемішкеше шағатын әлемдік масштабтағы сөз зергерлері осы шешім қалай табылған деп, әлі күнге дейін таңданыстарын жасырмайды.
– Соңғы тарау алдымен жазылды, – дейді Әбекең. Әрине, оның да мың-сан рет шимайланғандығын ішіміз сезеді. Жазушыны аздап шаршатқан – дилогияның атауы. «Сең», «Соңғы парыз», «И был день...», «И была ночь...» – Көпке дейін «И»-дің иінін келтіре алмадым. «Бір күн...», «Бір түн...» Тым шолақ. Жүрекке түспейді. Жақын жүрген жігіттерге ойланыңдаршы деп қолқа салдым. Бір күні айналайын Әбіш телефон шалды. «Шал, жазып ал: «Осындай да күн болған...», «Осындай да түн болған...» Көңіліме бірден қона кетті. Айналайын Әбіш тапқыр ғой, тапқыр!.. Давид Кугультинов: «Соңғы тараудың әсерінен бір жеті ұйықтай алмай жүрдім», деді. Өтірік айтса өзіне.
Қайдан өтірік айтсын. Қаламгерді әбден «азапқа салған» және алдымен қағазға түскен соңғы тарау қайтіп оңай оқылсын.
«Проблемалық мақала жаз...»
«... Еламан мен Жәдігер бір-бірімен үндесіп жатады. Олардың бойына қазақтың көнтерілігі, туған жеріне сүйіспеншілігі, перзенттік парызға адалдығы – адамның бойында соңғы демі таусылғанға дейін болуға тиісті қасиеттер сіңірілген. Мен өзімнің туған Аралымның трагедиясына қарсы тұруға қауқарсызбын...» Сахнадан, не әлдебір мінбелерден бой көрсете бермейтін Нұрпейісов бұл сөздерді қайда, қашан айтты дейсіз ғой. «Қан мен тер», «Соңғы парыз» ана жылы меценат Исламбек Салжановтың «Алтын қыран» қоры арқылы ағылшын тілінде Америкада басылып шықты ғой. Сонда оқырмандармен кездесу болған-ды. Мұны айтып отырған Америкада Әбекеңмен бірге жүрген орыс әдебиетінің белгілі зерттеушісі және жазушы жайлы «Небо в чашечке цветка» атты кітап жазған Николай Анастасьев. Сұхбат алған Сауытбек Абдрахманов.
«Арал трагедиясына қарсы тұруға қауқарсыз» кісі реті келіп кездесе қалғанда сұрайтыны, тек теңіздің қазіргі ахуалы. Ұлы теңіздің әлдеқашан келмеске кеткені белгілі. Ендігі көңілге үміт ұялататын жалғыз алданыш – Кіші Арал. Сырдарияның өзімізге тиесілі суын үнемдеп, Көкарал бөгетін тұрғызып, баяғы теңіз ұлтанын толтыруға тырысқанбыз. Жағалаудағы ел азды-көпті несібесін Кіші теңізден айыра бастады. Жасанды теңіздің бір шалғайы Арал қаласына жетпесе де, құм суырған өңірдің ептеп өңі кіріп қалды... Аралға барған соңғы сапарымнан ойға түйгендерімді жазушының алдына бүкпесіз жайып салдым. Алақандай теңіз қойнауындағы болмашы балықты ашкөздікпен жабыла аулау, шектен тыс балық өңдейтін зауыттар салу, балықты арзан бағасына алып, оны үлкен қалалардың базарларына апарып, қымбатқа сататын саудагерлердің жан-жақтан қаптап кеткендігін, оларға заң жүзінде бақылау жасалмайтындығын, бүйте берсек түбі Кіші теңізден де айырылып қалу қаупі барын жасырмай айттым. Бір жағынан ауруханада жатқан кісінің мазасын алдым-ау деп те қипақтап қоямын. Жазушы ұзақ ойланып қалды.
– Өзім байқаған кемшіліктер туралы «У мен уылдырық» дейтін повесть жаздым, ол «Жұлдыз»-да жарияланды, – дедім қарап отырмай.
– Не?! – Қоңыр дауыс арғы жақтан ащы қоңыраудай естілді. Шегір көз өңменіме найзадай қадалды: – Не, не деп отырсың өзің?! Осы күнгі жұрт сенің повесіңді қайтсін, оқымайды. Біраз жайды аңғарған екенсің. Повесть жаздым деген не сөз?! Сен одан да көп созбай, осылар туралы проблемалық мақала жаз. Ешкімді аяма. Жазып болған соң маған көрсет. Қайда бастыруды өзім айтамын.
Аурухананың жағдайы белгілі. Медбикелер кіріп-шығып, бірі дәрі беріп, бірі дене қызуын өлшеп әуре.
– Сен осы Бөгенненсің ғой, – деді сәлден соң.
– Иә.
– Бөгеннің жағдайы қалай? Ел орнында отыр ма? Баяғы трест бар ма? Бөгеннің құмға піскен, селитра қосылмаған дәу қарбыздарынан дәм татқам баяғыда. Алпысыншы жылдардың басында ғой деймін, қасымда Тахауи бар, екеуміз Құландығы пароходпен Бөген арқылы баратын болдық.
