Пікір • 24 Наурыз, 2022

Жаңалыққа толы Жолдау

358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіз ел басшысының әр Жолдауын асыға күтетініміз, ел өміріне қатысты жаңалықтарды тосатынымыз да рас. Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осынау Жолдауын асыға күткеніміз рас және көк жәшікке үңілген әр көрерменнің жан дүниесін қуанышқа бөлеген жаңалықтардың да, жақсылықтардың да көп болғаны шындық. Себебі тарихтың небір толқынын бастан кешіп үлгерген, еліміздің ертеңіне елеңдеген жұртшылық алдағы күндерден күтер үмітін осы Жолдаудан күтіп отырған.

Жаңалыққа толы Жолдау

Президенттің қаңтар қасіре­тінен кейін: «Мен сол күндері қолымнан келген­нің бәрін істедім. Бұл менің перзенттік әрі Пре­зи­дент­тік парызым еді» және «Рефор­­ма жасап жатырмыз деген атақ үшін рефо­р­­ма жасаудың қа­жеті жоқ» деген екі сөзі­нен-ақ оның қазақ жұрты үшін оттан да, судан да тайынбайтын патриот әрі іскер реформатор екенін дәлелдеп бергендей.

Мен де теледидарға үңіліп оты­рып, Жолдаудан кейін Семей мен Жез­қаз­ғанның кей­бір жұрт­шылығының жыла­­ға­нын көрдім. Кезінде облыс ор­­талығы мәртебесінен айы­рыл­­ған Семейдің біраз кісі­­нің Өскеменге көшіп келу­і арқылы бұл қаланы да бір­шама қазақыландырғанына қуан­ған­быз. Алайда туған жерге ғана туын тіккісі келетін және ата-баба­ларының отау көтеріп, от жаққан жеріне, оның үстіне қазақ­тың  әдебиеті ғана емес, рухани болмысымыздың алыптарын берген Семей өлкесінің қайта жаңарып, жаңғыру дәуірін бастауы айтарлықтай қуаныш еді. Сол сияқ­ты киелі мекен Ұлытаудың атауы облысқа беріліп, Жезқазған қа­ла­сының да екінші  өмірін бас­тауы жұртшылықтың көптен күткен хабары болатын. Ал Ал­маты облысының болашақ ор­та­лығы Қапшағай қаласына хал­қы­мыздың аяулы перзенті Дін­мұ­хамед Қонаевтың есімін беру жөніндегі ұсынысын бүкіл елдің қолдайтынына сенімді­мін. Өз отауларының шаңыра­ғын қайта көтеріп жатқан үш өлке халқының қуаныштарына ортақпын. Торғай өлкесінің де қайта түлеу мәселесіне және кезінде шекара­лық біраз аудандарды екі-екіден қосып тастағандықтан, олар да жақсы күндерге болашақта жетер деген ой келеді.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халқына жасаған Жолдауының әр тармағы шынында да үлкен үмітке жетелер жаңалыққа, жақ­сылыққа толы болды. Көкей­де жүрген көп мәселенің түйінін шешудің  төте жолын көрсетті десе болар.

Бар міндетті тек Президентке жүктей бермей, Парламент пен Үкіметтің жүгін де ауырлатып, олардың іскерліктерін арттыру мәселесі, бүгінге дейін беделін жоғалта бастаған сайлау про­цесін жаңаша өткізу, депутаттар мен билік өкілдерінің халық алдындағы жауапкершіліктерін арттыру,  Конституциялық сот, ұлттық құрылтай, жаңа партия­ларды тіркеудегі жеңілдіктер, ең бір жұртты риза қылған Пре­зиденттен бастап, әкім-қара­лардың туыс-туғандарын бас­шы­лық жұмыстарға жолатпау жө­ніндегі шешімдері еді. Жасы­рары жоқ, мұның бәрі де өз уақы­тын күтіп тұрған аяққа түскен тұсаудай түйткілдер болатын.

Ендігі әңгіме жарқын болашақ үшін бұл міндеттерді жүзеге асыруға бір кісідей жұмылу қажет. Мен ертеңіме кәміл сенемін.

 

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері