Аймақтар • 24 Наурыз, 2022

Жайылым «жарасы»

14094 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде жеке шаруашылықтар көптеп құрылып, мал саны арт­қан сайын жайылатын жер де тарыл­ғаны жасырын емес. Тіпті бұ­рыннан бері ауыл халқының азын-аулақ малы тебіндеп келген елді мекен аумағындағы ала­қандай жердің өзі жекенің қолы­на өтіп, жер дауы ушығып тұр.

Жайылым «жарасы»

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Биыл ақпан айында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкі­меттің кеңейтілген отырысында: «Мен бос жатқан жайылымдық жер­­лерді тезірек қайтарып алып, оны ауыл тұрғындарына беруді тап­сыр­­ған болатынмын. Қазір халық үшін айрықша маңызы бар жұмыс жүр­гізіліп жатыр. Бірақ бұл жерде де Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер көзбояушылыққа жол бер­ген. Министрлік жайылымдық жер­­дің тапшылығы 6,8 млн гектар­ға не­месе 32 пайызға азайды деп мәлі­мет беріп отыр. Бұл шаруа қожалық­та­ры­мен меморандумға қол қоюдың және елді мекендердің аумағын ке­ң­ей­тудің арқасында мүмкін болды. Алайда Бас прокуратураның тексе­рісі көрсеткендей, бірқатар өңірде жа­йы­лымдық жердің тапшылығы әлі де азаймаған.

Ақмола, Атырау және Қостанай облыстарында ауыл тұрғындарына малын фермерлердің жеріне жаюға рұқсат беріледі деген жалған меморандум жасалған. Шын мәнінде, жайылымдық жердің тапшылығы қағаз бетінде ғана азайған. Бұдан бөлек, ай­мақтар халықтың жайылымға деген сұранысын төмендетіп көрсете бастаған. Үкімет неге бұған көз жұма қарап отыр? Мұндай әрекеттер ауыл хал­қының наразылығын өршітпесе, кеміт­пейді. Үкіметке жергілікті атқа­ру­­шы органдармен бірлесіп, осы мәсе­лені түбегейлі шешуді тапсырамын», деген болатын.

Жуықта Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жайылымдық жердің тап­шылығын шешуге бағытталған заң жобасын көпшілікке таныстырды.

– Соңғы жылдарда елімізде жа­йы­лымдардың тапшылығы өзекті проб­лемаға айналып отыр. Әсіресе мұндай жағдай ауылдық жерлерде жиі байқалады. Салдарынан жергілікті тұрғындар қолындағы аз ғана малдың өзін жаятын жер таба алмай қиналу­да. Мемлекет басшысы жайылымдарды тиімді пайдалану керектігіне баса назар аударуда. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылыммен қамтамасыз етуге қатысты да нақты тапсырмалар берді. Осыған орай Сенат депутаттарының бастамашы болуымен арнайы заң жобасы әзірленді. Жайылымдарды басқару және пайдалану тетіктерін одан әрі жетілдіретін жаңа нормалар көпшілікке таныстырылды. Жобаны дайындау барысында сала мамандарының қаты­суымен дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізілгенін және көрші елдердің бұл бағыттағы тәжірибелері жан-жақ­ты зерделенгенін атап өткен жөн. Осы­лайша, қолданыстағы заңнамалық актілерге бірқатар маңызды түзету мен толықтыру енгізу көзделіп отыр. Алдағы уақытта заң жобасы белгіленген заңнамалық тәртіппен Үкіметке және Мәжіліске жолданады. Нәтижесінде, бәріміз бірлесіп, ауылдағы ағайынды алаңдатқан мәселенің оң шешімін табамыз деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.

Жасыратыны жоқ, бұған дейін атал­ған мәселе халқы тығыз орналасқан елі­міздің оңтүстік өңірлеріне тән болса, соңғы уақытта солтүстік өңір­лер­де де өзекті бола түсуде. Жер дауы Пав­лодар облысын да айналып өткен жоқ. Осыдан бір ай бұрын Ақто­ғай ауда­нына қарасты Мүткенов ауыл­дық округінің тұрғындары елді мекен аумағындағы жердің сатылып жат­­қанына наразылық танытып, бас көтер­ген болатын. Белгілі болғандай, аудан әкімдігі аталған округке қарасты 5 ауыл­дың жерін саудаға шығарған.

«Ауыл тұрғындарының басым бө­лігі – жұмыссыз. Төрт түлігін түле­тіп, нәпақасын айырып отыр. Әр елді мекеннен шамамен 2 отар қой, 2 табын сиыр ауыл сыртында жайылады. Кейбіреуінің азын-аулақ жылқылары да бар. Жердің сатылымға шыққанын естіп, жағамызды ұстадық. Жайылым жер болмаса, ауылдағы ағайын күнін қалай көреді? Жаппай қалаға қоныс аудар­май ма? «Ауыл – ел бесігі» сияқ­ты ауыл­­ды дамытуға бағытталған мемле­кет­­тік бағдарламалардың түпкі мақ­саты ауыл тұрғындарын тұрақтандыру емес пе еді», деп күйінді жергілікті тұрғындар.

