Сұхбат • 20 Наурыз, 2022

Қайрат Кемалов: Керей ханның адами болмысын сомдауға тырыстым

643 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Актер Қайрат Кемаловты көпшілік көрермен «Қазақ хандығы»: «Алмас қылыш» және «Алтын тақ» 20 сериялы фильмдер циклындағы Керей хан бейнесі арқылы жақсы таниды. Бір қызығы, айтулы рөл – қырық жылдан аса театр өнеріне қалтқысыз қызмет етіп, кілең басты рөлдерді сомдаған сахнагердің кино саласындағы алғашқы кесек жұмысы. Бүгінде Қарағандыдағы С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов жансарайын ақтарып, өнер мен өмір өнегелері туралы сыр бөлісті.

Қайрат Кемалов: Керей ханның адами болмысын сомдауға тырыстым

– Алпысты алқымдаған шағы­ңызда кинодағы дебюті­ңізді жасадыңыз. Бірақ қатар­дағы көп рөлдің бірі емес, қазақ хандығының негізін қалаған Керейдей кемеңгер ханның кесек бейнесін кескіндеу бақыты бұйырды. Кинематографиядағы жұлдызды сәтіңіздің бұлайша кеш тууына не себеп? 

– Оның себебі көп. Менің, мен қатарластардың өмірінің, шығар­ма­шылық шедевр тудыратын жа­лынды шағының көп бөлігі Кеңес өкіметі кезінде өтіп кетті. Жас­тығымызды берген сол кезеңде дү­ниенің бәрін Мәскеу шешетін. Сол жақтың қас-қабағына қарап тірлік кештік қой. Бұл кинематография саласын да айналып өткен жоқ. Ол кезде қазіргідей қаптап түсіріліп жатқан кино жоқ. Мәскеу «Қазақфильмге» жылына бір, әрі кетсе екі-ақ кино түсіруге рұқ­сат беретін. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дей­ді. Сол екі фильмді режиссерлер Алматыдағы актерлермен түсіреді, рөл солардан артылмайтын да. Ал Қарағанды, Семей, Шымкент сияқты облыс-облыстың түкпірінде жатқан әртістерді кім шақырып жүреді? Екі кино кімге жетеді? Мен өзі табиғатымнан, туабітті болмысымнан шақырмаса сұранып, «мені алыңдаршы» деп жалынуға жоқ адаммын. Оның үстіне театрда да тіршілік, шығармашылық қайнап жатыр. Басқа дүниені ойлауға, пендеауи пиғылдарға берілуге мо­йын бұрғыза да бермейтін. Сөйтіп жүргенде көп уақыт өтіп кетті.

Киноға түссек деген асқақ арман жастығымызбен бірге қол бұлғап қалып бара жатты. Бірақ мен оған өкпелемеймін. Заман солай, тағдыр былай болған шығар. Әмбе мен өзгеден емес, кінәні үнемі өзімнен іздеймін. Осы уақыт­қа дейін киноға шақы­рыл­­масам, демек камера мені сүй­мей­­тін, қа­былдамайтын бол­ғаны деп түйдім. Өйткені режис­сер­лер­ге мән-жай бізге қараған­да айқы­ны­рақ көрінеді ғой. Сондық­тан кино саласындағы бұл тыныш­тықты қабылдап, соған үнсіз көнген едім. Алайда Керей хан рөлі­не ш­ақырылған сәттен бас­тап бар­лығы бірден өзгеріп шыға келді. Сөнген үміт жанып, шығар­ма­шы­­лығымның екінші тынысы ашылғандай болды.

– Кереймен қалай табыс­тыңыз? Режиссер шақырды ма, әлде кастинг арқылы арнайы іріктеуден өттіңіз бе?

