Президент • 21 Наурыз, 2022

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтады

410 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының «Астана»алаңында өтетін мерекелік іс-шараға қатысып, барша қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.



Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы бұл мейрам ежелден жақсылық пен жасампаздықты дәріптейтін ұлық мереке екенін атап өтті.

«Күн мен түн теңеліп, күллі табиғат қайта жаңаратын әз Наурызды қарсы алуға бабаларымыз ерекше мән берген. Жыл басын - Ұлыстың ұлы күні деп ардақтаған. Әз Наурыз - береке-бірліктің, шынайы жанашырлықтың және өзара қамқорлықтың мейрамы. Мен бүгін Ұлыс күнін өздеріңізбен бірге қарсы алу үшін Алматыға арнайы келіп отырмын. Алматы - Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Халқымызға қайта оралған Ұлыс тойын мерекелеу осы қастерлі мекеннен басталды. Алматы - қазақ елінің рухани, мәдени және іскерлік орталығы. Зиялы қауымның, өнер, білім, ғылым, бизнес саласының өкілдері осында шоғырланған», деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын алдағы ауқымды міндеттерді бірлесе іске асыруға шақырды.

«Бір ел, бір халық болып, жаңа Қазақстанды бірге құрайық. Алдымызда тұрған ауқымды міндеттер бар, көп жұмыс бар. Сондықтан бәріміз бірге бір ел болып, осы міндетті атқарайық. Құрметті жастар, бірге болайық, бірге жұмыла еңбек етейік! Тұғыры мығым, бірлігі бекем еліміз жасай берсін! Қазақстанымыз жасай берсін, мәңгі болсын! Әз Наурыз құтты болсын! Баршаңызға аманшылық тілеймін!», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.