Қаржы • 20 Наурыз, 2022

Ортақ қазынамыз ортаймайды

186 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Салық – сіз бен біздің мемлекетке төлейтін міндетті төлемдеріміз. Осы қаржы арқылы қазынамыз толығып, бюджет реттеліп отырады. Ендеше, наурыздан наурызға дейінгі салық түсімдері мен осы саладағы атқарылған істерге шолу жасап көрелік.

Ортақ қазынамыз ортаймайды

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, бір жылдың ішінде мемлекеттік бюджетке салық түсімдері бойынша жоспар 103,6%-ға орындалған. Негізгі жоспар – 10 346,9 млрд теңге болса, бұл сома 377,4 млрд теңгеге артық атқарылып, бюджетке 10 724,3 млрд теңге түскен. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 25,3% немесе 2 163,1 млрд теңгеге артық. «Оның ішінде республикалық бюджет 102,1%-ға орындалып, 2020 жылмен салыстырғанда 26,6% немесе 1 482,1 млрд теңгеге өсті. Жергілікті бюджет 106,8%-ға орындалып, жоспардағыдан 233,3 млрд теңгеге артық түсім түсті. Бұл – 2020 жылмен салыстырғанда 22,8% немесе 681,0 млрд теңгеге артық көрсеткіш», дейді Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.

Ал түсімдердің өсуіне қандай фак­торлар әсер етті? Мамандардың айтуы­на қарағанда былтыр 2020 жылмен салыс­тырғанда негізгі экспорттық позицияларға бағаның өсуі байқалған. Соның ішінде мұнай – 68,7%, мыс –50,8%, алюминий – 44,2%, мырыш – 32,2%, күміс – 22,5% қымбаттаған.

Өзге елдермен тауар айналымының артуы да салық түсімдерін көбейтуге негіз болған. Айталық, 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда тауар айналымы 14,1%-ға өсті. Соның ішінде экспорт 25,8%-ға арт­са, импорт 6,2%-ға төмендеген.

Биыл наурыз айына дейінгі салық түсімдері де екі есеге артқанын байқауға болады. А.Сартаеваның айтуынша, 2022 жылғы қаңтар-ақпан айларында мемлекеттік бюджетке салық түсімдері бойынша жоспар 108,2% орындалған. Бұл был­тыр­ғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,9 есе немесе 1 249,3 млрд теңгеге артық. «2021 жылдың осындай кезеңімен салыстыр­ғанда республикалық бюджет түсім­дерінің ең көп сомасы мұнайға салынатын корпоративті табыс салығы есебінен және ішкі тұтыну тауарларына қосылған құн салығы мен экспорттық кеден баждары есебінен өсті», дейді комитет өкілі.

2022 жылғы қаңтар-ақпан айларында электронды шот-фактуралардың деректері бойынша өзге де қызмет түрлерін ұсыну 2,1 есеге, соның ішінде кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет 60,1%-ға, ақпа­рат және байланыс 50,9%-ға, құрылыс 38,9%-ға, өңдеу өнеркәсібі 36,0%-ға, сумен жаб­дықтау және кәріз жүйесі 28,6%-ға, кө­терме және бөлшек сауда 28,4%-ға артқан.

Мемлекеттік кірістер комитеті салық түсімдерінен бөлек, бір жылдың ішінде осы саланы жетілдіретін қызмет түрлері де көптеп іске қосылғанын жеткізді. Айталық, былтыр 1 қаңтардан e-Salyq Business мобильді қосымшасы әзірленіп, кәсіпкерлерге жол тартты. «Жаңа цифр­лы шешім жеке кәсіпкерлерге салық міндеттемесін орындауды жеңілдетті. Әсіресе жаңадан тіркелген кәсіпкерлерге бұл ыңғайлы қызмет болды. Осы қо­сымша арқылы бизнес өкілдері онлайн түрде декларация тапсырып, салық міндеттемелері мен әлеуметтік төлемдерді компьютерде отырып-ақ орындай алады. «Қосымша арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, салық режімін таңдауға және өзгертуге, чектер беруге, кірістер тізілімін қалыптастыруға және салық пен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін қосымшада Салық әмиянының сервистері іске қосылды. Ол арқылы берешекті қарау және өтеу, артық төлемді басқару, мем­ле­кеттік кірістер органдарының бірқа­тар хабарламасын алу, сондай-ақ жеке кәсіпкер қызметін тоқтатуға болады», дейді А.Сартаева бізге берген мәліметінде.

