Барлық туындаған мәселелерді жедел және ізін суытпай шешіп отыруы тиіс орталықтың жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов жауап береді.
Өңір басшысы жаңа құрылған жедел штабтың алдында жұмыс орындарын сақтау, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру сынды аса маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті.
– Біздің көптеген кәсіпорнымыз сыртқы нарықпен тығыз байланысқан. Өңірде жедел штаб құрдық, өткен аптадан бастап ол жедел жұмыс істеп келеді. Біз әрбір экспорттаушы кәсіпорынмен, барлық ірі жұмыс берушілермен күнделікті байланыста боламыз. Жағдайды мониторингілеу, экспорттық өнімді жөнелтуге және еңбек ұжымдарындағы жағдайға байланысты барлық мәселені шешуіміз қажет. Бұл – әлемдегі қалыптасқан жағдайға байланысты маңызды мәселе. Ең бастысы – жұмыс орындарын сақтау, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру, – деп мәлімдеді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен бірге өңір басшысы қалалар мен аудандардың әкімдеріне барлық өнеркәсіптік кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс істеуді сондай-ақ ішкі және сыртқы сауда көлемдеріне тұрақты мониторинг жүргізіп отыру қажеттігін тапсырды.
Бұдан бөлек ол компаниялардың инвестициялық белсенділігіне ерекше назар аударылатынын тілге тиек етті.
– Биыл инвестициялар көлемі 850 млрд теңге деңгейінде жоспарланып, 2021 жылдың нәтижесіне қарағанда 40 млрд теңгеге өседі. Бұл міндетті біз орындауымыз керек, – деп атап өтті облыс әкімі.
Жиында облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов өңірдің екі айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Ол келтірген мәліметтерге сай, өнеркәсіп өнімі 6,5% өсіммен 760,3 млрд теңгеге өндіріліпті. Өңдеу өнеркәсібінде жалпақ болат прокатын өндіру – 17,6%-ға, болат өндіру – 7,8%-ға, шойын өндіру – 4,6%-ға, кальций карбидін өндіру 2,9%-ға ұлғайған.
Мұндай өсім ауыл шаруашылығы саласында да байқалған. Мысалы, жалпы өнім көлемі 27,1 млрд теңгені құрапты. Облыста ет және сүт өндірісі артыпты.
Құрылыс саласында алдыңғы жылдардағы оң қарқын сақталған екен. Екі айда 92,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Мұның өзі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,4%-ға артық.
Алдағы уақытқа деп межеленген жоспар да ауқымды. Мысалы, 2022 жылға облыста экономиканың 3,4% өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр. Өнеркәсіпте 4,3 трлн теңге көлеміне қол жеткізе отырып, екі пайыздық өсім белгіленген.
Уақыт талабына сай құрылған жедел штаб экспорттаушы кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынасты сақтай отырып, жұмыс орындарының жабылмауына, тұрғындардың тұрмыс күйінің төмендемеуіне игі ықпалын тигізсе, оны жемісін берген сәтті жобаның бірі деп сенімді түрде атауға болар еді.
Қарағанды облысы