Әдебиет • 18 Наурыз, 2022

Құдайбергеннің «Желдірмесі»

1802 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Құдайберген ұмытылған үлкен дарын.
Кеңес өкіметі орнағанда ол әлі зар күйінде болатын. Бірақ дүниені қырып-жойып, қирата келген усойқы қоғамның тәртібіне илігуі қиямет боп, ол оны қабылдамады, оған мойынсұнбады. Оның бұл мәрттігін Иса ақынның қызы Махфуза Байзақованың «Шалқар шабыт» атты кітабының бір тұсындағы: «Жерлес екі ақын бірін-бірі қадір тұтты. Иса Құдайберген Әлсейітовтің дарқан мінезін, табиғат берген керемет талантын қатты сыйлады. Екеуі кездесе қалса болды, жас ақын (Исаны айтып отыр. – И.Ж.) өзімен тағдырлас ағасына (Құдайбергенді айтып отыр. – И.Ж.) халық өмірінде өнердің ендігі рөлі қалай болуы керектігін түсіндіруге тырысып бақты. Амал не, Құдайберген өзінің ескі түсінігінен айнымады», – деген сөзден көреміз. (М.Байзақова. «Порыв вдохновенный». Өнер. 1987. 55- бет).

Құдайбергеннің «Желдірмесі»

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бір кезде:

Өлеңді жатып та айтам,

тұрып та айтам,

Бір бақай, бір шынтақпен

жүріп те айтам,

– дейтін Құдайберген бұл!

Бейкүнә қазақ даласын:

Кел, қазақ кедейі,

Ұйымдас жалшымен.

Байларды, молданы,

Қойдай қу қамшымен!

деп алатайдай бүлдіріп келген Кеңес өкіметінің сұрқынан шошыды Құ­дай­берген.

Сол бір жиырмасыншы жылдарда замана ағымынан көңілі қалып, алда не боларына көзі жетпей дағдарған ақын өзін өзі сындыра алмай іштей тынады. Күні кеше ғана сайын далада арда емген асау тайдай бұлғақтап жыр төгіп, ән әуелететін Құдайбергеннің өмірге, ештеңеге зауқы жоқ. Ол өзін ардақтап, дәйім сағынып отыратын әлеуметтің ортасына түскеннің өзінде.

Өлеңім өзен судың аяғындай,

Байлардың нуға айдаған саяғындай.

Өлеңді көптен бері айтпаған соң,

Келмейді дауыс шіркін баяғыдай,

– деп салғырт қана үн қатады.

Бұл кез Исаның Құдайберген «Желдір­месіне» құлай беріліп, ден қойған кезі. Оның Құдас, Төбет деп аталатын елде өткір сөзді Сағит ақынды жұмбақ айтыс­та жеңгені ду-ду сөз боп жатқан кезі. Бұл Исаның тұңғыш айтысуы еді. Исаға қайран қалған Құдайберген де айтысады. Жеңіледі. Екінші рет айтысады. Тағы жеңіледі. Бұл екі айтыс сақталған жоқ. Ел ішінде оның дақпырты ғана қалды. Ал соңғы – үшінші айтысы жөнінде Исаның естелігі жазушы Сапарғали Бегалиннің «Сахара сандуғаштары» атты кітабына кірген. Онда: «1920 жылдың қысы. Ел ішіне уәкілдер келді. Павлодардан келген қызметкерлер мені шақыртып алып, ертіп жүреді. Құдас деген елдің ішіндегі Бердалы Жылқыбаев дегеннің үйінде Құдайбергенмен айтыстым. Бұл айтыста да мен оны тоқтаттым. Құдайбергеннің дауысы қырылдап барып, біраз қызғаннан кейін ашылады екен.

Сұрасаң өз атымды Құдайберген,

Халқыма айтқан сөзім ұнай берген,

– деп бастап, шалқып кететін ақын екен. Бірақ мен ел аңғарынан бір жолды дау айттым, сонан бөгелді», – деп жазылған. (С.Бегалин. «Сахара сандуғаштары». «Қазақстан». 1976. 90- бет).

