Өнер • 23 Наурыз, 2022

Мүсіншінің музейі

367 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Көзге елеусіздеу тұрған «Музей үйді» баяғыдан байқап жүрген­мін. Ауласының есігі шалқасынан ашық жатса да, осыған дейін табалдырығына табаным тиіп көрмепті. Менің ғана емес, сол музейді көрдік деп ауыздарының суы құрып әңгіме айтқан жан баласын да білмейді екенмін...

Мүсіншінің музейі

Ұмытпасам, 2015 жылы ғой деймін, Өскеменнен түстік жер­дегі Сібе көлінің жағасында дүркіреген фестиваль өтті. Суас­ты балықшыларының сайысы. Күн күйіп тұр. Ырду-дырду ел... Сол кезде ғой, шатыр астында ұйымдастырылған көрмеде ағаштан ойылған ерекше мүсін­дер көзді арбаған. Ерекше деп отырғаным, ергежейлілер мен мультфильм кейіпкерлері еді. Жа­саған шебер кім екенін сұра­ғанымда, Өскемендегі «Музей үйде» жұмыс істейді дескен. Аңсарым ауған музейге әне барамын, міне барамын деп жүргенде, жеті жыл уақыт өтіпті. Дәм ғой, жуықта ғана сол музейдің қо­жайы­нымен жолығысып қалдық. Қазақ хандығына арналған экспонаттар әзірлеп жатқанын айтты. «Адам айдаса, бармаймын, дәм-тұз тартса, қалмаймын» демекші, ертесі алаң-елең уақытта алып-ұшып жетіп бардым...

Оюлы ағаш есікті ашып, ішке кіре бергенде музейге емес, бөгде бір әлемге еніп бара жатқандай күйге түстім. Мүлдем бөлек атмосфера. Әдеттегі барып жүретін музейлердей емес, сөзбен айтып жеткізе алмайтындай тылсым әсері бар. Тіл күрмеліп, ой сан саққа жүгірді. Қолданбалы өнердің нағыз шебері, осы үйдің иесі Юрий Кастаняцпен есендескен соң әңгімені неден бас­тарымды білмей састым. Кі­реберіс есіктің тұтқасынан бас­тап, іштегі әр бұйымға дейін ағаштан ойылған. Қос қабатты ғимараттың ішкі қабырғаларын жалпақ таспен жымдастыра қаптап, беткі қабатын жылтыратып, майлап қойған. Бәрі-бәрі табиғи. Дәл мұндай музейді классицизм өнерінің іргетасы қаланған Римнен, Петербордан таппайтын шығарсыз.

Шаңырағы биік кең сарай. Ортадан әскери жорыққа аттан­ғалы тұрған кейіптегі Шың­ғыс­ханның мүсіні қасқаяды. Ас­тындағы аты ауыздығын қарш-қарш шайнап, ойнақшып келе жатқандай. Ханның өзі сұсты, қаһарлы. Алдынан шыққан жау­ды жайратып салардай. Ала шұбар барыстың терісін ер­дің үстіне жапқан Шыңғыс хан­ның кескін-келбеті мінез-құл­қын ашып тұр. Зер сала қарасаңыз, өмілдірік, құйысқан, қанжы­ғада­ғы еспе арқанға дейін ағаштан жо­нылған. Тіпті хан басындағы дулығасының әр қабыршығына дейін ерінбей, еппен ойып шыққан соң Ю. Кастаняц хас ше­бер емей кім?! Мүсіндерінен ине­нің жасуындай мін таппайсыз.

ш

Алакөлеңке үйдің ішінде үз­дік-создық ыңылдаған әуен ойнай­ды. Санадағы артық-ауыс ойды сылып тастап, ағаш фигура­ларды көзбен шолып ұзақ жүрдім. Юрий шебер де үндеген жоқ. Музейдің төргі жағына жақындағанда, шымылдықты түріп, қап-қараңғы бөлмеге бастады. Кіре бере қо­лындағы әлсіз ғана жарық шашатын шамын қосты. Тақта тәкап­парлана хандардың бірі отыр.