Сол пароходпен сіздерді Құландыға жеткізген біздің әкей болатын...
– Оныңды баяғыдан бері неге айтпадың? Сен де бір...
Жарты бетке қор болған қайран уақыт
Аурухана – жазушының «екінші үйі». Ешкімге сенбей өз денсаулығына мұқият қарайтын аға жылдың қай мезгілінде болмасын, не Алматыдағы, не елордадағы ауруханалардың біріне барып, тым-тырыс жатып алады. Әлде жұрт мазаламайтын шығармашылық мүмкіндікті осы жерден таба ма, қайдам. «Тым-тырыс жатып алу» қайда, қашан барсаң да жаңа босанған келіншектей аурухана көрпесін беліне орап, сүлгімен басын таңып алып, әлдебір қолжазбаны шиедей қылып, қырнап-сүрнеп, кейбір тұстарын қайта жазып, ала қағазбен алысқан сәтінің үстінен түсесің. Шын беріліп кеткенде сенің «тез жет»-пен қос өкпеңді қолыңа алып, ентігіп келгендігіңді елемейді. Ондай да есік сыртында тұра тұрғың келеді.
Со жолы Әбекең бізді аса бір ерекше көңілмен қарсы алды. Төлен аға (Әбдік) екеуміздің алдын ала келіскендей, бір уақытта бара қалмасымыз бар ма! Басты бұйымтай – анау айтқандай денсаулығына жәрдеміміз тимесе де ауруханада жатқан кісімен аз-кем әңгімелесіп, жағдайын сұрау; айтатын тапсырмасы болса қолдан келгенше орайын тауып мінсіз орындау. Жалпы, Әбекең кімнің қандай шаруаға икемі барын бәрімізден жақсы біледі. Сыртымыздан бақылап жүреді. Кімге не тапсыратыны өзіне ғана аян.
Үйден ала келген келіндерінің «сәлемдемелерінен» таңдап-таңдап ауыз тиді. Әңгіме айтатын екі ағам, мен – тыңдаушы. Талай сырдың түйіні шешілді, әдебиетке қатысты, аудармаға қатысты, жалпы елдің, халықтың жағдайы туралы «ашық дискуссия» шарықтау шыңына көтерілді. «Ән айтайықшы», деді Әбекең бірде. Сөйтті де еш қолқалаусыз ел айтып жүрген халық әндерінің бір-екеуін «мінсіз» орындады. Мұндай кереметке куәгер болып тұрғаным осы. Тек бір өкініш әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Қалтама диктафон сала барып, байқатпай бәрін жазып алсамшы. Эх, осындай әбжілдікті қашан үйренер екенбіз.
– Әбеке, – деді Төлен ағам күн екіндіге ауған шақта. – Біраз отырдық, сіздің әніңізді тыңдап, бір жасап қалдық. Тірі адамның тірлігі түгесіле ме, шаруа бар дегендей... Балам сыртта мәшинемен күтіп отыр.
– Ту...у, Қажығали екеуің-ақ от ала келгендей, асығасыңдар да жүресіңдер.
Тағы да бірер сағат артта қалды. Төкең кетуге ыңғайланды: – Жалғыз емессіз, қасыңызда Қуаныш бар.
Аурухананың дәлізіне шығып та арлы-берлі біраз жүрдік. Күн батты. Менің тілім байлаулы.
– Тек екеуміздің арамызда болатын бір жағдай, мұны тісіңнен шығарма. Жаңа жыл жақындап қалды білем. Біреулер менің Ақордаға құттықтау жазып жібергенімді жақсы көреді. Өзің білесің, ондайға менің құлқым жоқ – бір, екінші – қалам мүлде жүрмейді. Сен мені де бір жұмсарсың. Осы пәледен құтқар. Жарты бет, одан асырма. Келіннің шайына қанып алған соң, түнімен отырып жаз да, ертең алып кел. Тағы айтамын, жарты бет, одан асырма...
Ұрланып Әбекеңнің жүзіне қараймын. Қоспасыз шын пейілімен айтып тұр. Мә, безгелдек! Ақордаға, Нұрекеңнің тура өзіне. Денем дірілдей бастағаннан сау ма. «Жазған құлда шаршау бар ма!» Түнімен сол бар болғыр жарты беттің бес-алты нұсқасын жасаған шығармын. Екі оттың ортасында қалғаным анық. Сол жарты беттің басында тұрғанның да, аяғындағының да аты-жөндерінен ат үркеді. Өзімше барымды салып бақтым.
Ертеңінде алып-ұшып Әбекеңе жетейін: – Ал оқы, асықпай оқы.
Екі-үш мәрте асықпай оқыдым. – Кәне, өзіме берші. – Торкөз дәптердің бір парағына қолмен жазылған жарты бетке біраз қарап тұрды да ортасынан қақ бөліп, қоқыс жәшігіне тастай салды.
Ізінше Төлен ағам хабарласты: – Әбекеңнің қасында кеше қай уақытқа дейін болдың?