– Кинодан біржолата күдерімді үзгенімді жоғарыда айттым ғой. Кастинг дегенге де тіптен қызық­пайтын болғанмын. Содан бір күні көлікте келе жатсам, телефоным шылдырлайды. Тұтқаны көтере бергенім сол еді, арғы жақтан өзін кастинг директорымын деп та­ныстырған адам амандық-сау­лықтан соң маған Алматыға ке­луім­ді, түсірілейін деп жатқан ауқым­ды жоба – «Қазақ хандығы» фильмінің кастингіне қатысуым­ды сұрады. Осыған дейін қиюы келмеген саладан әбден үмітімді үз­сем керек, бірден бас тарттым. Бірақ тұтқаның арғы жағында дауыс ғаламтордан фотосуреттерім мен спектакльдегі мен ойнаған рөлдердің үзінділерін көріп, режиссер Рүстем Әбдіраштың өзі ар­­найы шақырғанын айтты. «Мін­детті түрде келсін, тексеріп көре­мін», депті. Содан не керек, шұғыл жи­налып Алматыға жол тарттым. Келсем, кастинг өтіп жатқан ғимарат адамға лық толы. Мен барған күннің өзінде Керей рөліне 15-20 адам түсті-ау деймін. Әр күні осылай екен. Тіпті шетелдің актерлері келіп жатыр. Бір-екі картинасына түстім. Сосын Рүстем маған әрі қарап, бері қарап, денсау­лы­ғымды сұрады, түрлі сұрақ қойды. Кейін «Хабар өзімізден болады, жүре беріңіз», деді. Мен: «Мынау жай шаруа болды ғой», деп кетіп қалдым. Тіпті ол туралы ұмытып та кетіппін. Арада шамамен бір айдай уақыт өткенде, Алматыдан хабарласып, тез арада бастан-аяқ киім өлшемін жіберуімді сұра­ды. Мән-жай­дан хабарсызбын. Дереу кастинг директорына телефон шалдым. Шаруа көп болып, ха­бар­­­ласа алмай жатқанын айтып ақ­талған қарындас көркемдік кеңес­тің шешімімен Керей рөліне бекі­тіл­генімді айтып сүйіншіледі. Әри­не, қуанышымда шек болған жоқ. Қуандым. Бірақ ол қуаныш әрі кетсе бір сағатқа созылған шығар, одан әрі жүрексіне баста­дым. Басты рөлді бұрын кино сала­­сын­да тәжірибесі жоқ актерге ой­лан­­бастан бере салған режис­сер Рүс­темнің жүрекжұтқан тәуекел­шіл­дігіне таңғалдым. Мен ол кісі­нің орнында болсам, мұндай қадам­ға бара алмас едім. Қалай дегенмен мұқым қазақ күтіп отырған ауқымды жоба ғой, қорқақтайтын едім. Алайда Рүстем маған сенді. Сол сенімге селкеу түсірмеуге барымды салдым.

– Керей ханның тұлғасын сомдауда қалай іздендіңіз? Қандай деректерге сүйендіңіз?

– Мен өзі Қарағанды облы­сының Жаңаарқа ауданындағы Ақтүбек елді мекенінде туып-өстім. Біздің ел ұлт­тық құнарды сақтаған, қай­ма­ғы бұзылмаған нағыз қазақы ауыл еді. Тарихи оқи­ғаларды тілге тиек етіп, тебі­рене әңгіме ай­тып оты­ратын дала­ның дана қария­ла­ры көп бол­ды. Соның әсері болса керек, жас­тайымнан тарихқа құ­мар бо­лып өстім. Себебі біздің кезі­міз­­де теле­дидар тұрмақ, электр жа­ры­ғы болмады. Ойынымыз да, би кеші­­міз де, компьютеріміз де көне қа­рия­­лардың аңыз-әңгімелері еді. Түн­нің бір уақытына дейін жас­ты­ғымызды жастанып қойып тың­­дай­тынбыз. Неше түрлі қор­қы­нышты, қиял-ғажайып әңгіме­лер­ді тыңдап алып, бала ойымыз шошынып, түнде еріксіз оятатын. Сол әңгімелер жадымызда жат­талған. Рөлмен жұмыс істе­ге­нде соған біраз сүйендім. Ауыл ақ­сақал­дарының сөз саптауы, олар­дың кеңдігін, толғана, күңіре­не сөй­лейтіндерін салуға тырыс­тым. Одан кейін, әрине, ең бастысы – Ілияс Есенберлиннің «Көш­пен­ділер» трилогиясын негізге алдық. Өйткені тарих мәселесі – даулы тақырып. Сондықтан да тасқа басылған деректер негізінде бей­не тудыруға күш салдық. Әл­бетте, көркем кино болғаннан ке­йін көркемдеу тәсілдерін де қол­дан­дық. Бастысы, тарихымызды ба­рынша толымды, тұщымды және көрермендерімізге қызықты етіп беруге шығармашылық топ болып тер төктік. Қолымнан келгенше Керейдің батырлығын, тұл­­ғалығын ғана емес, адам ретін­де оның басына түскен тау­қы­­метті қалай сезінгенін, ішкі қина­лыстарын ойнауға тырыстым. Сол арқылы кейіпкерімді халыққа, көрерменге барынша жақын еткім келді.

