Қоғам • 20 Наурыз, 2022

Балалар жылынан не күтеміз?

4967 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өскелең ұрпақ – ел келешегі, ұлттың жалғасы. Бала болашағының іргетасы мықты болуына, ең алдымен тағылымды тәрбие мен сапалы білім ықпал етеді. Яғни бала тәрбиесі мемлекет идеологиясының маңызды бір саласы іспеттес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауының да түп-төркіні осында жатыр. Жастарды қолдауға айрықша көңіл бөлінетін Барыс жылында не жоспарланып, қандай істер атқарылмақ?

Балалар жылынан не күтеміз?

Бәрі балалар әдебиетінен басталады

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңажылдық құттықтауында ресми түрде «Балалар жылын» жария­лап, өскелең ұрпақтың жақсы өмір сүруі мемлекеттің басты міндеті екенін атап өткен еді.

«Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан бала­ларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағы­тында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», деді Мемлекет басшысы.

Президент Ұлттық қоғамдық сенім ке­ңесінің төртінші отырысында кі­тапханалардың заманауи қыз­метін ұйымдастыру арқылы замана көшіне бейімделген саналы ұрпақты тәрбиелеуді тапсырған еді. Аталған тапсырманы іске асыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі балалардың кітап оқуға деген қызығу­шылығын арттыру, отбасылық кітап оқу дәстүрлерін қолдау, балалар жазушыларына қолдау көрсету, заманауи кітапханалық қызмет түрлерін ұсыну арқылы оқырман мәде­ниетін көтеру мақсатында 2021 жылды – «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялаған болатын.

Бұл бастама орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, шығармашылық интеллигенция және қоғамдастық, мәдениет және білім беру саласының өкілдерінің тарапынан қолдау тауып, балалардың кітап оқуына ең қолайлы һәм қолжетімді бірден-бір орын – кітапханалар екенін ескере отырып, жобаны іске асырудың негізгі базасы болып белгіленді. Осы орайда кітапханаларға оқырмандарды тарту және кітап оқуды насихаттау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арнал­ған іс-шаралар жоспары бекітілді. Айта кетейік, министрлік ағымдағы жұмыс­тары аясында былтырғы «Бала­лар әде­биеті жылындағы» жобаларын жал­ғас­тырады.

Былтырғы «Балалар әдебиеті жы­лы» аясында «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бюджеттік бағдарламасы аясында шығатын балалар қаламгерлерінің шығармаларының саны артып, 40 атау бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиет 120 мың дана таралыммен басып шығарылды.

Еске салсақ, кейінгі онжылдықта министрліктің қолдауымен 169 атау бойынша балалар әдебиеті 384 000 таралыммен басып шығарылып, кітап­ханаларға тегін таратылды. Респуб­ликалық бюджеттен он жыл ішінде 424 млн теңге қаражат бөлінсе, ал 2021 жылы бөлінген қаражат 227 млн тең­гені құрады.

Қаламгерлер дәрісі

Былтыр ел астанасында үкімет­тік емес ұйымдармен бірлесіп ұйым­дастырылған «Жас қаламгер» оқыту мектебі өз жұмысын бастаған еді. Яғни мұнда 10-18 жас аралығындағы елорданың орта және арнаулы орта оқу орындарының 180 дарынды балалары драматургия, поэзия, проза бағыттары бойынша ақын Несіпбек Айтұлы, жазушы-драматург Роза Мұқанова, ақын, филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызы, айтыскер-ақын Серікзат Дүйсенғазин, т.б. қаламгерлерден дәріс алды.

Аталған жоба жас дарын иелері мен кәсіби ақын-жазушылар арасында кәсіби байланыс орнатып, мектеп жасындағы болашақ ақын-жазу­шылардың шығармашылық өнердің қыр-сырын меңгеруіне септігін тигізеді. Мәселен, былтыр оқыту мектебіне қатысқан Нұр-Сұлтан қаласындағы орта білім беретін мектепті 2022 жылы тәмамдайтын 2 оқушы Қазақ ұлт­тық өнер университетіне «Кино, теле және драматургия» мамандығы бойынша тегін оқуға шақырылған. Ал биыл «Жас қаламгер» оқыту мектебі өңірлердегі жас таланттарды іздеп, дәріске шақырмақ.

Былтыр іске қосылған «Дана бала» балалар әдебиеті веб-сайтының кон­тентін қазақстандық авторлардың толық мәтінді кітаптарымен толықтыру жұмыстары жалғасады. Оған қоса балалар мен жасөспірімдерге арналған әдеби подкасттар әзірленіп, таратылады. Айта кетейік, бұл сайтта 90-жыл­дардағы қазақ қаламгерлерінің 22 кітабы (жыр жинағы, әңгімелері мен повестері) сандық нұсқаға ауда­рылып, электронды кітапхана қорын­да ұсынылған. Алдағы уақытта қа­зақстандық балалар және шетелдік ақын-жазушылардың 200-ге тарта толық мәтінді шығармалары жүктеледі.

 Ал биыл ел астанасында Респуб­ликалық балалар кітапханасы ашылуы мүмкін. Бұл ұсынысты министрлік білдіріп, талқылау үстінде. Бұдан бө­лек жергілікті атқарушы органдар елі­­міздің барлық өңірлеріндегі ойын-сауық орталықтарында, теміржол вокзалдары мен әуежайларда, автобекеттер мен т.б. халық көп шоғырланған орындарда «буккросинг», QR кодтары бар кітап тақтайшаларын орнату арқылы оқырманның кез келген орында кітап оқуына қолайлы жағдай жасап отыр.

«Бала дауысы» – дарындар додасы

Мәдениет және спорт министрлігі биыл қоғамда мүмкіндігі шектеулі талантты балалардың шығармашылығын таныстыруымыз қажет деп шешті. Осыған орай былтыр Нұр-Сұлтан қаласында іске асырылған «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға ар­налған NewАрт балалар шығарма­шы­лығының фестивалін» өңірлерде жалғастырмақ. Яғни аталған фестиваль аясында өңірлерден мүмкіндігі шектеулі жас дарын иелерінің шығар­машылығы көпшілікке таныстырылады. Бұл қолөнер, ән айту, бейнелеу өнері, т.б. жанрларын қамтиды және жоба аясында талантты жастардың көр­месі, республикалық байқау өткі­зіледі.

Биыл «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауы мен Astana Piano Passion республикалық жас пианистер конкурсы өткізілмек. Жалпы, ха­лық­тың кітап оқу белсенділігін арттыру мен оқырман мәдениетін да­мытуға бағытталған түрлі акциялар мен іс-ша­ралар ұйымдастырылатын болады. Бұл жұмыстар көпшілікке арналған «Бір ел – бір кітап», «Әдеби өлкетану», «Нағыз оқитын кез» республикалық акциялары аясында жүргізілмек. Бұл шаралардың ерекшелігі – көрсетілген акциялар тек кітапхана оқырмандарын ғана емес, түрлі өндіріс орындары мен басқа да қоғамдық ұйымдардың қатысушыларын қамтиды.

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, еліміздің барлық өңір­інде парктер мен скверлерде ашық аспан астында кітап оқу іс-шаралары ұйымдастырылады. Кітапханалардың әлеуметтік желілердегі парақша­ла­рында «Әжемнің ертегілері», «Отба­сыммен кітап оқимыз» және т.б. театр­ландырылған білім беру онлайн-жобасы да іске асырылады. Ал Ұлттық кітап палатасы «Балаларға арналған үздік шығарма» байқауын өткізуді жоспарлап отыр.