– Түнгі бірге таман үйге әзер жеттім. – Төкең күлді. Бәлкім, бас шайқаған да болар.
Бельгиядан келген хат
Елордадағы нейрохирургия орталығы. Аурухананың күнбатыс бетіндегі шағын палата құдды Әбекеңнің көшпелі «қабылдау бөлмесі» секілді. Қолы қаламнан қалт еткенде белгілі қоғам қайраткерлері мен бизнесмендерді бірінен соң бірін қабылдап жатады. Соның арасында үйреншікті ем-домын да алып үлгереді. Тыным жоқ. Бір келгенде: – Мидың қан тамырларын түгелге жуық аппаратқа салып тексерттім. Алжудан, ұмытшақтықтан аман екенбіз әзірге...
Тоқсаннан асқан қаламгердің өмір сүруге деген құлшынысы сұмдық. Жан-жақтан телефон соғатындардың көбісімен емен-жарқын сөйлеседі. Олардың кімдер екендігін де әңгіме ауанынан аңғарасың. Әбекең ұзаққа созылған мағыналы да мазмұнды ғұмырында қазақтың талай жақсы, жайсаңдарымен дәм-тұздас, дастарқандас болды, тонның ішкі бауындай жақын араласты. Төрегелді Шарманов, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев... солардың ішінде. Қаламдас, үзеңгілес інілері: Әбіш, Әнес, Төлен, Қажығали, Бексұлтан, Дулат, Нұрлан, Молдахмет, Смағұлдармен ара-тұра кездесіп, пікірлескенді ұнататын. Ағамыз кез келген адамды іздемейді, керек екен өзі іздеп табады. Ал бір жерден біреудің бірдемесін оқыса, тіпті бір-екі сөйлемі ұнаса да (әрине, мұндай жағдай сирек), оны ретін тауып түртіп қояды. Оның шет-жағасын «Таң-Шолпанда» бірге жұмыс істегенде көрдік. Берік ұстанымы: «Менің көңіліме қарамаңдар. Жауым болса да шығармасы жақсы екен, дереу журналға жариялаңдар».
...Телефон зың-зың: – Маған Дарханның нөмірін тауып берші.
– Ол блокнотыңызда көрнекі цифрлармен жазулы ғой.
– Таптым. Өзің қашан келесің?
– ?
– Тап қазір келші!..
«Не шаруа?» Қайта сұрауға үлгермейсің. Баяғы құлақ үйренген «тез жет!». Аурухананың Әбекеңнің палатасына жеткенге дейінгі есіктерінің бәрі «ашық». Медбикелердің көздері үйренгені сонша, «қайда, кімге барасың?» демейді. «Ана жолғы қырық беттік эссені қайта оқымаса нетті...»
– Келдің бе, не әкелдің? – Мұнысы жағдайым жақсы дегенінің белгісі. Жүзі жылы. Сырт киімімді шешпестен, тікемнен тік тұрмын.
– Жақында Бельгиядан Жорж Буйоннан хат алдым. Жорж Буйоннан хабарың бар ма? Бельгияның белгілі қоғам қайраткері, ақын, жазушы. Ана жылы Қазақстанға келген. «Мен Қазақстанның көкжиегінен таң көрдім» деген кітабы бар. Білесің ғой, Луи Арогоннан бастап, Жан Монтальбетти, Август Видаль, Андре Стиль, Альбер Фишлер, Мұстай Кәрім, Шыңғыс Айтматов... мен туралы бәрі жазды. Оқыған боларсың?
– Кітапта бар.
– Солардың ішінен мына хат маған ерекше ұнайды. Біраз жігіттерге оқып бердім. Сені де біле жүрсін дегенім ғой. Тыңда: «Біз, мына Батыс оқырмандары, француз тіліне аударылған нағыз қазақ қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Әбдіжәміл Нұрпейісовті мысалға келтіре аламыз. Әуезов жайлы айтқанбыз, енді Нұрпейісовті атап өткім келеді. Иә, Қазақстан мақтана беруіне болады. Революция шапағымен бірге азаттық пен әділеттік жолында өз халқының қасіреті мен ұлылығын паш еткен нағыз жауһар – шедеврлер бере білген жазушыларымен мақтана беруіне болады. Осының бәрі бір буын ұрпақ жазушыларының маңдайына жазылыпты».
– Қалай?
– Тамаша!
– Қазақшаға аударылған нұсқасы. Орысшасы мұнан да мықты.
Со тұрғанда Гер-ағаңның, Герольд Бельгердің сәл әзіл аралас мына сөзі ойға оралды: «Ағаларың мақтанудың да жымын білдірмейді. Сендер оны байқамайсыңдар...» Иә, мақтанса несі бар, мақтануға тұратын-ақ оқиға.
– Қазір дәрігерім келеді, массаж жасайды. Сен шаруаңа бара бер.
Сыртқа шыққан соң аң-таң күйдемін. Не болды? Орталықтан такси жалдап, ебіл-дебіл жеткен еңбегім-ай! «Әбекең әдебиет үшін кісі өлтіреді!..» Күлесің бе, жылайсың ба?
Қуаныш ЖИЕНБАЙ