Мемлекеттік кірістер комитеті E-Salyq Azamat мобильді қосымшасы да әзірленгенін еске салды. Осы желі арқылы азаматтар өзінің қарыз сомасын көріп, тиісті салықты онлайн төлей алады. Яғни жеке тұлғалар мүлік, жер, көлік салықтарын және кәсіпкерлік қызметтен алынатын салықтарды, кедендік төлем­дерді, мемлекеттік баждарды, алымдарды, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдарды, жекешелендіру үшін төлемдер, жерді сату және басқа да төлемдерді төлей алады.

E-Salyq Azamat мобильді қосым­шасында енгізілген «қызметкерлерге еңбек­ақы төлеу» сервисі де бар. Бұл жұмыс­шыға есептелген жеке табыс салығы мен зейнетақы жарналарының, мін­детті әлеуметтік аударымдардың және медициналық сақтандыру бойынша әлеу­меттік төлемдер сомаларын көруге мүм­кіндік береді.

Қосымша арқылы қате төлемдер мен негізсіз айыппұлдарды жоюға болады. Бұл өтініштер санын азайтуға және бюджетпен қолма-қол ақшасыз есеп айы­рысу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлады МКК өкілдері.

Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер коми­теті былтырдан бастап, @SalyqBot сандық салық кеңесшісі жұмыс істей бастағанын еске салды. Салық және кеден мәселелерін халыққа түсіндіру, кері байланыс жасау бойынша жедел көмек көрсететін қызметтің Telegram каналындағы чаты биылғы наурыздан бастап іске қосылды. Бұл сервисті @SalyqBot атауымен немесе https://t.me/salyqbot тікелей сілтемесі арқылы табуға болады. Ол пайдаланушыға салық берешегі туралы ақпарат бере алады; көлік салығының өсімақысын қалай есептеуге болатынын түсіндіреді; жеке немесе заңды тұлғаның қажеттілігіне байланысты пайдалы жаңалықтар мен хабарламалар жібере алады; салық саласына қатысты өзекті тақырыптар мен мәселелер туралы бейнесабақтар мен нұсқаулықтар көрсете алады.

Бұған қоса, «чат-боттың Мемлекеттік кірістер комитетінің байланыс орталығына келіп түсетін өтініштер негізінде әзірленген деректер базасы бар», дейді мамандар. Бұл қызмет пайдаланушыға оператордың қатысуынсыз салық және кеден заңнамасы бойынша жиі қойылатын сұрақтарға лезде жауап алуға мүмкіндік беретін көрінеді.

«Наурыз айынан бастап іске қосылған чат-боттың әлі де жетілдіретін тұстары бар. Келешекте салық төлеушілерге салық есептілігін және салықтарды төлеу мерзімін өткізіп алмау үшін хабарлама жіберу, банк шоттарын бұғаттау секілді қажетті қызметтерді енгізуді жоспарлап отырмыз. Былтырғы наурыздан биыл­ғы наурыз айына дейін біраз жұмыс атқарылды. Жалпы мемлекеттік кіріс­тер органдарына миллиондаған қазақ­стандықтардың әл-ауқаты үшін үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бірде-бір мемлекет салық және кеден заңнамасының сақталуын бақыламай және бюджет түсімін қамтамасыз етпей өмір сүре алмайды. Комитет қызметкерлері алдағы уақытта да еліміздің игілігі үшін қызмет етіп, салық төлеушілерге неғұрлым тиімді әрі ыңғайлы қызмет түрін ұсынбақ. Ал өзінің міндетті төлемін уақытылы төлейтін адал салық төлеушілер барда ортақ қазынамыз ешқашан ортаймайды», дейді МКК өкілі.