– Әдетте актерлер жас кезін­де-ақ «кинодағы алғашқы сезім­нің», яғни дебюттің толқы­ны­сын бастан кешіп қояды. Сіз қандай сезімде болдыңыз? Кино алаңында қандай да бір қиындық туындаған жоқ па?

– Әлбетте, шығармашылық болған соң барлығы да болады. Мен де кино алаңына келіп түрлі сезімді, алуан толқынысты бастан кештім. Қасыма серігім болып фильмде Жәнібекті сомдаған талантты актер Еркебұлан Дайыров­тың түскені сондай жақсы болды. Еркебұланның жас та болса кино саласындағы тәжірибесі мол, түсірілім жұмыстарының қыр-сырына қанық. Қай шидің ас­тын­да қандай камера жатқанын жақ­сы біледі. Аттың үстінде келе жатқанда: «Аға, алға қарай өте беріңіз, анау жерде камера бар, сіз соған ойнайсыз. Мен бергі жақ­тың камерасын алайын» деп алдын ала ескертіп, барлы­ғын тү­сіндіріп берді. Ал мен қай ши­дің асында не жатқанын қай­дан білейін?! Мұның барлығы тәжі­ри­бемен келетін шеберлік қой. Сол жетіспегендіктен де алғашқы 10-15 күндей қиналдым, кейін бар­лығын игеріп кеттім. Бір қызы­ғы, «Қазақ хандығына» түсіп жат­қан уақытта тағы бір режиссер жан­ұшы­рып өзінің авторлық киносына шақырды. Ол психологиялық жанр екен. Қойшының рөлі. Тау ішінде ешкімге керек болмай қалған шо­пан­ның өмірін баян етеді. Ал мына жақ­та қазақтың бірінші ханын ойнауым керек. Содан ал­ғаш­қысын біті­ре салып, іле екін­ші фильмнің жұ­мы­сын бастап кет­тік. Оны аяқ­тап елге келсем, Қара­ған­дыда Қаз дауыс­ты Қазыбек бидің ме­рей­тойы­на орай көркем әрі дерек­ті фильм­нің түсірілімі қолға алы­нып­ты. Сөйтіп, кино ала­ңын­дағы ыс­тық-суығым басыл­май тұрып, Қазы­бек би рөліне түстім. Қазір сах­нада «Сәкен» қойылы­мы­мен жүрміз.

– Иә, шығармашылық өмір­баяныңызға көз тіксек, репертуар қоржыныңыз Абай, Ақан сері, Сәкен, Қазыбек би сынды кіл тұлғалар бейнесіне толы екен. Бұл сізді актер ретінде бір ампулаға, яғни штампқа түсіріп жібереді деп қорықпайсыз ба?