– «Орта ғасырдағы Азия» жо­басын әзірлеп жатырмыз. Бұл Шыңғыс ханның немересі Батый. Алтын Орданың негізін қалаған. Көрерменге сол заманның рухын сезіндіру үшін Шыңғыс ханның әулетін осындай, қараңғылау бөлмеге орналастырамыз. Олар­дың бәрін барыстың терісін жа­мылған кейіпте жасаймыз, – деп өз өнеріне өзі тамсана қарады Юрий шебер. – Ал мынау Қайыр хан, анау Кенесары, – деп дәлізде қаз-қатар тұрған хандар мен батырларды таныстыра бастады. Олардың тарихын, жасалу әдісін әңгімеледі.

Қазақ балаларына алғаш мектеп салған Жәңгір хан, қасқыр ерткен Малайсары, Бөгенбай батыр, Қасым хан, Әбілқайыр хан, 16 жасында екі қабанды сұлатқан Қабанбай батыр, тағысын тағы... Әйтеуір қазақтың хандары мен батырларын түгендеп жүр екен. Тарихи тұлғаларымызды Ю.Кас­таняцтің үйінен көру – қазақ тарихына, қазақ еліне деген зор құрметтің белгісі дер едім. «Руха­ни жаңғыру» деген осындай болса керек-ті.

Әр мүсін өзінше ерекше. Қабанбайды қараңыз, композициясы қандай?! Тұғырда найзалы батыр, төменгі жағындағы қа­мыс арасында қос қабанмен арпалысқан жас жігіт. Жігіттің қабанға қараған отты жанарына дейін бейнеленген. Жо-жоқ, бояумен емес, жұмыстар тек пышақтың жүзімен ғана жүзеге асады екен. Мұндағы шеберлер зыр еткізіп, тіле салатындай станок пайдаланбайды. Егер фигураларды станокпен жасар болсақ, өнер өледі деген пікірде Ю.Кастаняц. Ертегілер елінде жүргендей мен:

– Мұндай шеберлікпен жа­салған дүниелер Эрмитажда жоқ шығар, деймін ғой Юрий шеберге.

– Эрмитаж дейсің бе? Хабар­ласқан ол жақтан. Петербордан бір суретші келіп, таңғалып кетті. Мұндай музейді алғаш көруіміз дейді. Бәрінен де қолданбалы өнерді оқымағаныма сене алмай басын шайқады.

– Сонда сіздің мамандығыңыз не? – дедім. Иә, суретші болмаса, бұл деген көлденең көк аттыға дари бермейтін өнер.

– Ұшқышпын, – деп мырс етті. – Отыз екі жылдан бері зей­­нет­кермін. Жасым жетпісте. Туған жерім – Баку. Мектепті тәмамдаған соң екі жыл институтта оқып, әскер қатарына аттандым. Келген соң ұшқыштың оқуына түстім. Дипломымды алған соң Қазақстанға жіберді. 1976 жылдан бері осы Өскеменде тұрамын, – деп шешіле сөйлей бастады. – Ұшқыштың оқуында жүргенде-ақ ағаш ойып жүре­тінмін. Ешкім қолыма қашау, пышақ ұстатып, ағаш оюды үйреткен жоқ. Өнердегі бағытым тарихи тақырып болғандықтан, ағаш жонудан бөлек кітап көп оқимын, тарихшылармен кеңе­семін. Жасаған дүниелерім тарихи шындыққа сай болуы керек қой.

– Сонда бір мүсінге мөлшер­мен қанша уақыт жұмсайсыз? – дедім. Ондағы ойым – саны жоқ мұншама жұмысты жасау үшін жүздеген жыл немесе қажырлы еңбек қажет.

– Мен «бір картинаны алты жыл, он жыл жаздым» дейтін суретшілерге таңым бар. Демек, ол еңбек етпейді немесе суретке икемі жоқ. Мысалы, мен тақтай бетіне рельефті портретті үш-ақ күнде ойып беремін. Ал анау Шың­ғыс ханның мүсініне үш ай уақыт жұмсадық.

– Жұмыстарыңызды сатасыз ба? – дедім.

