Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Әсілінде, текті әулеттен тараған ұрпақтар жұп құрай қалса, одан тараған баланың да қатарынан оза шабатыны, биікке бастар жолды жаңылмай табатыны әлімсақтан аян. Жұдырығы тоқпақтай, жауырыны қақпақтай Қажымұқанның 17 жасында танылғаны, онымен шыққан Саракики секілді саңлақтардың жауырыны бозкілемге қазықтай қағылғаны тарихта тайға басқандай мөрленген. Сол Қажымұқанның жойқын күштің иесі болуында нағашыларының да үлесі бар десек, қателеспеспіз. Иә, нағашы атасы Лек балуан қолына ілінген ағашты тамырымен жұлып алса, өз әкесі жұрт арасында «жуанаяқ балуан» атанған Мұңайтпас болса, Қажымұқанның осал болуға қақысы жоқ еді ғой. Әке жағынан да, нағашы жағынан да бойына тектілік қаны құйылған Мұңайтпасұлының мықтылығы нағашыларымен де байланысып жатқаны рас.
Жүрегі өз елім, өзегім деп соққан Мұстафа Өзтүріктің нағашы атасы әйгілі балуан Қайысбай екені белгілі. Қайысбай нағашысына тартқан Мұстафаның да қайыспас қара нардай болуы нағашыларынан дарыған мықтылық екені даусыз деп білеміз.
Алаштың ардақтысы, тұлғаның салмақтысы ретінде тарих парақтарында аты алтын әріптермен қатталған Әлихан Бөкейханның анасы Бегім ханым екені мәлім. Күллі қазақ қайраткер, айбатты ер деп бағалаған Әлиханның бойына да тектілік дәні анасының сүтімен дарығаны даусыз ғой. Енді ше, түп нағашысы Мамай батыр болса өзі де маңайына қорқауларды жинамаса керек-ті.
Арғы-бергі тарих парақтарын ақтара берсең, мықтылардың нағашылары да осалдан еместігін сезіну, түсіну қиын емес секілді. Қайратты ана Қалампырдың тар құрсағын жарып шыққан Балуан Шолақ та қарулы қолымен айналасындағыларды тамсандырды емес пе? Сол тарихи деректер Қалампырдың заты әйел болғанымен қолының қуаты талай ерді он орап алатындай болғанын алға тартады. Соған қарағанда Балуан Шолақ анасына тартқан болып тұр ғой.
Адамзат ақыл-ойының алыбына телінген Абайдың нағашылары да текті әулет екені белгілі. Ендеше, тегін түгендеп көрсек. Қазақтың бас ақынының нағашылары да, қайын жұрты да Қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпақтары екені тарихта жазулы тұр. Ақыннан туған Әбіштің нағашылары да сол қаракесектер екені мәлім. Осыған қарап-ақ, қазақтың «тектіден қыз ал» деген сөзі еріксіз еске орала береді екен.
Қарт тарихтың қатпарына әріден үңіліп, тіпті тереңге бойлай түссек, Шыңғыс ханның нағашылары қоңыраттан тарайтыны бірден ойға оралады. Нағашысын былай қойғанда, сүйген жары Бөрте де қоңырат тайпасынан ғой. Осыған қарап-ақ, жігіттің жақсысы расында да нағашыдан ба деген ой сана төрін шарлап жүріп алатыны бар.
Кейбір деректерде белгілі шешен Тұяқ Елқондыұлы тарақты руынан тарағаны айтылады. Оның туған жылы туралы нақты мәлімет жоқтың қасы. Сол Тұяқ Елқондыұлының тарақтының қыздарынан туған атақты адамдар туралы бір жыры бар.
«Қаз дауысты Қазыбек би,
Ол да менің жиенім.
Қаракерей Қабанбай,
Ол да менің жиенім.
Қанжығалы Бөгенбай
Ол да менің жиенім.
Шақшақұлы Жәнібек,
Ол да менің жиенім.
Ошақты да Сапабек,
Ол да менің жиенім.
Қарсендегі Ер Көпбай,
Ол да менің жиенім.
Тобықтыда Құнанбай,
Ол да менің жиенім.
Дәулет, Байзақ, Мәмбет,
Ол да менің жиенім.
Дүкенұлы Ықылас,
Ол да менің жиенім.
Ботпай-Шымыр Сыпатай,
Ол да менің жиенім.
Шұбыртпалы Ағыбай,
Ол да менің жиенім»,
деп төкпелетеді ол осы жырында. Байқасақ, мұнда да мол тағылым тұрған сияқты.
Әдетте, ауыл-аймақта баласы бәйгеде топ жармаса «нағашысына тартқан ғой» деп кейде әзілге, кейде шынға айналдырып қағыта сөйлеп жататындар әлі де кездесіп жатады. Ал өткен тарихқа зер салсақ, талай тұлпар мініп, ту ұстаған тарландардың нағашылары осалдан болмағанын байқаймыз. Тектілік пен мықтылықтың барлығы да бала бойына ана сүтімен даритынын қаперде ұстасақ, «нағашысына тартқан ғой» деген сарказмды санадан сылып алып тастауымыз керек.
Расында да «алып анадан туады». Оған ешқандай дау жоқ. Сондықтан да кісілікті бойына дарытқан әрбір адам кішілікті ұмытпай, анасының жұртына, нағашысына бас игені абзал шығар.