Қуанышқа орай, ауыл тұрғын­дарының жанайқайы аудан әкімінің құлағына жетіп, конкурс тоқтатылып, аталған округ аумағындағы жерлер сатылмайтын болды. Сонда жер мәсе­лесі тұрғындардың бас көтеруімен рет­телетін болғаны ма? Ауыл халқы үнсіз қалса, жайылым жер жекенің қолына өтетінін бағамдай беріңіз.

Округ аумағындағы жерді жергілікті ірі көкөніс өсіруші сатып алмақ болыпты. Жалпы, аймақта мал ұстаған аға­йынның егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен «бетпе-бет» келуі алғаш рет орын алып отыр­ған жоқ. Былтыр Павлодар ауданы Чер­но­­рецк ауылының шаруалары төрт тү­лік жайылатын жердің жоқтығын ай­тып, дабыл қаққан болатын. Мал бақ­­қан ағайын жердің басым бөлігі егіс ал­­қабына айналғанына наразылық танытқан еді.

Белгілі болғандай, аталған ауылдағы 73 мың гектар алқаптың 16 мың гектары ғана жайылым жер. Қалғаны өсімдік шаруашылығымен айналысатын диқандардың иелігінде. Мәселенің мән-жайын білмекке шаруашылық басшысы Қуандық Тутбаевқа хабарласқан едік.

– Жерді алып, мақсатты түрде пайдаланбайтын кәсіпкерлер көп. Кәсібін дамытамын деген азаматтар­ға үлес­тірілуге тиіс. Өсімдік шаруашылығын өркендетеміз деп мал шаруашылығы тасада қалды. Төрт түлікті қайда жая­ты­нымызды білмей дал болудамыз. Малды сатудан басқа амал жоқ. Осы­лай жалғаса берсе, ауылға кім қо­ныс­танады? Ауыл қайдан жаңғырады? Осы мәселе бойынша әлі нақты шешім қабыл­данған жоқ, – дейді Қуандық Тутбаев.

Облыстық мәслихаттың депутаты, «Ауыл» партиясы облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Болат Аманжолов жер дауына қатысты түсінбеушіліктердің барлығы заңмен реттелу керек екенін айтты.

– Ата-бабамыздан ұлан-байтақ жер қалса да, ауыл жұртының «мал жаятын жер жоқ» дегенін ақпарат құралдарынан да, өңір-өңірді аралаған кезде де жиі естиміз. Қазіргі уақытта малдың көбі қыстақ пен жайлаудан гөрі ауыл маңында жайылады. Сондықтан ауыл маңайындағы 15-20 шақырымға дейін­гі жерлер азып-тозып, табиғи өнім­ділігі жыл сайын төмендеп барады. Мал жаю ережелерін мүлдем елеу­сіз қалдыру салдарынан ауыл маңа­йы­н­­дағы жайылымдар тақыр жерге айна­лып отыр. Осыған байланысты зоо­ги­гиеналық ахуал шиеленісіп, мал ауруының көбеюіне әкеліп соқтыруда. Алдағы уақытта қабылданатын жаңа заң жобасы түсінбеушіліктерге нүкте қояды деген сенімдемін, – дейді Б.Аманжолов.

Ауыл маңындағы азын-аулақ көкті талғажау еткен малдың бүйірі шыға қоймасы анық. Шынында да, шағын ауылда малдан басқа күнкөріс көзі жоқ.

– Жайылымның бәрі жекеменшікте емес. Көпшілігі 49 жылға жалға беріл­ген. Яғни оны алып, ортақ пайда­ла­нымға беруге болады. Білуімше, «Жа­йы­лымдар туралы» Заңда жергілік­ті атқарушы билік халық мұқтаждығы үшін жер учаскелерін мемлекет мен­шігіне алуға мүмкіндігі бар екені жазылған. Заң демекші, бізге арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін құжат керек. Әйтпесе, жайылым мәселесі жылдан-жылға ушығып барады. Жауапты органдар аталған түйткілді майшаммен қарап, батыл шешімдер қабылдауға тиіс, – дейді ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мойылжан Қанаев.

Қорыта айтсақ, көпшілікке таныс­тырылған арнайы заң жобасы жіті әзірленіп, жер дауын шешудегі маңызды құжатқа айналуға тиіс. Әйтпесе, ауылдас былай тұрсын, туыстардың қарым-қаты­насына сызат түсірген жер дауы­ның аяқталуы екіталай. Жайылым жайы жедел әрі дұрыс реттелсе екен.

 

Павлодар облысы