Құдайбергендей тасқын ақынның шартарапқа шалқитын үні сол жиырмасыншы жылдарда-ақ тамұқ дүниесіне жұтылып бара жатқандай көрінер – көзге бәсеңдеп, алыстап жоғала берген.

Шама, Нүркей, Жарылғапберлі, Аға­шаяқ, Қанпия, Иманжүсіп, Сары, Әкім­герей, Молдабай, Аманғали, Ажар, Балым, Қайып… бәр – бәрі бірде-екілі әндерімен қазақ әніне ерекше бір көрік берген жоқ па? Құдайберген де осы жайнаған әншілер галереясының төрінде бір ғана «Желдірмесімен» жарқырап тұр!

Әндеріміздің бір шырайлы үлгісі, әншіліктің оқшау мәнері – «Желдірме» атаулының нағыз классикалық бітім түзіп, еркін шалқыған шағы осы Құдай­бергеннің жойқын үнінен басталады. «Желдімелердің» дені желдіртіп, желпінтіп, шабыт экстазына шалқыта шығарып отырып, ақынның не әншінің белгілі бір орайлы, ұрымтал сәтте өзін тыңдаған ортаға мезгіл, өмір, ағым, оған өзінің қатысы, көзқарасын білдіруі, өзінің парқын, әнінің әсерін, күшін көрсету, үнінің, домбырасының қадірін арттыруы… өзіне ықылас қойған жиынды, әлеуметті ардақтауы, ел көңілін көтеруі»… қас-қағымда заулаған «Желдірме» жай ғана қарапайым сөзге қанат бітіреді, оның поэтикалық бояуының бір ажарлы, әсем сырын ашады. Күйіп – жанған әнші өзіне қадалған көздерге қызығады, жұртпен тілдеседі: ойға, қырға шарықтаған ойы жастығын, мастығын, махаббатын… айлы түндер ләззатын… адамға ойын-күлкісіз не өмір барын сездіріп, уһілетіп, аһ дегізіп өтеді. Терме, толғаулардағы ойлы-күйлі, не лирикалы толғаныс лебі «Желдірмеде» жарқ еткен ұшқын секілді тіл байлап тастайды. О бастан әнші біт­кен шырқар алдында өз еркін домбырасына береді, домбырасына сенеді, дом­­бырасына сүйенеді, сыйынады. Естай­­дың: «Әншінің домбырасы – қол­ға­наты», – деуі де содан. Домбыра – «Жел­дірменің» қуаты, ол оны алапат күш­пен қозғайды, жүгіртеді, желпиді кеу-кеулеп, қыздырмалап, аласұртып ала жөне­леді. Өз домбырасына ие бола алмай алабұртқан Құдайберген құйқылжыта төгіп-төгіп келіп, тағы бір түйдек-түйдек сөздерді тастап-тастап жіберейін деп қайырманың тамылжыған бір сәтінде кілт тоқтап:

Осындай бозбала,

Қызыл тілім жорғала.

Дәл жиырма бес жасымда,

Қыз – келіншек қасымда.

Итің жатыр абалап,

Он саусағым сабалап…

Жат, домбырам, сен солай,

Мен алайын бір қалап!

– деп домбырасымен «сөйлеседі».

1963 жылы Алматыға келіп, қазақ радиосының концерттік сту­­диясында ән жаздырған әйгілі әнші Бай­ғабыл Жылқыбаев: «Ертіс өрлеп, Есілді жағалап ән салған кереметтердің бі­ра­зын көрдік. Соңына ердік, сарқытын іш­тік. Өнерін мақсұт еттік. Көп әнді Естай, Майралардан алдық. Солардың ішін­де Құдайбергеннің «Желдірмесіне» не жетеді, шіркін! Жарықтық домбыраға ойы­на не келсе, соны істеуші еді. Бебеу қақ­қан домбыраның бір сәтте алдында үнсіз жатқанын көресің. Ал «Желдірмесі» тоқ­таусыз ағыла береді. Іле домбырасын қалай ала қойғанына да көз ілеспейді», – деген-ді.

