Қазақстан • 19 Наурыз, 2022

Президент Жолдауы агрокешенді дамытуға серпін береді

394 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты саяси реформалар жөніндегі Жолдауы ел дамуына тың серпін береді. Елдің өркендеуі үшін маңызды құжатта Қазақстан Тәуелсіздігін сақтау және нығайту қажеттігіне ерекше көңіл бөлінген.

Президент Жолдауы агрокешенді дамытуға серпін береді

Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз! Қазір әлемде қандай жағдайлар болып жатқанын көріп отырсыздар. Жақында ел тұрақтылығына қауіп төндірген «қаңтар оқиғасын» бастан өткердік. Сондықтан, өткен жағдайлардан сабақ ала отырып, ел іргесін нықтап, мемлекетіміздің қуатын арттыруды мақсат тұтқан Президенттің айналасына топтаса білу – ынтымақ, бірлігімізді арттыратыны күмәнсіз.

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халыққа қызмет ету – менің президенттік, әрі перзенттік парызым!» дей отырып, бірқатар маңызды мақсаттарды белгіледі. Атап айтқанда,  жаңа саяси реформалардың ерекшеліктері мен бағыттары - сайлау процессін жаңғырту, жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдарын нығайту, азаматтардың негізгі құқықтарын қорғау сияқты қоғамды толғандырып отырған мәселелерге жан-жақты талдау жасап, реформалау бағытындағы маңызды тапсырмаларды нақтылады.

Осы арада ерекше айтарым, бұл ауқымды реформаны жүзеге асыруды тек мемлекет мойнына жүктеп қою жеткіліксіз. Ол үшін біздің Ұлттық ғылым академиясы сияқты беделді институттардағы ғалымдардың белсенді көмегі, ұсыныстары ауадай қажет. 

Саяси жаңғыртуды көздейтін Жолдау – тұжырымдамалық айқын мақсаттарымен құнды! Мысалы, басқарудың «супер президенттік» үлгісінен президенттік-парламенттік үлгіге қадам басу – қоғам үшін үлкен жаңалық!

Қасым-Жомарт Кемелұлы мұның себебін былай деп түсіндіреді: «Бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Сондықтан, біз Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту үшін әр қадамды мұқият ойластыра отырып жасауымыз керек».

Енді мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшу – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрудың басты алғышарты деп санаймыз.

Ұзақ жылдар бойы Алматы қалалық мәслихатының депутаты болғандықтан, Мәжіліс пен жергілікті сайланбалы органдарға халықтың қатысуын қамтамасыз ету жолындағы жаңалықты ризашылықпен қабылдадым. Осыған дейін партия мүшелеріне ғана басымдылық беріліп келсе, енді партияда жоқтар да өкілді органдарға батыл араласатын болады. Ел арасындағы абыройлы, белсенді, білікті, азаматтарға жол ашылады.

Иә, өздеріңіз жақсы білесіздер, құқықтық мемлекетте ғана азаматтық қоғам алға дамиды. Конституциялық сотты қалпына келтіру, прокуратура және адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау, «Ұлттық құрылтайдың» құрылуы да – дала демократиясының тарихи дәстүр сабақтастығы деп білеміз.

Жұртшылық Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құру туралы ұсыныстарды да ерекше қуанышпен қабылдады. Қапшағайға ұсынылған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі де көпшіліктің көңіліне қонды. Бұл бастамалар еліміздің рухани жаңғыруы мен экономикасын өркендетуге тың серпін берері анық.

Еліміздегі аграрлық жетекші ЖОО-ның басшысы ретінде мені Президенттің ауыл шаруашылығына қатысты ұсыныстары қызықтырды. Бүгінгі халықаралық тұрақсыздық, Украинадағы жағдай барлық азық-түлік бағасының күрт көтерілуіне әкеліп соқтырғаны белгілі. Президент: «Азық-түлік бағасының жоғарылауы жақын арада рекордтық көрсеткішке жетуі мүмкін. Енді бірінші орынға сапалы түрде егін егу мәселесі шықты. Сондықтан, агроөнеркәсіптік кешенге мемлекеттік қолдау көрсетіп, қымбатшылықты болдырмау үшін ауылшаруашылық тауарларын мемлекеттік тұрақтандыру қорларына форвардтық бағада сатып алу мәселесін қарастыру қажет», деп қиындықты еңсерудің жолдарын атап көрсетті.

Бұл маңызды тапсырма бүкіл агрокешен саласындағы құрылымдарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы арада айта кету керек, биыл егін жинау жұмыстарына мемлекеттік бюджеттен барлығы 220 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Егіс науқанына 400 мың тоннадан астам жанармай бөлінеді. Энергетика министрлігі диқандар үшін жанар-жағармай құны 15-30 пайызға арзан болады деп уәде беріп отыр. «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша егіс науқанын жүргізу үшін шаруаларды қаржыландыруға өтінімдерді қабылдауды бастады.

Иә, халықты азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз етуге Қазақстанның өз мүмкіндігі артығымен жетеді. Ол үшін бәсекеге қабілетті өнімділікті арттыруға ықпалы тиетін ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске тездетіп енгізу қажет.

Осындай әлемге танымал, ғылыми озық нәтижелерге қол жеткізген ҰҒА мен басқа да ЖОО-лардың танымал ғалымдары ортамызда отыр. Ел дамуындағы инновациялық ғылымның алар орны мен рөлінің айырықша бөлек екендігін сіздерден артық ешкім білмейді. Ендеше, бар күш-жігерімізді туған Отанымыздың гүлденуіне арнауға сіздер мен біздердің ғылыми потенциалымыз жеткілікті.

Жолдауда көтерілген мәселелер еліміздің экономикасы мен әл-ауқатын жоғарылатуға, әлеуметтік және рухани салаларды, жалпы білім мен ғылымды өркендетуге жаңаша серпін берері сөзсіз.

 

Тілектес ЕСПОЛОВ,

ҚазҰАЗУ басқарма төрағасы-ректор