Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми мәліметінше, былтыр Қазақстанда 17,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жалпы өткен жылы елімізде 151 192 тұрғын үй құрылысы салынған. Соның 41 250-і – жеке тұрғын үйлер.
Бұл ретте тұрғын үй құрылысына 2,4 трлн теңге инвестиция тартылған. Көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 19,1 пайызға жоғары.
Жыл қорытындысы бойынша еліміздің 15 өңірінде тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіштері ұлғайған. Мәселен, көшбасшы өңірлердің қатарында Маңғыстау (119%), Ақмола (115,8%), Жамбыл (112,9%), Павлодар (112,3%) облыстары, Алматы (116,6%) және Шымкент (116,1%) қалалары бар. Екі өңірдің көрсеткіші төмен – Қарағанды (98,5%) және Қызылорда (93,8%).
Жыл қорытындысы бойынша елдің ішкі жалпы өніміндегі құрылыс саласының үлесі 6,25%-дан асты. Көрсеткіш 2020 жылдан тәуір.
Бүгінде құрылыс саласы әлеуметтік маңызы бар экономикалық дамудың негізгі локомотивіне айналды. Бұл салада 46 476 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 2 420-сы құрылыс материалдарын өндіреді. Салада 641 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Құрылыс саласындағы белсенділіктің негізі ішкі нарықтағы сұраныс пен мемлекет тарапынан баспана алуға жасалған мүмкіндік те жатыр. Мәселен, Бірінші несие бюросының ресми мәліметінде былтыр тұрғындарға 8,9 трлн теңге берілгені айтылған. Соның 3,4 трлн теңгесі ипотекалық несие. Көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 41 пайызға көбейген. Жалпы соңғы жылдары ипотекалық несиеге деген сұраныс артып келеді. Бұл халықтың баспанаға деген қажеттілігінің өсуінен туындап отырғаны түсінікті. Сонда былтыр рәсімделген несиелердің үлесіндегі ипотеканың үлесі 31 пайызды құрап отыр.
Бірінші несие бюросының бас директоры Руслан Омаровтың айтуынша, жылжымайтын мүлікке қатысты әрбір төртінші мәміле несиеге рәсімделеді. Ипотекаға деген сұраныс зейнетақы реформасынан кейін күрт өскен.
Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 2,5 трлн теңге алынған. Аталған соманың 68,5 пайызы баспана алуға, 15,3 пайызы ипотекалық қарызды жабуға жұмсалған.
Зейнетақы реформасының әсері болар, 2021 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үй мәмілелерінің саны 606 мыңнан асқан. Шамамен 96,8 пайыздық өсім қамтамасыз етілген. Мұндағы ипотеканың үлесі 25,2 пайызға тең. Мұндай ресми мәліметті Статистика бюросынан алдық.
Жалпы, 2021 жыл тұрғын үй нарығы үшін тың жаңалықтарға толы болды. Оның негізгісі – зейнетақы қорындағы шектік сомадан асқан қаржыны тұрғын үй жағдайына жақсарту. Ол туралы жоғарыда айттық.
Әдеттегідей былтыр да құрылыс материалдары мен тұрғын үйдің бағасы өсті. Құрылыс материалдары соңғы екі жыл қатарынан қымбаттап келеді және бұл Қазақстанға ғана тән дүние емес, әлемдік тенденция. 2021 жылы болат арматура, цемент, кірпіш және газбетон 1,5-3 есе қымбаттаған. Материал қымбаттаса үй бағасының да шарықтап шыға келетіні бар. Жыл қорытындысы бойынша бастапқы тұрғын үйдің бағасы 15 пайызға, қайталама нарықтағы баспана бағасы 20 пайызға қымбаттаған.
Былтыр «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасына өзгерістер енді. Бағдарлама бойынша баспана алатындар санатына құқық қорғау органдары мен мәдениет саласындағы жеке кәсіпкерлер енді. Сондай-ақ берілетін займ сомасы 13 млн теңгеден 18 млн теңгеге дейін өсті.
Сонымен қатар «Әскери баспана» бағдарламасы бойынша өтінімдерді онлайн форматта беру тетігі іске қосылды. Бұл ашықтықты қамтамасыз ету үшін қажет. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қабылданатын өтінімдер лимиті ұлғайды. «Елорда жастары» жеңілдетілген ипотекалық өнім іске қосылды.
Өткен жылдың мамырында бөлінген қаржы толық игерілгендіктен, «Баспана хит» бағдарламасы тоқтатылатыны хабарланды. «7-20-25» бағдарламасына бөлінген қаражаттың 2022 жылы аяқталатыны, тиісінше бағдарлама да өз жұмысын доғаратыны айтылды. Алғашқысына 600 млрд теңге, соңғысына 1 трлн теңге бөлінген.
Тұрғын үй сертификаттарын берудің ережесі өзгерді. Енді сертификаттардың кімге және қанша көлемде берілетінін қалалық және облыстық мәслихаттар анықтайтын болды. Мұндай сертификат «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламасының қатысушыларына тұрғын үйдің бастапқы жарнасы ретінде беріледі.
Былтыр «Ұмай» ипотекасы іске қосылды. Бірақ көпшілік тарапынан бағдарламаға анау айтқандай сұраныс болған жоқ. Тиісінше, жыл соңында бағдарламаның тоқталғаны, талаптарының қайта қаралатыны хабарланды.
Өткен жылы жылжымайтын мүлікті ресми тіркеу уақыты жеделдеді. Электронды тіркеу үш күннен бір күнге дейін қысқарды.
Былтырғы жаңашылдықтың бірі – жылжымайтын мүлік мәмілелерін әзірлеудегі өңірге қатысты шектеудің алынып тасталуы. Бұрын мәміле тек тұрғылықты жері бойынша жасалуы тиіс еді. 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап мәмілені кез келген аудан-қалада жасай беру мүмкіндігі берілді.
Осының бәрі мемлекет тарапынан халықтың баспаналы болуына жасалған тың қадамдар екені айтпаса да түсінікті. Қуаныштысы, мұндай бастамалар биыл да жалғасады. Демек табалдырықты аттаған барыс жылы да тұрғын үймен қамту тұрғысынан алғанда табысты болады деген сенім бар. Өйткені Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл бағытта біршама жаңашылдықтар қабылдамақ.
Мәселен, министрлік құрылыс нарығын монополиясыздандыруға ниетті. Яғни ведомство тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы талаптарды қайта қарап, жер учаскелерін конкурстан тыс беру тәжірибесін заңнамалық түрде алып тастауды жоспарлап отыр. Мұның бәрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларынан кейін қолға алына бастады.
Осы орайда саланың осал тұстары пысықталып, негізгі 3 бағыт бойынша шаралар айқындалды. Олар – үлестік құрылысқа қатысуды реттеу, жер беру және құрылыс салуды жоспарлау, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру.
Өзгерістер жер учаскелерін конкурстан тыс беруді алып тастауды, заңнаманы айналып өтуге талпынатындар үшін жауаптылықты күшейту және үлескерлердің қаражатын заңсыз тартуды анықтау арқылы үлестік құрылыстағы талаптарды жетілдіруді көздейді.
Бұл біз қамтыған бір ғана бағыт. Министрлік мұндай жаңашылыдықтар көп болады деп сендірді және олардың тиімділігі де жоғары болмақ. Барыс жылы табыс жылы болады деген үміттеміз.