Бизнес • 24 Наурыз, 2022

Әйелдер бизнесінің әлеуеті жоғары

316 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының жанынан бұрыннан бизнес саласында жүрген, сондай-ақ кәсібін жаңа бастап жатқан әйелдерге қаржылық емес қолдау көрсететін орталық ашылды.

Әйелдер бизнесінің әлеуеті жоғары

Мұндағы мамандар кәсіп­кер­лердің өтініші бойынша бизнеске талдау жүргізіп, оның даму әлеуетін анықтап бере алады. Бизнес ашуға ниет­ті немесе кәсібін кеңейт­кісі келетін әйелдер де осы орта­лықтағы түрлі тренин­гтер мен семинарларға қатысу ар­қылы кәсіпкерлік саласын­дағы білімдерін жетілдіреді.

Орталықтың ашылу сал­танатына облыстық кәсіп­кер­лер палатасы өңірлік кеңесі­нің төрағасы Айдарбек Ход­жана­заров қатысып, облыс эко­но­м­икасында өсім бар екенін, осыған орай әйелдер бизнесінің де әлеуеті жоғары екенін айтты.

Ал Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаевтың пайымынша, жұмысын жаңа бастаған орталық әйелдерге шы­ғармашылық және кәсіп­керлік мүмкіндіктерін іске асыруға жағдай жасайды.

Палата жанынан жұмыс істейтін іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Елена Венгерская қазір өңірде ауыл әйелдерінің көптеп кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашатын «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жүзеге асырылып жатқанын айтты.

– Біз облыстың оншақты өңірін аралап, жаңа кәсіп ашқысы келетін, бірақ ісін неден бастайтынын білмей отырған қыз-келіншектермен, жал­ғызбасты аналармен кез­десіп, әңгімелесіп қайттық. Ауылдық елді мекендерде көкөніс өсіргісі келетін, балабақша ашқысы келетін, сондай-ақ жергілікті жерде өнім шығарғысы келетін әйелд­ер көп. Жаңа кәсіпорын пайда болса, жаңа жұмыс орын­дары ашылатыны бәрі­мізге белгілі. Баламен үйде отыр­ғанымен, үй шаруашылы­ғынан тыс уақытта қосымша табыс тауып, ол ісін сүйіп істейтін ермегіне айналдырып алған әйелдер де аз емес. Олардың өз ісін әрі қарай дамытып, тұрақты кәсіпке айналдырғысы келетініне көзіміз жетіп отыр. Алайда көп әйелдердің жаңа кәсіп ашуға бастапқы білімі, ерік-жігері жетпей қалып жатады. Олар жаңа кәсіп ашып, оны әрі қарай дамытып, аяқтан тұрып кеткенше қолдау көрсету керек. Ол үшін барлық аудан ор­талықтарында осындай қол­дау орталықтары ашылу­ға тиіс. Сонда ғана шалғай өңір­лердегі қарапайым әйелдер кәсіпкерлікке көптеп бет бұра бастайды, – деді Е.Венгерская.

Орталықтың ашылу рәсі­міне ауылдан келген кәсіп­кер әйелдер де қатысты. Мысалы, Алтынсарин ауданынан келген жеке кәсіпкер Жәния Жармұхамбетованың ауылда сән салоны мен бірнеше дүкені бар.

– Мұндай орталықтың ісін жаңа бастап жатқан кәсіп­керлерге ғана емес, біз сияқты сақа кәсіпкерлерге де көп кө­мегі тиеді. Мысалы, мені соңғы кездері кәсібімді кеңейту туралы мәселе көп толған­тып жүр. Орталық маман­дары таяуда ғана біздің ауданның жергі­лік­ті тұтыну­шылық әлеуеті мен менің жеке бизнесіме салыс­тырмалы талдау-сараптама жа­сап, кә­сібімді қандай бағытта дамы­туға болатыны туралы кө­ңілге қонымды ақыл-кеңес­терін айтты, – деді іскер әйел.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары бүгінде еліміздің 14 өңірінде жұмыс істеп жатыр.

 

Қостанай облысы