Ол кездерде Құдайбергеннен сыбыс та болмайтын. Тек «Исаның «Жел­дір­мелері» Құдайбергендікі ғой» дейтін, ызың-ызың сөздер айтылып қала­тын. Оның сырын білетіндер де, білмей­тін­дер де күрілдесіп жүретін. Ауыз әде­бие­­­тін зерттеуші фольклористердің ең­бек­­терінде Құдайберген атаусыз қала береді. Найзағайдай жарқылдап өткен есіл ақын қалайша өшеді… Қалайша? Олай болуы мүмкін бе?

Академик Ахмет Жұбановтың «Зама­на бұлбұлдары» атты кітабында Құдай­берген жайында аз ғана дерек назарға ілігеді. Ол: «Ақындық пен әншіліктің басын қосқан, кезінде думанның өзі болған адамның бірі – Құдайберген Әлсейітов. Ол Павлодар облысы Ертіс ауданында 1884 жылы туған. Аз уақыт Новосібір облысы Тагарка ауданында Қимади молданың Қараобадағы медресесінде оқиды. Сабақты өлеңге жеңдіруі, дін оқуына қыры жоқтығы себебінен медреседен қуылады. Оған:

Баласы Әлсейіттің Құдайберген,

Халыққа айтқан сөзім ұнай берген.

Әкесі баласына «қой» десе де,

Көңілім бұл өлеңге құлай берген,

– деген шумағы дәлел бола алады. Әкесінің «өлеңді қой» дегенін Құдайберген еле­мей­ді. Ақмола, Көкшетау, Семей, Омбы, Новосібір облыстарын домбырасын арқалап жүріп аралап кетеді. Жасы жиыр­маға келгенде Құдайберген Хадиша қыз­­бен айтысады. Үкілі Ыбыраймен кездеседі.

Атандым Құдайберген бала жастан,

Өнерпаз он бесімде болдым асқан.

Өлеңнің жал – құйрығын

мықтап байлап,

Ұстадым төрт аяқтап,

құтқармастан,

– дейді бір сөзінде.

Өлеңді жақсы көргенін, өлең десе тұра алмайтынын:  

Мінгенім дәйім менің Шабанкерім,

Күнде той, күнде думан жүрген жерім.

Мен өзім топты көрсем

тұра алмаймын,

Түседі өлең десе жын мен перім.

Өлеңді жатып айтам, тұрып та айтам,

Жігіттік салтанаты құрып

та айтам.

Пар жеккен пряжкенің атындай- ақ,

Мойнымды бір жағына

бұрып та айтам,

– деп, өзінің өлең айтқанда, ән салғанда жүз құбылатынын суреттейді. Ал Құдай­бергеннің бірнеше әні Қазақ ССР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бар. Онда кейін Исаның желдірмесі боп атанып кетен «Желдірме» бар.

Рас, Ахмет Жұбанов Құдайберген мен Исаның «Желдірмелерінің» негізін, бастауын, шыққан қайнарын бір дейді. Қисынды уәж. Исаның «Желдірмелері» Құдайбергеннің «Желдірмесі» дейтін жел сөз осы пікірден тараған. Рас, екі «Желдірменің» болмысын білген жан­ның өзі де екеуінде табиғи бір жақын­дықтың лебін сезеді. Ұқсас-ау дейді. Ол ұқсастықтың сырт нобайы ғана. Бұл жерде теоретиктердің талдауы дәлме-дәл шығады. Амал не, қадірлі Ақаң қазақтың ұшы-қиыры жоқ музыкасын зерттеуде жалғыз өзі мехнат шекті, ол еңбегінің рахатынан гөрі азабын көрді, кейбір әндер жөнінде ағат кеткен пайымдаулары болды, оны ол кісі дер кезінде өз қолымен жөндей алмады, уақыты, өмірі жетпеді. Қазір көзі тірі болса, бүгін, міне, «Құдайбергеннің» «Желдірмесі» деп тауып, ұсынып, Жаналы Қалиевтай көне көз есті әншіден тыңдасақ, о, онда, сөз жоқ, «е, екеуі, екі «Желдірме» екен ғой деп өзінің бір жақты пікірін түзетер еді. Сонда ән зерттеу ғылымына пайдасы жоқ, еш негізсіз, жадағай сөздер, жалған ла­қап­тар да сап тыйылар еді. Енді солай болатын да шығар. Оған зор кепіл – Құдай­берген «Желдірмесінің» табылуы болып отыр.

Сол баяғы Байғабыл әншіден естіген Құдайберген әнші санама мықтап ұялаған еді. Ән зерттеу ісімде оны әсте ұмытқан жоқпын. Ертіс өңірінің әншілерін білетін Сапарғали Бегалин, Суат Әбусейітов Құдайберген жайында үзік-үзік қария сөздерін оқыс айтып қалып жүрді. Бірақ оның «Желдірмесінің» не екеніне көз жеткізе алмай дағдаратын едім. Кейін мына бір жай ойландыра беретін болды. Көкшетаудың түбінде Красный Яр селосы бар. Осы селода Әміржан деген ойы көрікті, көп өмірді бастан кешкен, көп игі жақсының алдын көрген… өзі күні кеше совхоз директоры болып ұзақ жыл істеп, ел басқарған… Социалистік Еңбек Ері, зиялы қарт бар деп естідім. Дәл 1988 жылы қараша айының жиырма төрті күні осы Әміржан ақсақалдан Үкілі Ыбырайдың көп хикаясын жазып алдым. Сонда Әміржан ақсақал: «Мен Үкілі Ыбырайды 1929 жылы Сасықкөл жайлауында кездестірдім. Ол жерге мен Қызыл отау мұғалімі боп барған едім. Қылшылдаған жаспын. Ән десе, әнші десе елігіп жүрген кезіміз. Сол бір күндерде Үкілі Ыбырайдан қыруар ән тың­дадым. Ондай байтақ үнді көрген жоқпын. Әр ән айтылып біткенде ентігіп: «Әй, дүние-ай!» деп күрсініп қояды. Соған таңғалдым. Бақсам, 1921 жылдан бастап қуғындалып, тергеуден тергеуге түсіп жүрген шарасыз кезі екен ғой. Сондағы бір ерсілі-қарсылы шайқақтап ағылтқан әні Біржан салдың «Он саусақ» әні еді. Әнге қызығып: «Ыбеке, осы әнді өзіңізден басқа кім жақсы айтады?» – дедім. «Көкше әншілерінің бәрі басқа­ша айтады… Ал…ал… ана бір жылы Көлдейде мешіт тойында Ертіс жағынан сыпылдаған бір сері жігіт келді. Есімі – Құдайберген. Таныстық. Кейін ол біздің елде серілік құрып, көп жүріп алды. Ол менен «Он саусақты» үйреніп, әні-міні дегенше төгілтіп-ақ жіберді, келісті-ақ шырқады», –  деді, – деп тосын сыр айтты.

Ахмет Жұбанов жазғандай, Үкілі Ыбы­рай мен Құдайберген осылайша кез­дес­кен. Бұл жерде «Он саусақтың» бір кіл­типаны бар. «Он саусаққа» да сәуле тү­сі­­ріп көрелік. Ол бізді қайда меңзер екен?

1981-1982 жылдары Көкшетауда қыс, көктем айларында Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ өмір­­ле­рін зерттеп жүрдім. Бұларға қоса Те­мір­­­бек, Бәтжан, Сұлтанмұрат, Нұра­лы, Сұра­ған есімді айтулы әншілер қоса қа­бат дәптеріме түсе бастады. Сол кез­дер­­де бір жолы, иә, 1982 жылдың кө­кек айы­ның соңғы күндері Айыртау ауданы­на қарасты Карасев совхозының «Бірлестік» бөлімшесінде өте құштар сезімді, дуылдаған кесек мінезді Ба­мұжан Ғабдуллин ақсақалдан Біржан салдың «Он саусағын» жаздық. Менің қасымда ол кезде қазақ радиосы музыка редакциясының жас редакторы, бүгінде сол редакцияның бас редакторы Серғазы Тұрсынбаев бар еді. «Он саусақ» орындалып жатқанда Серғазы маған: «Мұқан Төле­баевтың «Коммунизм оттары» атты пате­тикалы кантатасын еске түсіретін ән екен», – деді. Серғазы кәсіби музы­кант, бір ұқсастықты анық сезді. Ал Мұқан Төлебаев өзі кантатаға Иса « Жел­дірмесін» арқау етіп алған-ды. Қы­зық. Біржан сал мен Иса бір-біріне қа­лай жақын келеді? Иса да Құдайберген сияқ­ты Үкілі Ыбырайды көрген, өз аузынан «Гәккуін» үйренген. Сол Көкшеде жүріп, «Он саусақты» тыңдауы да, айтуы да мүм­кін бе? Әлбетте. Осылайша долбар жасаған­мен, сол күндерде Құдайбергеннің «Он саусақты» айтуы қаперімізге келген жоқ.