– Дұрыс айтасыз. Театрда қырық жыл үзіліссіз қызмет етіп келе жатырмын. Ылғи сол хан, би, батыр бейнелері. Фактурам, түр-тұрпатым келгендіктен болар, режиссерлер кілең осындай рөлдерге ыңғайлағысы кеп тұрады. Ал одан бас тартуға біздің құқығымыз жоқ. Мұндай рөлдерді ойнаудың өз қиыншылығы бар. Өзіңіз айтпақшы, «трафарет­­ный штампқа» түсіп кету қаупі басым. Өйткені ағза біреу, сырт­қы тұлға жалғыз, дауыс та солай. Ойнауды жақсы білемін, оның теориясын, негізін Асқар Тоқпанов, Рәбиға Қаныбаева бас­таған ұстаздардан үйрендік қой. Менің қорқынышым – сахна мен экранда бір типті болып кетпесем екен деген алаң. Сондық­тан да шамам келгенше тарихи тұлғаларды ойнарда ке­йіп­керімді барынша басқа жағы­нан, өзге қырынан көрсетуге ты­рысамын. Өткендегі рөлде қол­данған мінез, штрихтарды келе­сі жұмысым­да пайдаланбауға тырысамын. Кез келген рөлімде тұлғадан бұрын, ең әуелі сол тұлғаның адам ретіндегі болмысын, кескінін ашу­ға ұмтыламын. Оның да біз сияқ­ты адам екенін, біз секілді оның да ренжитінін, күлетінін, сезі­мі бар екенін көрсетуге барымды саламын. Содан кейін ғана тұл­ға­лығына өтемін. Бірақ қанша айтқанмен штамп бәрібір өзіне тартып тұрады. Ал одан арылу үшін ізденіс, тек қана ізденіс, білім және шеберлік қажет. Арасында режис­серлерден сұрап алып ком­мер­­циялық рөлдерде ойнайтыным бар. Бұл – аз да болсын өзіңді сындыру, басқа қырыңнан көріну үшін ауадай қажет дүние. Ал қазір мүлде кереғар рөлдерде ойнағым келеді. Кем боп қалған, шерменде күйге түс­кен, тіпті кейде, шыны керек, көшедегі үй-күйсіз жүрген жан­дар­дың (бомж) да әлеміне еніп, соның мінезін, ойын сараптағым келе­ді. Олар да біздей адамдар, бірақ әлемі, ортасы, өмірге деген көз­қарасы, түсінігі басқа жандар. Солар­дың психологиясын зерттесем деймін. Мысалы, «Қазақ хан­дығын» аяқтағаннан кейін мені далада қалған қойшының рөлін сомдау­ға шақырды. Мен оған қуана-қуана бардым. Себебі екеуі бір-біріне қарама-қайшы бейне болды. Мұндай тәжірибе актер үшін өте қызық.

– Шығармашылық жолы­ңыз­дың М.Әуезов атындағы ұлт­тық академиялық қазақ дра­ма театрынан басталғанын біле­­міз. Өнердегі тұсауы­ңызды кес­кен қасиетті қараша­ңы­рақ­тың тағылымы, сіздің ал­дағы өміріңізге әсері туралы тол­ған­ғанда ойыңызға не оралады?

