Әлем • 24 Наурыз, 2022

Украинадағы қақтығыс: Бір айда не өзгерді?

13942 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Украинадағы әскери қақтығыс басталғалы бір ай өтті. Кремльдің тез арада Киевті тұқыртып алуды көздеген әрекеті жүзеге асқан жоқ. Қазіргі таңда ұрыс негізінен позициялық сипатқа көшті. Ресей тарапы үлкен жеңістерге жетіп жатқанын хабарлағанымен, әзірше Херсоннан басқа Украинаның бірде-бір үлкен қаласын басып ала қойған жоқ.

Украинадағы қақтығыс: Бір айда не өзгерді?

Енді, кейінгі бірнеше күндегі ахуал­ға оралсақ. Батыс сарапшылары алғы шептегі жағдайды саралай келе, Ресей әскерінің қарқыны бәсеңдегенін айтып отыр. Мәселен, қақтығыстың алғашқы күн­дері ресейлік күштер Украина аума­ғының біраз бөлігіне өтіп кеткен еді.

Атап айтқанда, оңтүстік майданда Херсонға дейін жетіп, қаланы өзіне қа­ратты. Оңтүстік-шығыста, яғни Дон­бас­та бірнеше елді мекенді басып алып, Мариупольді қоршауға алуға күш салды. Беларусь тарапынан келген Ресей әс­­кер­лері Киевтің маңына дейін жетіп, елдің солтүстік-шығысының біршама бө­­­лі­гін қарамағына алды. Шығыс майданда Харьковты тізе бүктіруге әре­кет етті.

Дегенмен Ресейдің жоспары жүзеге асқан жоқ. Кремль билігі Киев маңына десант түсіргенімен, олардың көзі жойылғаны туралы хабарлар тарады. Украина астанасы маңындағы Ирпень, Буча кенттері маңында жан алысып, жан беріскен ұрыстар жүрді. Харьков әлі күнге дейін алынған жоқ. Мариуполь қаласы қоршауда қалғанына қарамастан, берілмей тұр.

Украина тарапының мәліметінше, Ресей әскері зор шы­ғынға ұшырап жатыр. Олар таратқан мәлі­метке сүйенсек, қазіргі таңда 15 мың­нан астам Ресей әскерінің көзі жойыл­ған. Бұдан бөлек, осы бір айдың ішінде 1 597 броньдалған әскери көлік, 108 ұшақ, 124 тікұшақ, 530 танк қира­тылды. Сондай-ақ Ресей мыңдаған көлі­гінен, артиллериялық жүйелерінен, әуе қор­ғанысы құралдарынан айырылды. Суға батырылған кемелер мен катерлердің саны төртеу.

Айтпақшы, күні кеше BBC Russian агенттігі Бердянск кентінің портында Ресейдің үш кемесі қиратылғанын хабарлады. Соның бірі – «Орск» деп аталатын десант тасымалдауға арналған үлкен кеме. Бұл десанттан бөлек, 20-ға жуық танк, 40 шақты броньдалған көлікті тасымалдай алады.

Ресей тарапы бұл шығындарды растаған жоқ. Соңғы рет ресми түрде 2 наурыз­да қанша сарбазынан айырылғанын хабар­лаған еді. Дегенмен ел аумағының әр түк­пірінде күн сайын қаза тапқандарды жерлеу рәсімі өтіп жатыр. Соның өзінен-ақ шығынның аз емес екенін аңғару қиын емес. Украина бір айдың ішінде Ресейдің жоғары лауазымды жиырма шақты офицерін өлтіргенін мәлімдеген-ді. Соның алтауы генерал шенінде. Бірақ Ресей мұның біреуін ғана растады.

Кремль шығынын қанша жерден жасыруға тырысқанымен, кейбір ақпа­рат бәрібір таралып кетті. Мәселен, 21 наурызда «Комсомольская правда» га­зетінің сайтында Ресейдің 9 861 сарбазынан айырылғаны, 16 153-і жараланғаны туралы ақпарат шықты. Бір қызығы, ақпарат бір күн бойы тұрған. Алайда көп ұзамай-ақ оны өшіріп, сайтқа хакерлік шабуыл жасалғаны хабарланды. Әрине, «Комсомольская правданың» айтылмауға тиіс ақпаратты байқамай жариялап, кейін оны өшірген болуы мүмкін. Өйткені мақаланың өзі ресейлік тарапты жақтап жазылған.

