«Наурыз – Шымқалада» мерекелік бағдарламасы аясында өткен «ДәмДәсTour» тұңғыш ресторандар жәрмеңкесіне жергілікті Wok-Wok, BarVilka, «Бахчи-Сарай», «Кәусар», Kөk-Saray, TheПАПА, «Ладушки», «19.06» «Мадлен», The secret, Happy cake, «Афрасиаб», «Кофе молка», «Блинчик» сынды 50-ге жуық тамақтану орны қатысты. Қала әкімі Мұрат Әйтенов жәрмеңкеде болып, тамақтану орындарының ұжымына алғысын айтты. Ресторан өкілдері дайындаған тағамдар 6 номинация бойынша сарапқа салынды. Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздарды қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов марапаттады. Нақтырақ айтсақ, «Үздік Fast-Food» аталымы бойынша «Кофе молка» , «Үздік самса» – «Камал ата», «Үздік кәуап» – «Сафари», «Үздік кондитерлік өнім» – «Мадлен», «Үздік наурыз көже» – «Блинчик», «Үздік палау» – «Афрасиаб» ресторандары жеңімпаз атанды. Жеңімпаздарға қаржылай сый-сияпаттар табыс етілді.
Жәрмеңке барысында мерекелік кеш ұйымдастырылып, әнші Argonya және Metis,s тобы мен қалаға танымал өнер жұлдыздары ән шырқады. Сондай-ақ келушілер арасында конкурстар мен ойындар ұйымдастырылды. Кәсіпкерлер арнайы дайындаған мерекелік тағамдарын сатылымға қойып, табыс көзінің өсуіне мүмкіндік алды. Сондай-ақ жәрмеңкеге келуші қала тұрғындары мен қонақтары «Шымкент шайынан» тегін дәм татты. Қаланың 2200 жылға жуық тарихы шеңберінде іске асқан шара – Қазақстан Рекордтар кітабына (Қазақстандық Ақпараттық-Энциклопедиялық анықтамалық) енгізу бойынша, гастрорекордқа ұсынылды. Ahmad tea өндірушілерінің қолдауымен дайындалған шай 2200 адамға таратылды.
Осылайша Шымкент қаласында алғаш рет жүзеге асқан шара жергілікті қоғамдық тамақтану орындарының бәсекелестігін арттырып, сервистік қызметтің жандана түсуіне мүмкіндік берді.
Шымкент