Экономика • 24 Наурыз, 2022

Тыңайтқыштан тарықпаймыз ба?

252 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Санкциялар салдарынан сансыраған Ресей минералды тыңайтқыштар экспортына тыйым салмақ. Іргедегі көршінің әлемдік нарықтағы көшбасшы екенін ескерсек, бұл жағдай көптеген елді тығырыққа тіреуі мүмкін. Мұндай шектеу дала жұмыстарына әне-міне кіріскелі отырған біздің шаруаларды да әбігерге салуы ықтимал.

Тыңайтқыштан тарықпаймыз ба?

Осыдан бірнеше күн бұрын Ресейдің Өнеркәсіп және сауда министрлігі жергілікті өндірушілерді минералды тыңайт­­қыштар экспортын тоқтатуға шақырды. Ведомство бұл қадамын шетел­дік логистикалық компаниялардың Ресей­ге жасаған қысымымен байланыс­тырды. Министрлік «тасымалдау­шы­лар қалыпты жұмысқа оралып, ресей­лік тыңайтқыштардың экспорттық жет­кі­зілімін толық көлемде орындауға кепілдік берілгенге дейін экспортты тоқтатқан дұрыс» деген ұстанымды ұстанып отыр.

Белгілі болғандай, логистикалық компаниялар Ресейден жөнелтілетін жүктерді тасымалдаудан бас тартуда. Осының салдарынан биыл Еуропа мен өзге де елдердің шаруалары тыңайтқышсыз қалуы мүмкін. Демек Батыс және Шығыс Еуропа, Латын Америкасы, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері өнім ала алмай, азық-түлік тапшылығымен бетпе-бет келуі ықтимал. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Біздің ел минералды тыңайтқыштардың біршама бөлігін Ресейден алып отыр. Көрші елдің министрлігі бүгінде ресейлік тыңайтқышты өзге дүниелермен алмас­тыру өте қиын екенін жеткізді.

Рас, Ресей минералды тыңайтқыштар жеткізу бойынша әлемдегі үздік үш мемлекеттің қатарына кіреді. Тиісінше, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де маңызды рөлге ие.

– Жер шарындағы халық санының көбейіп, табиғи апаттардың жиілеуін ескерсек, азық-түлік қауіпсіздігі қашанда маңызды. Сондай-ақ әлемде газ бағасы жылдам өсіп жатыр. Сондық­тан зауыттардың көбі минералды тыңайт­қыштар өндірісін қысқартуда. Яғни ресейлік өнімге деген қажеттілік артып келеді, – дейді Ресейдің өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров.

Статистикаға сүйенсек, былтыр Ре­сейде 24,9 млн тонна минералды тыңайт­қыш өндірілген. Оның шамамен 65 пайызы экспортқа шығарылыпты. 22 пайызы Еуроодақ пен АҚШ-қа, 7 пайызы Қытайға жөнелтілген. Еуроодақ пен АҚШ импорттық тыңайтқыштың 11-12 пайызын Ресейден алып отыр.

Қазақстан Ресей үшін ірі нарық болып саналмаса да, бұл жағдай біздің шаруаларды алаңдататыны жасырын емес. Аталған мәселеге Үкіметтің де, депутаттардың да назар аударып отырғаны сондықтан. Шаруалардың дабыл қағуы да тегін емес.

Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолдап, ведомс­тво­ның ресми жауабын алдық. Ведом­ствоның хабарлауынша, Ауыл ша­руашылығы министрлігі ауыл шаруа­шылығы дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында минералды тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялау бағдарламасын іске асыратын мемлекеттік орган болып саналады. Ал минералды тыңайтқыштарды өндіру, өткізу, экспорттау-импорттау мәселелері химия саласындағы уәкілетті органға – Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министрлігінің құзыретіне жатады.

Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың мәлімдеуінше, Ресей үкіметі тыңайт­қыш­тар экспортына қатысты шектеуді Еура­зиялық экономикалық одаққа мүше емес елдерге енгізбек ниетте. Сон­дық­тан Қазақстан нарығында ре­сейлік тыңайт­қыштар еркін қолжетімді деп сендірді. Ірі тыңайтқыш жеткі­зушілердің де­ректері бойынша Қа­зақстан нарығына тыңайтқыштар шектеусіз жеткізіле бермек.

Қазақстанның минералды тыңайт­қыштарды Ресейден импорттайты­нын жоғарыда айттық. Ресми статис­тикаға сүйенсек, былтыр Ресей Феде­рациясынан біздің елге 463,9 мың тонна минералды тыңайтқыштар жеткізілген. Оның ішінде азотты тыңайтқыштар 308 мың тонна (оның ішінде аммиак селитрасы 213,2 мың тонна), калий тыңайтқыштары 10 мың тонна және күрделі тыңайтқыштар 145,9 мың тонна (оның ішінде аммофос 76,7 мың тонна) көлемінде импорт­талған.