– Мен негізі өзімді бақыт­ты­мын деп санаймын. Ол уақыт­та театрға бағыттайтын Құр­ман­ғазы атындағы кон­сер­ва­тория­ның театр факультеті ғана болатын. Сол оқу ордасына оқу­ға қа­был­данғаннан бастап, ак­те­р­лік жолымда талай жақсы адам­дардың тәлімі мен шапағатын көп көрдім. Қарағандыдағы мектеп-интернатта алаңсыз оқуын оқып жүрген баланың өмірін мек­тебімізге Алматыдан арнайы кел­ген ұстаз Рәбиға Қаныбаевның са­пары бір-ақ сәтте түбегейлі өз­гер­­­­­тіп жіберген еді. Театр фа­куль­­­­теті­не оқуға қабылдайтын талант­­­ты та­лап­керлерді іздеп кел­­ген Рәби­ға Мұқайқызымен жолы­­­­ғуым – тағдырдың маған бер­ген үл­кен сыйы. Сол кі­­сінің ар­­қа­сын­да Алматыға келіп, оқуға түсіп, қазақтың тұң­ғыш кәсі­би ре­жиссері Асқар Тоқ­­п­анов, Қазақ­станның халық әр­тісі Шол­пан Жандарбекова бас­та­ған ұла­ғатты ұстаздардың тәлі­мін ал­дым. Оқу бітіре салып, «әкем­театр­ға» жұмысқа қабыл­дан­дым. Ол уа­қытта оқуды енді бітір­ген актердің М.Әуезов театрына қабылдануы сирек жағ­дай еді. Дипломдық жұ­мы­сымыз У.Шекспирдің «Асау­ға тұ­сауын­дағы» Петручио рөлі үл­кен театрға жол салып берді сөй­тіп. Серке Қожамқұлов, Сәбира Май­қанова, Бикен Римова, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев бас­та­ған таланттардың сахна тұ­ғы­рында жүрген кезеңі. Міне, сол кісілердің ортасына келіп түс­тім ғой. Қорқынышты əрине. Ат­тары­ның өзінен ат үркеді. Со­ған қарамастан бұл кісілер мені өнер­дің ұлы мектебінен өт­кізіп қана қой­май, мейірім шуа­ғына қоса шо­мыл­дырды. Ол уақыт­тың адамдары бөлек еді. Өмір­дегі жүріс-тұры­сы да, жас маман­дарға деген жана­шырлығы да басқаша еді. Жай жанашырлық емес, сен үшін алаң­дап, жүрегі шын ауыра­тын. Өзі­нің туған бала­сын­дай мейірімін төгетін. Кейін от­басылық жағдайыма байланыс­ты туған жерім Қарағандыға ке­ліп, С.Сейфуллин театрына жұ­мыс­қа орналас­тым. Бұл жерде де Қара­ғанды театры­ның негі­зін қала­ған Жәмилә Шаш­ки­на­лар­дан бастап, Қарғаш Сатаев, Әсия Абы­лаевалар да ая­лап қарсы алып, біл­гендерін үй­рет­ті. Өзім де ақ­­са­қалдық жасқа жа­қын­дап қалған­нан кейін, ойланып қа­раймын ғой. Шы­­ны­мен де ол за­ман­ның адам­дары бө­лек екен. Бүгін де театрда жана­шыр­лар бар, жастарға барын салып жан­ұ­шы­ра кө­мек­теседі. Бі­рақ бәрібір біз­дің көр­ген мейірім мен ма­хаб­­баты­мыз­дың жөні бөлек. Қалай десек те қа­зіргі қам­қорлықтың формасы басқа...

– Ол қандай форма екен?

– Осы заманға лайық формалар. Олар білгенін үйретеді, білмегеніңді түсіндіреді. Бірақ мен қамқорлығын көрген аға-апалар­дың, ақсақалдардың тәлімі бөлек еді. Бейнебір туысқаның сияқты бәйек болып, жақыныңдай жаныңа орнығып алатын. Ал бүгінгі заманда қашықтық деген бар. Үлкен ретінде, тәжірибелі актер ретінде жанашырлық қылған болады. Бірақ бәрібір іштей жаттығын байқатады. Ал ана кісілер болса сен театрға кел­ген беттен бірден қойныңдағы бала­сы қылып меншіктеп алады. Немересін құшақтап, иіскеп жатқан ата-әжелер сияқты еркелетіп жүріп өнегесін бойыңа дарытады. Сондай бір айырмашылығы бар. Бір сөзбен айт­қанда, ол адамдарда жүрек үлкен­деу еді. Әрине, бұл бүгін­гі адамдарда жүрек жоқ деген сөз емес. Бірақ ол кісілердің жүрегі басқаша еді.

– Сіздің актерлік қызметіңізді үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Алғашқысы – М. Әуезов театрын­дағы кезең, екіншісі – Ақ­мола облыстық театры кезеңі және Қарағанды театры. Өміріңіздегі осы үш театрдың орнын айтып бере аласыз ба?

