Аймақтар • 21 Наурыз, 2022

Ата салтын жаңғыртқан ауыл

684 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ халқының ең танымал ұлттық сусыны, дәрумендер мен пайдалы микроағзалардың қайнар көзі қымыздың тағы бір ерекше қасиеті бар екенін Жаңабазар ауылының тұрғындары дәлелдеп келеді. Иә, Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауылында қариялар қысы-жазы жексенбі күні жиналып, қымыз ішетін, ертеден келе жатқан әдемі дәстүр бар.

Ата салтын жаңғыртқан ауыл

Қазығұрттың күншығыс беткейінде тау бөктерін қуалай ағып жатқан өзен-жылғалар көп. Суықбұлақ, Көкібел, Жігірген, Ұясу, Қаржансу, Қарабау өзендері, Тұрбат жақтан келетін Шарбұлақ өзені – бәрі Жаңабазар ауылының тұсында Келес өзеніне қосылып жатады. Осы ауылға келетін үлкенді-кішісі бар қонақ та үзілмейді. Олардың басым бөлігі қымызға қызығып та келеді. Біз айтқан дәстүрді жергілікті жұрт – «қымыз жиыны» деп атайды. Ауыл тұрғындарының бір үйде бас қосып, қымыз ішіп, өзара әңгіме-дүкен өткізетін үрдісі 1950 жылдан бері бар екен. Қариялардың әңгімелеуінше, Кеңес өкіметінің дәуірлеп тұрған кезінде бұл өңірде 60-тан астам ұсақ ұжымшар болған. Сол кезде алыс-жақын ауылдардан атпен, есекпен Жаңабазар ауылы­на келіп, қымыз ішіп қайтатындар аз болмаған. Сусындаудың себебімен келгендер өзара әңгіме-дүкен құрып, жаңалық хабарларын айтып, шаруа жа­йын ақылдасып отырған.

Кейін бірнеше ұсақ ұжымшар біріктіріліп, 1963 жылы Жаңабазар ауылы­нан «Коммунизм» қой кеңшары құрылған екен. Бертініректе, яғни 1997 жылы ауыл азаматтары «қымыз дәмге» жиылып, бүгінді саралай ертеңгі күнді ойлап «Қарабастау» өндірістік кооперативін құруға шешім қабылдаған. Дегенмен, «ортақ өгізден оңаша бұзауды артық» көргендер қатары көбейіп, өндірістік кооператив жұмысын тоқтатады. Әр шаруа өз үлесін бөліп алады. Уақыт өтіп, ел ішінде құрылымдық немесе шаруашылық басқаруда өзгерістер болып жатқанда, көпті көрген қариялардың қалауымен бұрыннан қалыптасқан «қы­мыз-жиын» дәстүрі жоғалған жоқ. Ширек ғасыр бойы қариялардың әңгі­месіне қанығып, осы жиынның басы-қасында жүрген Қалтай Сейітматовтың айтуына қарағанда, ақсақалдар бастаған басқосуға келгендер бой жазып, көңіл көтеріп, әңгіме-дүкен құрумен ғана шектелмейді. Қымыз бұл күні жұртты жақындастырып татулыққа үндеуге, адасқанды тура жолға, тентекті тезге салатын, ел ішіндегі дау-дамайды, тұрмыстық мәселелерді шешетін, бір-біріне қырын қарап жүрген екі­жақты ымыраластырып, татуластыратын, ауылдың бірлігі мен бүтіндігін, берекесін cақтауға дәнекер болатын сусынға айналады. Мұны біз қымыздың тағы бір қасиетіне балап отырмыз. Оған адамның физикалық жағдайын оңалтып, тәбетін ашатын, ас қорытуды жақсартатын және басқа да пайдасын қосыңыз.

Тәуелсіздік жылдары жаңаба­зар­лықтар бұл дәстүрді одан әрі жетілдіре түсті. Жергілікті белсенділердің бас­тамасымен «Жаңабазар ардагерлері» қоғамдық бірлестігі құрылды. Осыдан тоғыз жыл бұрын ауыл ақсақалдары бас болып, демеушілердің көмегімен орталық елді мекеннің көркін ашатындай әдемі ғимарат бой көтерді. Маңдайшасына «Ардагерлер үйі» деп, одан төменірек «Қымызхана» деп жазылып қойылды. «Жомарт жандардың демеуімен 21 млн теңге қаражат жиналып, қымызхана ғимаратын 2013 жылы маусымда бастап, қарашада салып бітірдік. Нұрлан Құралов, Жарас Ертаев сынды кәсіпкерлер және ауыл түлектері, тұрғындары елеулі демеу көрсетті. Игілікті іске сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы келіп, жаңа ғимараттың лентасын қиды», дейді Қалтай Сейітматов.

