Руханият • 20 Наурыз, 2022

Жеті қазына – жеті ырыс

15924 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейбір жағдайда көшпенділер танымында материалдық құндылықтарды да қазы­­на­ға телу бар. Демек қазақтың қазына тура­лы пәлсапалық байламы – қарапайым тілмен айтқанда, қоғам­дық дамудың ұстын­да­рына жататын материалдық һәм рухани құн­ды­­лық­тар. Яғни жеті қазына дәл мынау дей­тін­дей нақты тоқтам жоқ. Бірақ бұл ұғым хал­қымыздың ежелгі танымына сіңіріл­ген – «жеті қабат көк», «жеті қабат жер», т.б. тұжы­рым­да­ры негізінде «жеті» са­нына тұ­рақ­тап, басты құндылықтарды әр­түрлі жеті жікке бөлгенінен аңғаруға бо­ла­ды.

Жеті қазына – жеті ырыс

Мысалы, өте ертедегі бір нұсқада күллі ғалам, жаратылысты, яғни – Аспан, Күн, Ай, От, Су, Жер, Ауа деп жеті негізге жіктеп, бұларды «Ұлы жеті қазына» деп таныған. Дәл осы ұстанымы қытайдың көне Дао ілімі арқылы Азия халықтарына тарап, ежелгі түркі бабаларымыздың да таным көкжиегіне әсер еткенін аңғарамыз. Жалпы, «жеті» адам­зат­тың тірек тұтатын саны. Мысалы, біздің заманымыз­дан бұрын 1500 жыл бұрын өмір сүрген ва­вилондықтар «жеті» санын кие тұ­тып, ғиба­дат­ханаларын жеті қат етіп жасаса, жеті қазына ұғымы ислам дінінде: Қызыр, Бақ, Ақыл, Ілім, Байлық, Денсаулық және Құранда айтылатын «Үңгір иелері» туралы аяттың тәп­сіріндегі қытымыр атты Ит нұсқасымен то­лығады.

Ал қазақ халқының ұғымындағы жеті қазына қандай? Ғалым Ісмет Кеңесбаев ежелгі мифология жайлы еңбектерінде, ұлтымыздың ауыз әдебиеті мен пәлсапасында жеті саны киелі болып есептеледі. Мысалы, Тәуке хан тұсындағы ел басқарудың заң-жоралғысы «Жеті жарғы» аталуы тегін емес, дейді.

Сол сияқты ХІХ ғасырда өмір сүрген, атақты Бөгенбай батырдың шөбересі Саққұлақ би: «адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, жолаушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қор­ға­ны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынау­шы­сы – халық, жеті қазына деген осы» десе, ал көп жағ­дайда халқымыздың тұрмыстық-рухани тір­шілігі мен мәдениетіне өзек болған: Ақыл­ды әйел, Жүйрік ат, Қыран бүркіт, Құмай тазы, Бе­рен мылтық, Қанды ауыз қақпан, Өткір кез­дік осы жетеуін «жеті қазына» деп танып жүр­міз.

Ал қаһарман тұлға Бауыржан Момышұлы ата­мыз жоғарыда айтылған жалпы халықтық ұғым­ға сіңірілген қазыналарды талдай отырып, бұлар ер-азаматтың жеке басына, тұрмыс-тіршілігіне қажетті құнды дүниелер екенін айтып, жігіттің жеті қазынасын былай деп түсіндіреді: «1. Жүйрік ат – жігіттің қанаты. «Ат – ер қанаты» дегендей, атсыз жігіттің күні қараң болған; 2. Қыран бүркіт – жігіттің алғырлығы, бүріп түсер күш-қуаты; 3. Құмай тазы – сенімі, досқа адал беріктігі; 4. Берен мыл­тық – оты, қаһары; 5. Қақпан – серті, бірсөзді мәрттігі; 6. Алмас кездігі – сұсы, айбыны; 7. Сұлу әйел – елдің бәріне сұлу қайдан табыла берсін, бірақ сұлу болсын-болмасын, ол – ер-азаматтың артындағы қамалы, отының берекесі. Сұлу әйел дегенде тек бет көркі емес, оның жан тазалығы, ақыл-парасатын айтады. Беті жылтыраған ұрғашының бәрі қазынаға жатпаса керек. Сөздің қысқасы, ер жігіттің басындағы осы жетеуі түгел болса, тар­шы­лық көрмейді, депті бұрынғылар».

Осы орайда, қазақтың этнографиялық сарынды туындыларының бірі «Аңшының әні» атты шағын ән-толғауда: «Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы, Жігіттің оған құмар өнерпазы, Күлімкөз, оймақ ауыз бір сұлуға, Тарықпа ойда-жоқта қалсаң таңылып...» деген шумақта, жоғарыда Баукең атамыз жіктеп-жіліктеген қазыналардың сорабы айтылады.

Енді осы қазыналарға жеке-жеке тоқталар бол­сақ, жоғарыдағы жеті дүние бір ғана адамға тән бұйымдар. Демек бұл қазыналар жеке тұлғаға қажет жарақ ретінде, жігіттің сән-салтанатын толықтырып тұратын заттық құндылықтар. Атам қазақ ақылды һәм сұлу әйелді «Ақылды әйел – ырысыңның жартысы» немесе «Жақсы болса алғаның, Дүниенің шырағы...» деп сипаттаса, жүйрік атты «Ер қанаты – жүйрік ат» немесе «Жақсы жылқы – жан азығы» деген екен.

Сол сияқты, қазақ қыран бүркітті ер жігіт­тің сәніне баласа, құмай тазы, берен мылтық, қанды ауыз қақпан, өткір кездік бұлардың бәрі тұрмыстық мәдениеттің аса қажет жа­рақ­тары ретінде көшпенділермен бірге, біте қай­насып жасап келе жатқан дүниелер. Де­мек жеті қазына дегеніміз – жеті ырыс. Бұл қазыналар – заттық мұра ретінде адамның ақыл-ойын, амал-айласын жетілдіріп, табиғатпен етене үйлесімін, аңғарымпаздығын арттыратын дүниелер. Бір сөзбен айт­қанда, «Итті алып, аңға шық­са, құсты біреу, Еріне алтын балдақ етіп тіреу, Жігіттің бес күн жарым ғұмырында, Па, шір­кін, болсын деген бұл бір тілеу» деп әнде айтылғандай адамның ақыл-парасаты мен сән-салта­на­тын ұштайтын баға жетпес құндылықтар.