Құдайберген де, Иса да өз «Желдірме­лерімен» осы «Он саусаққа» байланып, ілік-шатыс болып, матасып, бір-біріне ұқсайды кеп.

Енді «Он саусақтың» басталуын көрелік…

Домбыра күйге келер бұрауменен,

Келіспес сөз жүйесі құрауменен...

Қайырмасы:

Ал он саусағым, бір баспай,

Жүрмін қалай жер баспай.

Жиын, тойдың ішінде,

Ән салушы ем осылай!…

Бұл – нағыз «Желдірменің» бастауы, құйғыта, құйындата төгуі, жайылып, жазық дала боп көсіле шалқуы «Жел­дірменің» дәл өз табиғаты.

Сөздері әрі қарай:

Келгенде сөз жүйесі іркілмеймін,

Жорғадай жолға салған бүлкілдеймін…

– деп Біржан сал өз құдіретін ардақтап әкете береді.

Міне …міне, Исаға «Желдірменің» нұрын құйған Құдайбергеннің татқан нәрі – «Он саусақ» әнінің желдірмелік лебінде жатыр.

Жә, «Он саусақтың» жалынын суытып алмай отырып, сол жалын лебі шарпыды-ай деуге қисын келетін Құдайбергеннің «Желдірмесін» алға тартайық:

Ал десе, жөнелейін домбыра алып,

Тыңдасаң көп әлеумет құлақ салып.

Саяхат сайраңдаған бұлбұл құстай,

Өнерге құмарланған мен бір ғарып.

Әкуда, шіркін,

Тыңдасаң көп әлеумет құлақ салып.

Саяхат сайраңдаған бұлбұл құстай,

Өнерге құмарланған мен бір ғарып.

Осындайда бозбала,

Қызыл тілім жорғала.

Дәл жиырма бес жасымда,

Итің жатыр абалап,

Он саусағым сабалап.

Жат, домбырам, сен солай,

Мен айтайын бір қалап.

Әкуда шіркін

Ойымда күлкім-ай!

Әгу-га-гай, хала-ләкім- ай, ау,

Тілім бір сайра-ау!…

Болады ойын – күлкім осындайда,

Ой-ей, ой-ей, ой-ой-ей-ай!

Өлеңді жатып та айтам,

тұрып та айтам,

Бір бақай, бір шынтақпен

жүріп те айтам.

Байлардың шетке жеккен

пряжке атындай,

Мойнымды бір жағыма

бұрып та айтам.

Қайырмасы.

Жөн сөздің біз де болдық дәрігері,

Қызыл тіл желпіне жел әрі-бері.

Ат емес, атан емес қалағаның,

Маңдайдың азар болса шығар тері.

Қайырмасы.

Домбыра дырылдамай жатшы былай,

Сен емес, өнер берген – патша құдай.

Алдыма сөйлер манап келгеннен соң,

Қылайын құрметіңді енді осылай.

Қайырмасы.

Баласы Әлсейіттің Құдайберген,

Халқыма айтқан сөзім ұнай берген.

Баулының тоқсан екі тотысы бар,

Жүлде алған бұлбұл едім талай

жерден.

Біржан сал: «Домбыра күйге келер бұрауменен», – десе, Құдайберген: «Ал десе, жөнелейін домбыра алып», – деп дүбірлете, тасырлата, жөңкілте сілтейді. Осы керемет үлгіні Иса да:

Ал, алқа, келді кезің жайнайтұғын,

Бұлбұлдай бақшадағы сайрайтұғын.