Құрылыс компаниясында прораб болып істеген Қ.Сейітматов ақсақал­дардың тапсыруымен ғимараттың жо­ба­сын сызып, жұмысқа басшылық жа­саған. Өзгеше өрнекпен салынған сәнді де сәулетті «Ардагерлер үйі» көңіл сүйсінтеді. Көрме залы, намаз оқитын, қонақ бөлмелері бар ғимарат­та қымызхананың өткенінен сыр шерте­тін деректер де орналастырылған. Деректерде Жаңабазар елді мекенінде ірі базар болғаны, сол өңірдің 10-15 колхоз басшысы бірлесіп, «Жаңабазар қымызханасының» негізін қалағаны айтылады. Олардың қатарында Әділ, Әлімбай, Тілеміс, Арынтай, Нәзірқұл, Исебай, Зиямет, Нұржан, Бекмырза және тағы да басқа ел басқарған азаматтар болыпты. Бүгінде алдыңғы буын аталардың ұрпақтары осынау ізгі бастаманы жалғастырып келеді. Мысалы, ғасыр жасап 103-інде өмірден өткен Айтбай Баймұратов ақсақал апта сайынғы жиынның тұрақты қатысушысы болған. Жаңабазардағы рухани маңызы бар басқосуға бүгінде 55 адам тіркеліпті. Әрине, жыл са­йын ұрпақтар алмасады. Өмірден озған ақсақалдардың орнына ұлдары келіп қатысады. Сөйтіп, ұрпақ сабақтастығы жалғасын табады. Бұл ортаға қосылғысы келетіндер де көп. Алайда оларға қойылар талап жоғары. Елге абыройлы, өзіндік айтар сөзі, үлгі етер өнегелі өмір жолы бар 60-тан асқан жандар арнайы комиссияның іріктеуінен өткенде ғана қатарға қосылады екен. Ол комиссияның төрағасы елге есімі мәлім журналист Жорабек Сүйеубеков. Ата салтын жаң­ғырт­қан ауыл қарияларының бұл өне­гелі тірліктері өзге өңірлерге де үлгі болғанын қалайтындар да көп.

«Басқосуымыз үзілген емес. Кезек бойынша кесте жасалған. Тек пандемия кезінде және кешегі «Қаңтар қасіреті» атанған күндері тоқтатылды. Сондай-ақ Қасиетті ораза айында үзіліс жасаймыз. Жексенбі күнге қымызды жергілікті төрт отбасы дайындайды. Шамамен 100-120 литр қымыз ішіледі. Сондай-ақ сол күнге арнап тандыр нан жабатын отбасы бар. Әр жиында сары қымызды сарқып ішіп, өткен қысты қорытып, келген көктемнің, жаңа тіршіліктің жұмысына нұсқаушылық жасау да осы қариялардың еншісінде. Мал ұрлығы болған жағдайда кінәліні анықтап, шешімін айтатын осындағы қариялар. Одан бөлек, өз еңбегімен шаруа қожалығын ашып, кәсіпке бет бұрған азаматтардың еңбегін көпшілік алдында айтып, жалқау жандардың намысын қамшылап та отырамыз. Кейде атқамінер қалталы азаматтар да ақсақалдардан ақыл-кеңес сұрап келеді. Қиналғандарға қолұшын созып, кеңес айтып, ақ батасын беру «Қымызхана» мүшелерінің міндетіне айналған. Қариялар дегенімізбен арамызда жастар да аз емес. Мысалы, жасы үлкеніміз Палмат Анарбаев 87-де болса, Ғани Сапарәлиев 31 жаста», дейді Қалтай қария.

«Жаңабазар ардагерлері» қоғамдық бірлестігі қайрымдылық жасаудан да кенде емес. Бірлестік мүшелері Арыс қаласында болған жарылыстан зардап шеккен отбасыларға, Мақтаарал ауданы тұрғындарының үйлерін су шайып кеткен кезде де қолдан келген жәрдемін аямады. Ауылдың биі Тәңірберген Құралбаев бастап, кәсіпкерлерді ұйымдастырып, нақты материалдық көмек көрсетті. Жыл са­йын ауыл әкімдігінің тізіміндегі тұрмысы төмен отбасылардың әрқайсысына азық-түлігін жеткізіп, қайырымдылық жасаған азаматтар да аз емес.

Иә, қымыз исі бұрқыраған Жаңаба­зарда әр жексенбі күні ішілетін ұлттық сусын мен мәнді мәжіліс талайға үлгі етерлік іс. Арнайы тапсырыспен алды­рылған қымыздар кіл бабында. Саумал, дөнен, құнан, бесті мен сары қымыз болып таң атқан сайын атауы арта беретін бие сүтінің емдік қасиетін ерте бастан білген жаңабазарлықтар саламатты өмір салтын, ұлттық тағамды насихаттаудың тың үлгісін де көрсетіп келеді.

 

Түркістан облысы