– Күн көруім керек қой. Бірақ мен материалдық байлықтан гөрі рухани байлықты жоғары қоямын. Мен үшін өнер маңызды. Тапсырыспен жасалған бірде-бір дүние жоқ. Баяғыда бір экстрасенс келіп, «төрдегі екі бағанаң таза энергияға толып тұр. Мұн­дай энергияны басқа жерден көрмедік» деген. Себебі дедім мен, «мұндағы әр бұйым шынайы махаббатпен, жүрекпен жасалған. Мұнда келген адамның ойы да тазарады». Рас, солай. Тағы бірде орта жастағы әйел адам келді. Тыл­сым күш барын ол да сезді ме, «ұлымды алып келейін бе?» деп рұқ­сат сұрады. Сөйтсем ұлы ар­найы әскери жасақта қызмет ет­кен бе, әйтеуір қызмет бабында қыл­мыскерге оқ атып, мерт еткен кө­рінеді. Соның әсерінен арыла ал­май ұзақ жыл жүріп осында кел­ді. Мынау музыка, атмосфера әлгі жігітті стрес­тен алып шықты, – деп төбе жақтағы пошымы бө­­лек­­теу кейіптегі мүсіндерге қа­ра­ды.

Музей үйдің қарауылдарындай қарулы мүсіндер ұзыннан-ұзақ балконның өр жағында жуан шынжырмен ілулі тұрған секіл­ді. Көмескіленіп, көзге анық кө­рінбейді. Айтса, айтқандай-ақ. Аурасы басқа бұл үйдің. Арт-тера­пия деген осы ма деймін. Өс­ке­менге келген туристерді алып келетіндей жер. Қаламызға кел­ген меймандар мұнда ат басын бұрса, Юрий шебер шайын демдеп, тәтті-дәмдісін алдарына тосып, қарсы  алатынын да айтып қалды.

– Жетпісінші жылдардан бергі өнеріңізді өзге елде көр­сете алдыңыз ба? – дедім екінші қабатқа көтеріліп бара жатқа­нымызда. Қос қабатты ғимарат іші толған қолөнер. Үй салуды қойып, бір шеге қағып көрмеген жігіттеріміз бар. Олардың қасын­да Юрий Кастаняц бұл үйді іргетасынан бастап өзі қалап, музей ретінде ұстап отыр. Алдыңғы жылдары екінші қабатынан өрт шығып, бірталай жұмыстары отқа оранған. Соның өзіне сабырмен қараған ол бәрін қайтадан қалпына келтірді.

– Мақтанғым келмейді. Жа­саған дүниелерім халықтың көз алдында. Есігім ашық. Ке­ліп көрсін. Менің көрмем жыл кө­лемінде өтіп жатыр. Жұ­мыс­тарым 1990 жылдары Кеңес Одағында бірінші орын алған. Ал 2014 жылы Парижде, Эйфель мұнарасының түбінде «Еуропа» салонында жеке көр­мемді өткіздім. Оның өзі әуре болды. Жұмыстарымды Парижге дейін жүк көлігімен апардым. Ол жақтың халқы өнерді шын көңілмен бағалады. Мәде­ниеті де жоғары. Бірақ сата алмадық. Себебі құжатты дұрыс жасамадық. Құжаттары дұ­рыс болған күннің өзінде де сатып алмаушы еді. Неге дейсің ғой. Мысалы, еуропалықтарға Абылай хан керек пе?! Мүмкін Рим батырларын жасап апарсам, өтер еді, – дейді Юрий шебер.

н

Рас, жұмыстарының бірқа­тары қазақ тарихына, қазақ хан­дығына, қазақы дәстүрге ар­налған. Ара-арасында жеңіл тақырыптарға да ерік берген. Қожанасыр, Алдар көсенің образына қарап бір жымиясың. Романтикалық мүсіндер де жоқ емес. Әскерилерге ұқсатып қаша­ған шахмат фигуралары мен тақта­сының өзі қандай?! Адамата мен Хауананы да әр қырынан мүсін­депті. Анималистік жанр да басты тақырыптарының бірі екен. Қабырғаларда қасқыр, аю, арқар, жолбарыс сияқты жыртқыш­тардың бастарын горельеф жанр­ында жасапты. Шынайы. Көз жанарлары от шашып, шытынап тұр. Міне-міне бас салатындай.

