Қоғам • 23 Наурыз, 2022

Қала құрылысына қатаң тәртіп қажет

14304 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі кезде Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары тұрғындарының өздері тұрып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің қасынан қосымша құрылыс салуға қарсы наразылық білдіруі жиілеп кеткені мәлім. Осыған орай Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлидің хабарлауынша, жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мегаполистердің әкім­деріне қала тұрғындарының өтініш­теріне құлақ асып, тұрғын үй кешен­дерінің жанынан биік үйлерді тығыз салуды тоқтатып, олардың орнына әлеу­мет­тік объектілер, саябақтар мен бала­ларға арналған спорт алаңдарын салуға баса мән беруді тапсырыпты.

Қала құрылысына қатаң тәртіп қажет

Расында да, осыған дейін қалалық әкім­діктердің «тілін табуды» білетін құрылыс компанияларының иелері мен жекелеген кәсіпкерлер тек пайда көруді ойлап, тұр­ғындардың талап-тілектерін елеп-ескермес­тен, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын мүлдем тарылтып жаңа тұрғын үйлер мен басқа да объек­тілер салмақ болып, аяқастынан дау-дамай туғызып келді. Бұған айғақ ретін­де алысқа бармай-ақ, биылғы жыл­дың басында елордадағы Highvill Аstana тұр­ғын үй кешенінің тұрғындары Highvill Kazahstan жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігінің бұрын жоспарланған мектеп пен балабақшаның орнына бірнеше көп­пәтерлі тұрғын үй салуына ашық наразылық біл­діргенін айтуға болады.

Ал Алматыда былтыр «Жетісу-3» шағын­ауданының тұрғындары өз үйлерінің жанынан тағы бір тұрғын үй кешенін салуға қарсы шыққан. Олар онсыз да көлік қоятын орын жетіспейтініне, балалар алаңы жоқтығына шағымданған. Сондай-ақ өткен жылы оңтүстік астанада ертеректе жер заңнамасын өрескел бұзушылыққа жол берілуінің салдарынан Ерменсай шағынауданындағы бір көппәтерлі тұрғын үйдің ауласындағы балалар алаңын жекеменшік иесі бұзып тастай жаздаған.

«Қызым саған айтамын, келінім, сен тыңда» демекші, Президенттің қос мегаполис әкімдеріне берген тапсырмасын басқа қалалардың басшылары да қаперлеріне алса, құба-құп. Өйткені құрылыс заңнамасын бұзу деректері өңірлердегі талай шаһардан табылып жатқаны белгілі.

Мәселен, былтыр Атырау қаласындағы «Гауһартас» тұрғын үй кешенінің тұрғын­дары өздері қаржы жинап, бірлесіп орнатқан балалар алаңының орнына оның орналасқан жерін бұдан он жыл бұрын сатып алған құрылыс компаниясының жаңа тұрғын үй салуына қарсылық білдірген. Ал Қарағанды қаласының орталығындағы ескі көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары шаһар шетінде бос жер жеткілікті екеніне қарамастан, өз баспаналарының жанындағы шағын бақтағы жүздеген ағашты түгел отап тастап,  жаңа тұрғын үй кешенін салуға наразылық танытқан.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, кезінде бір пысықай кәсіпкердің Петропавл қаласының орталық саябағының шетіне сұғына енгізіле салынып жатқан зәулім тұрғын үйінің құ­рылысын көрген жергілікті тұрғын­дар қанша дабыл қаққанымен, оған құлақ асқан ешкім бол­мағаны жадымыз­да. Тіпті құқық қорғау органдары да тексеріс жүргізгенімен, «Бәрі заңды» деп, дәрмен­сіздік көрсеткен.

Мұндай белден басушылықтарға қала­лардың бас жоспарларын өрескел бұрма­лаудың салдарынан жол беріліп келгені сөзсіз. Әрине, оның негізгі себебі – құрылыс пен жер қатынастары салаларындағы сыбайлас жемқорлықтың тамырын тереңге жібергенінде. Сондықтан да аталған са­лаларға қатысты қолданыстағы заңнаманы қайта қарап, қатайта түсу қажеттігі даусыз. Атап айтқанда, кез келген елді мекеннің бас жоспары – қала құрылысының бұлжымас заңына айналуға тиісті. Оны әзірлеу және қабылдау жергілікті тұрғындардың кеңінен қатысуымен әрі барынша ашық жүргізілгені жөн. Бұл құжатқа уақыт өте келе, заман талабына сай енгізілетін ішінара өзгерістер де жұртшылықтың жария  талқысына салынып барып қана қабылдануы керек. Бұған қоса, кез келген елді мекеннің бас жоспарының қатаң сақталуы үшін уәкілетті мемлекеттік органдар басшыларының жауаптылығын күшейтпесе болмайды. Өйткені бас жос­парды бұрмалау дерегінің қайсысын алып қарасаңыз да, жемқорлықтың жаман иісі мүңкіп тұрады.