НАТО өзінің дереккөздеріне сүйене отырып Ресей әскерінің жалпы шығыны 50 мыңға жақындағанын хабарлады. Бұған қаза тапқаны да, жараланғаны да кіреді. Бұған дейін Кремль Украина шекарасы маңына 200 мың сарбазын әкелгенін ескерсек, соның төрттен бірі қатардан шығып қалды. Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің соңғы барлау есебіне сәйкес, Украина күштері Киевтің солтүстік-шығысында ресейлік әскерге жойқын соққылар беріп жатыр.

Есепте украиналық сарбаздар ресей­ліктерге қарсы сәтті қарсы шабуылдар ұйымдастырып жатқаны айтылған. Атап айтқанда, Украина Макаров және Мо­щун кенттерін қайтарып алған. «Ук­раина күштерінің енді Буча мен Ирпиндегі ресейлік бөлімшелерді қор­шауға алуына мүмкіндік бар», делінген Ұлыбритания қорғаныс министрлігі таратқан мәлімдемеде.

Сондай-ақ Кремль билігі Киев маңын­­дағы әскеріне керек-жарақты жет­кі­зіп беруде қиындық көріп отыр. Со­ған байланысты сарбаздардың мо­раль­дық рухы төмендеп кеткен. Ұлы­бри­тания қорғаныс министрлігі алдағы бір­неше күнде Киев маңындағы Ресейлік сарбаздар қоршауда қалуы ықтимал екенін айтып отыр.

Ресей жағы Украина қалаларын зымыранмен атқылауын жалғастырып жатыр. Сондықтан қаза тапқан бейбіт тұр­ғындар өте көп. Мәселен, The Insider агент­тігінің журналисі Оксана Баулина Киевке түскен бомба салдарынан қаза тапты.

Украина президенті Владимир Зелен­ский бейсенбіге жоспарланған НАТО, ЕО және G7 саммитіне қатысу­шы­ларға бейне үндеу жариялады. Онда Батыс елдерінен Украинаға қажет болуы мүмкін кез келген қаруды беруге шақырды.

«Біз НАТО, ЕО және G7 елдерінен маңыз­ды қадам күтеміз... Украина аспаны ресейлік зымырандар мен бомбалар­дан қорғалған жоқ. Сондай-ақ бізге ұшақтар мен зымырандық қару беріл­ген жоқ. Танктер, кемеге қарсы қару алмадық. Ресей әскері әлі де мыңдаған адамды өлтіріп, қалаларымызды қира­туы мүмкін», деді В.Зеленский.

New York Times газеті Ресей әскері­нің Украинада әскери қылмыс жасап жатқанын хабарлады. Бұған дейін сарап­шылар Украинадағы ресейлік күш­тердің қорғалмаған байланыс арна­ларын пайдаланатынын, ашық радио­жиі­ліктерде немесе ұялы телефондарда сөйлесетінін айтып келген-ді.

New York Times газеті қолға түскен Ресей әскерилерінің өзара әңгі­ме­сінің жазбаларын талдап, олардың растығына көз жеткізіпті. Жазбалар әлеуметтік желілердегі фото және бейне­материалдармен, спутниктен түсі­рілген суреттермен, қақтығыстың екі тара­пының хабарларымен және ашық көз­дердегі басқа да мәліметтермен сәй­кес келеді.

Басылымның хабарлауынша, Ресей әскерилерінің өзара сөйлесуі мен әлеуметтік желілердегі бейнежазбалары­нан әскери қылмыстың белгілері бай­қалады. Мәселен, жазбалардың бірінде елді мекенді артиллериямен атқылап, жермен-жексен етуді тапсырғаны естіледі. Әлеуметтік желілердегі ви­деода ресейлік бронетранспортер азаматтық көлікті қалай атып түсіргені жазылып қалды. Көліктің ішінде ерлі-зайыпты қарияның мәйіті табылған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіп­сіздік Кеңесінде Украинаға қатысты қарарының жобасы қабылданбай қалды. Құжатты Ресей тарапы әзірлеген еді. Оған Ресей мен Қытай ғана дауыс берді. Кеңеске мүше қалған 13 мемлекет қалыс қалды. Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері – АҚШ, Ұлыбритания және Франция қарарға вето қойған жоқ.