2022 жылдың қаңтарында Ресей­ден 14,9 мың тонна өнім әкелініпті. Оның ішін­де азотты тыңайтқыштар – 11,4 мың тон­на, фосфорлы тыңайт­қыштар – 0,003 мың тонна, калий ты­ңайтқыштары – 0,3 мың тонна, күрделі тыңайтқыштар – 3,2 мың тонна.

Айдарбек Сапаровтың айтуын­ша, Қазақстандағы минералды ты­ңайтқыштар сұранысы отандық өндіріс пен импорт көлемі есебінен жабылады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сүйен­сек, рес­публикада тыңайтқыш өндіретін 12 зауыт жұмыс істейді. Олардың негізгілері – «Қаз­фосфат» ЖШС (аммофос) және «ҚазАзот» АҚ (аммиак селитрасы).

– Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 2021 жылы 640,8 мың тонна минералды тыңайтқыштар, оның ішінде 445 мың тонна азот және 195,8 мың тонна фосфор тыңайтқыштары өндірілді. Былтыр барлығы 603,8 мың тонна минералды тыңайтқыштар импортталды. Оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден – 470,3 мың тонна, басқа елдерден – 133,5 мың тонна жеткізілген. Негізгі импорттаушылар – Ресей (77 пайыз) және Өзбекстан (20 па­йыз) мемлекеттері, – деді А.Сапаров.

Бірінші вице-министр Ресейдің минералды тыңайтқыштар экспортын шектеуі Қазақстанға аса қатты әсер етпейді деп сендірді. Өйткені Ресей Федерациясынан импортталатын тыңайтқыштардың негізгі түрлері (аммиак селитрасы және аммофос)
Қазақстанда өндіріледі. Отандық зауыт­тардың өндіріс қуаттылығы тұтастай алғанда барлық ауыл шаруашылығы да­қылдарында (аммиак селитрасы және аммофос) кеңінен қолданылатын тыңайтқыштар бойынша ішкі нарықтың қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді.

– Бұл ретте елімізде отандық шаруа­лар талап ететін аммоний сульфаты, карбамид, тыңайтқыштардың күр­делі түрлері сияқты бірқатар тыңайт­қыш өндірілмейтінін атап өткен жөн. Тыңайт­қыштардың бұл түрі Ресей Феде­рациясынан бөлек Өзбек­станнан да әкелінеді. Бүгінгі таң­да өңірлерде шаруаларды отандық және шетелдік минералды тыңайт­қыштармен қамтамасыз ету жұмыс­тары жүргізілуде, – деді А.Сапаров.

Жуырда Сенат депутаты Әли Бектаев минералды тыңайтқыштарға қатысты мәселе көтеріп, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық са­уал жолдады. Халық қалаулысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін ең қажетті минералды тыңайтқыштардың баға­сы күрт қымбаттап кеткеніне алаңдау­шылық білдірді.

– 2021 жылдың қаңтар айында «ҚазАзот» АҚ өндіретін аммиак селитрасының тоннасы 81 мың теңге болса, желтоқсанда оның құны 200 мың теңгеге дейін көтерілген, яғни 2,5 есе өскен. Ал «Қазфосфат» АҚ шыға­ратын аммофостың бағасы сол уақыт аралығында екі есе қым­баттап, 207 мың теңгені құраған. Тыңайт­қыш­тарды субсидиялаудың көлемі 50 пайыз деңгейінде қалған күннің өзінде, шаруалар қыруар шығынға ұшырағалы отыр. Өкінішке қарай, былтыр да осы бағытта нақты ұстанымның болмауы­нан, өзімізде өндірілген минералды тыңайтқыштардың 80 пайызы шетел­ге сатылып кеткен. Өсімдік шаруашы­лығындағы өнімдердің өзіндік құнының 15 пайызын тыңайтқыштар шығыны құрайды. Олай болса, еліміздегі минералды тыңайтқыштардың бағасын және экспортын реттейтін тиянақты шаралар қабылдануы керек, – деді Ә.Бектаев.

Қазіргі күрделі жағдай фер­мер­лерді отандық минералды тыңайт­қыштардың бағасын төмендету мәселесін объективті түрде көтеруге мәжбүр етіп отыр. Оның үстіне тыңайтқыш­тардың құны түпкілікті өнімнің бағасына, сондай-ақ жалпы сатып алуға әсер ететінін ескерсек, бұл бағытқа көңіл бөлудің маңызы зор. Сондықтан Үкімет минералды тыңайт­қыштардың бағасын төмендету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді қолға алды. Мәселен, жуырда Пре­мьер-Министрдің бірінші орынба­сары Роман Скляр «ҚазАзот» компа­ниясының басшылығымен кездесіп, отандық аммиак селитрасының бағасын 16 наурыздан бастап 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін тө­мендетуге мүмкіндік алды.

Айтпақшы, биыл 29,7 млрд теңге көлемінде пестицидтерді субсидиялау бағдарламасын қаржыландыру қамтамасыз етілді. Бұл егіс алаңын 100 пайыз өңдеуге мүмкіндік береді. Биыл шамамен 659 мың тонна тыңайтқыш қолдану жоспарланып отыр.