Музейде орыс ұлтының тарихына байланысты жасаған жұмыстары да аз емес. А.Нев­ский­дің өзі менмұндалайды. Шір­­­кеудің алдында қылышына сүйе­ніп тұр. Шіркеудің етек жа­ғына қалың қол бекінген. Күм­безінде ағаштан ойып жасалған 5 мың қабыршық бар екен. Бұған қарап, неткен шы­дамд­ы­лық дедім. Орыстың тарихына байланыс­ты көзге түскен тағы бір мүсін – кемеге мінген майор И.Ли­харев. Кеме­нің желкенінде «1720. Усть-Ка­меногорск» деген жазуы бар. Яғни И.Лихаревтың Өске­мендегі Ертіс пен Үлбінің қо­сылған тұсына келіп, бекініс салған кезіне арнап жасалған композиция.

– Мынандай шұқыма жұ­мыстар жалықтырмай ма? – дей­мін ғой жанашырлық таныт­қандай.

– Мен ағаш ойып отырып демаламын. Оның үстіне ойыма келген идеялар маза бермейді. Алдағы уақытта күрделі жоба бастағым келіп жүр. Жуықта ғана Рюриктен кейінгі князь – Олег Вещий туралы оқыдым. Заманында бүгінгі Ыстанбұлды басып алған екен. Суреттеп жа­зылған бір эпизод қатты әсер етті – О. Вещийдің әскері үлкен кемені дөңгелекке қойып, қақпаға алып келген. Сөйтіп, Царьград қаласын басып алған. Қазір ком­позиция көз алдымда тұр: Қоршау. Ішкі жағында күмбезді шіркеу. Қақпаға қағылған алтын қалқан. Уралаған жауынгерлер... Міне, осыны жасағым келеді, – деп ағынан жарылып, жоспарын жайып салды.

Сондай-ақ Құдай қуат берсе, алдағы уақытта қазақтың тарихына қатысты экспонаттарды жеке бөлмеге, орыс халқымен байланысты мүсіндерді жеке бөлмеге топтастырмақшы. Дәл қазіргі уақытта «Ұлы даланың ұлылары», «Қазақстан тарихы», «Ресей тарихы», «Орта ғасыр­дағы Азия» сынды ауқым­ды жобалармен жұмыс істеп жат­қандығын да баяндады. Юрий Кастаняц жалғыз емес әлбетте, қасында тағы екі шебер бар. Алайда қолданбалы өнерге шынайы қызығатын суретшілер жоқ көрінеді.

н

Бәрін айт та, бірін айт, мұндай бекзат өнер Юрий шеберге қайдан дарыған десек, атасы Эдуард Казарян микроминиатюраның негізін қалаған екен. Әу бастағы мамандығы скрипкашы Эдуард Казарян кейіннен микроминиатюра жасай бастаған. Ол дегеніміз – көзге көрінбейтін микромүсін. Ондай жұмысты көбінесе микроскоп немесе лупа арқылы ғана көруіңіз мүмкін. Эдуард ақсақал тырнақалды туындысын Сталинге сыйлаған екен. Немересінің айтуынша, иненің жасуына скрипка жасап, симфониялық оркестрде ойнат­қан екен. Сонда дейді, кәдімгі скрипканың үні шыққан екен.

Әлемде теңдесі жоқ микро­мүсіндер жасаған Эдуард Ка­зарян осыдан он жыл бұрын туған жері Арменияда өмірден озыпты. Оның өнер туындылары әлі күнге ұрпақтарының қолында сақтаулы. Сенесіз бе, білмеймін, кәдімгі бір тал шашты ойып, Мұхамед Әли мен Чарли Чаплиннің рингтегі микромүсінін жасап, көпшілікті таңдай қақтырған деседі.

Міне, әлемді тәнті еткен микро­­мүсіншінің немересі Юрий Кастаняц Өскеменде өнер­­мен айналысып жүр. Үн­демей ғана үлкен өнерді өлтір­мей келе жат­қан Юрий шебер­ге Құдай ден­саулық берсе, әлі талай тың туындылар жасап шығарары сөзсіз.

е

 

ӨСКЕМЕН