Қарар жобасында атысты тоқтату, бейбіт тұрғындарды ұрыс аймақтарынан эвакуациялау талап етілген. Бірақ онда Украинаны осы жағдайға жеткізген Ресейдің аты аталмаған, гума­ни­тарлық дағдарыс туғызған айыбы көр­сетілмеген. Соған байланысты Қауіп­­сіздік Кеңесінің мүшелері қарарға дауыс бермеді. Айта кетерлігі, құжат­ты әзірлеуге Беларусь, Сирия және Солтүс­тік Корея атсалысқан екен.

Ұлыбритания 24 наурызда Ресей­ге қарсы жаңа санкция салды. Бұл жолы «Альфа-Банк», «Газпромбанк», «Рос­сель­­хозбанктің» активтері бұғатталды. Соны­мен қатар АЛРОСА, Ресей темір жол­дары секілді компанияларға да ты­йым салынды. Қара тізімге «Сбербанк» бас­шысы Герман Греф, Tinkoff банкінің негі­­зін қалаушы Олег Тинков, Роман Аб­ра­мо­вичтің әріптесі, Millhouse ком­­па­ния­сының бұрынғы басшысы Ев­гений Швидлер бастаған 33 адам енген.

Ресейге экономикалық соққы мұны­мен бітпек емес. «Рено» секілді компаниялар елден кетуін жалғастырып жатыр. Күні кеше Anonymous хакерлер тобы Ресей Орталық банкінің деректер базасын бұзғанын мәлімдеді. Топтың туиттердегі парақшасы алдағы 48 сағат ішінде құпия келісімдері бар 35 мыңнан астам файлды көпшілікке жария ететінін хабарлады. Бұған дейін Anonymous хакерлер тобы Ресейде жұмыс істейтін шетелдік компанияларға хабарласып, олардың елден кетуіне 48 сағат уақыт берген еді. Егер осы аралықта Ресейден шығатынын мәлімдемесе, олар­ға хакерлік шабуыл жасалатынын ескертті.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энто­ни Блинкен Ақ үй тарапы түрлі мәліметтерді зерттей келе, Ресей шынымен де Украина аумағында әскери қылмыстар жасады деген қорытындыға келгенін мәлімдеді. Ұлыбритания Украинаға тағы 6 мың зымыран бермек. Швеция 5 мың танкке қарсы жүйе, Германия Украинаға танкке қарсы 2 мың гранатомет жіберуге шешім қабылдады.

Түркияның БҰҰ жанындағы тұрақ­ты өкілі Феридун Синирлиоғлы Ресей­дің Украинаға басып кіруін халық­аралық құқықты өрескел бұзу екенін айтты. «Түркия мұндай әрекетті ешқа­шан қабылдамайды, біз дереу атыс­ты тоқтатуға шақырамыз», деді ол. Ф.Синирлиоғлының айтуынша, бұл жанжалда жеңімпаз болуы мүмкін емес.

Bloomberg және Reuters агент­тік­терінің хабарлауынша, Ресей прези­дентінің тұрақты даму жөніндегі арнайы өкілі Анатолий Чубайс қызметінен босап, шетел асып кеткен. Кейін А.Чу­байс­тың отставкаға кеткенін ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары да растады.

Bloomberg-тің келтірген мәлі­мет­теріне сүйенсек, А.Чубайс Ресей прези­денті Владимир Путинмен келіспей қалған көрінеді. Кейінірек Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге берген сұхбатында А.Чубайстың өз еркімен жұмысынан кеткенін айтқан.

Егер А.Чубайстың Кремль билігімен араздығы расталса, онда ол Украинаға әскер енгізуге қарсы шыққан алғашқы лауазымды қызметкер атанбақ. Бұған дейін Ресей элитасының ешбір өкілі Кремльдің әрекетін ашық айыптаған жоқ. Бұрынғы вице-премьер, қазір ФИДЕ басшысы Аркадий Дворкович қана Кремль билігіне қарсы өз ойын білдірді. Миллиардер Михаил Фридман да Украинадағы қадаммен келіспейтінін жанама түрде жеткізген еді.