– М.Әуезов театрына алғаш бала болып келген кездегі атмо­сфе­раның қандай болғанын айттым. Алайда ол жақта көп болмай, бір жылдан соң Қарағандыға келдім. Ол да алғашқының жалғасы сияқты болды. Мұнда да театр ақсақалдары мен аналарының қолына түстім, тәрбиесін көрдім. Жаңа бейнелер көрерменімен қауышып жатты. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театры менің екінші отбасым десе де болғандай. Сөйтіп жүргенде жаңа заман кеп қалды. Астанамыз Алматыдан Ақмолаға көшетін болды. Ақмола барлығына белгілі кішкентай ғана облыс орталығы еді. Ол кезде Ақмолада қазақ театры болмаған екен. Қарағанды театрында жұмыс істеген қазақтың мықты азаматы, үлкен суреткер, режиссер Жақып Омаровты сол кездегі шаһар басшылығы арнайы алдыртып, тақыр жерден театр ашқызады. Жақып ағамыз жер-жерден мықты деген актерлерді жинап, жаңа театрдың труппасын жасақтайды. Сол шақырылған топтың ішінде біз де болдық. Театр шымылдығы ең алғаш 1991 жылдың 15 қара­ша­сында Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымымен түріліп, спектакльде Ақан бейнесін сомдадым. Театр ашылған күннен-ақ жақсы нәтиже көрсетті. Оның бәрі қойылымның басы-қасында жүрген Жақып Омаровтың білік­ті, жоғары деңгейдегі ұйымдасты­ру­шылығының арқасында болатын. Кейін Қадыр Жетпісбаев, Әзірбайжан Мәмбетовтер қызметке келді. Театр мүлдем басқа деңгейге көтерілді. Сондықтан айтылып жат­қан үш мектептің алдыңғы екі мектебі бір-біріне ұқсастау болып келсе, Қ.Қуанышбаев театрының жөні бөлек. Жаңа театр. Әркім жас театрға өз тарапынан септігін тигізуі қажет еді. Сол жолда үз­дік­сіз іздендік. 5-6 жылдай осында қызмет еттім де, театр аяғынан тік тұрып, ұжым орныққан соң елге қайтуға шешім қабылдадым. Қалай десек те, қанша жерден жағдайыңды жасап тұрса да туған жер адам үшін бәрібір ыстық қой. Менің жағдайымда тіпті ерекше. Қарағандыға кіндігім байланған десе де болады. Сөйтіп, Сәкен теа­т­ры­на қайтып оралдым. Бұл мекен мен үшін ең ыстық орта. Биыл қарашаңырақ театрымыздың 90 жылдық мерейтойы. Осы жылдар ішінде театрымыз гүлденіп, өсіп-өркендеп жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Сайдың тасындай мықты актерлік буын қалыптасты.

– Кезінде ұлылардың тәлі­мін көріп, батасын алған сіз де бүгінде ақсақал жасына жақын­дап қалдыңыз. Театрдағы қазіргі жас­тардың талабын қалай баға­лайсыз? Жалпы, бүгінгі Қара­ғанды театрының халі қандай?

– Іргелі қарашаңырақ бол­ған­­нан кейін де театрымыз үнемі із­деніс үстінде. Жақсы қойы­лым­дар жарыққа шығып жатыр. Ұжымымыз да ұйымшыл. Тек бір әттеген-айы, облыстық театр­лардағы маман мәселесі әлі қиын күйінде қалып келеді. Бұл бізде ғана емес, барлық об­лыс­тық театрға тән мәселе деп ой­­лаймын. Алматы мен елорда­дағы жоғары оқу орнын бітірген жастар театрымызға келуге құлықсыз. Үлкен қалада қалып, шығармашылық мансап жасағысы келеді. Оларды да тү­сіну­ге болады. Өйткені облысқа келетін жас мамандарды ынталандыру жағы кемшін түсіп жатқаны белгілі. Үйсіз-күйсіз пәтерден пәтерге көшіп жүрген айлығы шайлығына жетпейтін жастарда осыдан кейін қандай құлшыныс болсын? Облыстық театрларға жастардың тұрақтамайтынының негізгі себебі осы. Қалай десек те сананы тұрмыс билейтіні рас қой. Өйткені бәріміз де пендеміз. Олар­ға да кінә артуға болмайды. Сон­дықтан да басшылық, билік тарапы­нан осы жағына көңіл бөлінсе дейміз. Біз де жастар келмеді деп қол қусырып қарап отырмай, қолы­мыздан кел­генше шәкірт тәр­бие­леп, ұжым­ға орнықтырып жатыр­мыз. Тәт­тімбет атындағы өнер кол­леджін­де «Драма» бөлі­мін аш­қанбыз. Сол бөлімнің меңгеру­шісімін. Жергілікті талантты балаларды актерлікке сол жерде даяр­лап шығарамыз. Әзірге тапқан ше­ші­міміз осы. Жалпы, елдегі жас­тар­дың өнерге деген қызығу­шылығы, ұмтылысы қуантады.

 – Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»