Өнердің қиясына шыққан сайын,

Болаттай тастан табан

таймайтұғын.

Жөнелмедім желдірмемен

желдей есіп,

Қырандай аспандағы талмайтұғын,

деп Біржан салдың, Құдайбергеннің экспресс екпінін еш бәсендетпей, бөгемей, іркілмей ағындата дікілдетіп, адам бойы­на сыя бермейтін ғаламат күш пен өзін өзі әрең тоқтатады.

Үшеуінде де «Ал!» деген сөз бар, ол бейне бір жүйрік аттың тізгінін қоя бергені секілді тасқындайтын сұрапыл әуеннің ағытылған лек-лек толқыны. Үшеуі­нің басталуы бір. Соны бірінші кім бастады? Біржан сал емес пе? Құдай­берген Біржан салға бала, Иса немере іспетті. Ойланайықшы…

Сонымен біздің қолымызда қа­зір Бір­жан салдың «Он саусағы», Құ­дай­бер­геннің ғайыптан табылған «Жел­дір­месі», Исаның «Желдірмелері» бар. Бәрінің қайнары Біржан салдың «Он саусағынан» шығады. Үшеуі де бір-бі­рі­не жақын, үндес, әрі бір-бірінен ал­шақ, алыс… үшеуі де өзінше бір өзге­ше шалқу! Исаның жұлдызы шын­шылдығымен, адалдығымен жоғары. «Менің «Желдірмелерімде» Құдайберген «Желдірмелерін» еске түсіретін бір сәт­тер бар», – деп өзге емес Исаның өзі айтқан сөзі бар. Бұл – Махфуза Бай­зақо­ваның кітабынан. Иса тағы бірде: «Бірақ осы «Желдірмелердің» бәрі­нің арғы түбі бар. Алғашқыда мен «Жел­дірменің» өзім айтып жүрген үшінші түрін Құдай­бергеннің сарынынан алдым», – дейді. Бұл – Сапарғали Бегалиннің «Сахара сандуғаштары» кітабынан. Бұған академик Ахмет Жұбанов та иланып өтті. Сонда … «Желдірмелердің» түп- төркінін біз Біржан салдың «Он саусағынан» ізде­сек болады екен». Бәрін желпінтіп өткен – Біржан салдың лебі!

Құдайбергеннің «Желдірмесін» мен Көкшетаудың Талшық селосында тұратын қарт әнші Жаналы Қалиевтің орындауында алғаш рет 1992 жылдың 16 ақпан күні, одан келер жылы жаз айын­да екінші рет өз үйімде қонақ етіп отырып магнитофонға түсірдім. Бұрын маған Жаналы әнші Жаяу Мұсаның «Ақшашағын», Үкілі Ыбырайдың еш­кім­ге белгісіз «Айналайын, күнім-ау», «Өмір», «Ит жастық» әндерін, ақмолалық Бекболат әншінің құса-дертке толы «Қайдасың, Рашитім, қайдасың?», «Ажал келсе, қайтемін» және бүгінде сол қалада тұрып, көз алдымызда елеусіз қалған кешегі офицер Ғайса Есенбаевтың «Есіл өзен» әндерін жаздырып, оның бар хикая­сы «Жұлдыз» журналында жарияланып еді. Міне, енді осы бір сырлы көкіректі беймаза жан Құдайбергенді тірілтті. Әлбетте, ол «Желдірменің» сөзі ақаусыз, түп- түгел жетті деу ағат, асығыс айтылған сөз болар еді. Құдайберген туралы бүгінгі шертілген сөз әр кез там-тұмдап жиналған деректің іліп алары ғана. Бұл – қазақта «Желдірменің» классикалық үлгісін жасаған Құдайберген хақында алғашқы қалам сілтеу… Бұл-оның бай өмірінің тек эскизі ғана болар…

Жүйткісінші желмаядай, желдей ессінші Құдайберген «Желдірмесі!»

 

Илья ЖАҚАНОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері