Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
2020 жылы 5 қараша күні онлайн режімде «Жалпы білім беретін мектептерде география пәнін оқытудағы өзекті мәселелер» тақырыбында өткен республикалық ғылыми-әдістемелік семинарда Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің география, туризм және су ресурстары кафедрасы мен «Географиядан Ұ.Ә.Есназарованың Республикалық атаулы мектебі» және Қазақстанның ЖОО географ-ғалымдары мен педагогтері бірлесіп бірнеше «Жаңартылған білім бағдарламасы жағдайында «Қазақстан географиясы» пәнін оқыту мәселесі» тақырыбы бойынша республикалық ғылыми-әдістемелік семинар өткізіп, пікір алысу болды. Осындай игілікті іске географиядан Ұ.Ә.Есназарованың Республикалық атаулы мектебінің мүшелері 2021 жылы 27 наурыз күні онлайн режімде «Қазақстан Республикасы жалпы орта білім беретін мектептерде географиялық білім берудің ұлттық моделінің тұжырымдамасы» жобасын талқылап, өз ойларын ортаға салды.
Республикадағы ұстаздар қатысқан эксперттік талқылауда біздің сын пікірімізді, соның ішінде «География» пәні өте ертеден дүние жүзінің барлық мемлекеттерінде міндетті түрде оқытылып келе жатқан оқу пәні және ғасырлар бойы географияны оқытудың қалыптасқан жүйесі бар екені айтылған еді. Ол 6-сыныптағы «Физикалық география» курсы. Бұл курста оқушылар адамзат өмір сүріп жатқан Жер ғаламшары және оның географиялық қабықтары (литосфера, атмосфера, гидросфера, биосфера) туралы білім алады. Ал 7-сыныпта «Мұхиттар мен материктер географиясы» оқытылып келді. «Материктер мен мұхиттар географиясы» курсынан оқушылар Дүниежүзілік мұхит, оның бөліктері мен жеке материктердің әрқайсысына өзіне тән табиғат ерекшеліктері, халқы мен елдері, оларды зерттеген саяхатшылар мен зерттеушілері туралы толық мәлімет берілетін. Педагогикадағы «жеңілден қиынға» дидактикалық ұстанымына сәйкес, материктерді оқыту Жер ғаламшарының моделі ретінде қарастырылатын Африкадан басталып, одан кейін Аустралия, Антарктида, Оңтүстік Америка, Солтүстік Америка және Еуразия оқытылып келді. Материктердегі аймақтар мен елдерге қатысты материалдарды оқытып болған соң 8 сыныптарда Қазақстан Республикасының географиясына қатысты сұрақтары қарастырылатын. Оқушылар Жер ғаламшарындағы мұхиттар мен материктер туралы оқып білім алып, картамен ойша шет елдерге саяхат жасап оқитын өте қызық, ғылыми негізде жүйеленген курстар оқытылатын еді.
Ал «Жаңартылған» деген атпен белгілі болып ұсынылған бағдарламада География ғылымдарында қалыптасқан география пәнін оқытудың ғылыми жүйесі біржола бұзылған. Жаңа мазмұнды бағдарламада жіберілген қателіктер қарастырылмағаны үлкен кемшілік және саяси қателік. Жалпы, «жаңарту» дегенді бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі білім беру жүйесінің тамырына балта шабу емес, қайта жақсы жағын алып, оны әрі қарай дамыту деп түсіну керек еді.
Дүние жүзіндегі мемлекеттер өздерінің тәуелсіз екенін көрсету үшін өз мемлекеттерінің географиясын жеке пән ретінде оқытады. Бұрынғы КСРО-ның құрамынан бөлініп шығып егемен мемлекет болған республикалардың барлығы (Ресей, Беларусь, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б.) өз елдерінің географиясын жеке пән ретінде екі оқу жылында оқытып келеді. Қазақстан Республикасының бір ғана әкімшілік ауданының жер аумағындай болатын Израиль мемлекеті өз елінің географиясын екі бөліп, бір жыл бойы «Израильдің физикалық географиясы» (табиғатын), сонан соң екінші жылы «Израильдің экономикалық және әлеуметтік географиясын» оқытады.
Қазірге дейін мектептерде 8-9 сыныптарда Қазақстанның географиясы (физикалық және экономикалық география) курстарын оқыту мәселесі әлі өз шешімін таппай отыр. Бұл пән мектеп оқушыларына идеялық-саяси тәрбие беруде үлкен мүмкіндіктер ашады. Саяси білімнің, еліміздің болашағына деген сенімнің, оқушылардың жалпы дүниетанымының негіздері алдымен оқу-тәрбие үрдісінде, сыныпта берілетін сабақта қаланады. Сондықтан бүгінгі таңда сабақтың тәрбиелік бағытын арттыру, оқу үрдісінде ұлттық тәрбие жұмысын жандандыру, яғни оқушылардың елдің жарқын болашағына деген сенімін қалыптастыру үшін Қазақстанның географиясы пәні қарастыратын барлық мүмкіндіктерді толық және тиімді пайдаланудың маңызы ерекше.
Қазақстан географиясын оқыту барысында оқушыларға туған елі жер жағынан дүние жүзінде тоғызыншы орынды ала отырып, қазба байлыққа бай, дүниежүзілік аренада ең қуатты техникасы мен өнеркәсібі дамыған державалардың бірі ретінде қалыптасуға реформалар жасайды деген сенімін қалыптастыруы керек. Нақты материал бұл үшін үлкен мүмкіндіктер береді. Халықтың экономикалық қуаты – қолындағы әлеуеті. Мұның барлығы оқушыларды Отанымыздың қуаттылығы мен беріктігіне, оның саяси және экономикалық тәуелсіздігіне сендіруі керек. Негізінен, Қазақстанның физикалық географиясын оқу барысында оқушылар Отанымыздың табиғаты, оның ерекше алуан түрлілігі, таңғажайып сұлулығы мен байлығы туралы нақты түсініктер алуы тиіс.
Екінші жағынан, егемен еліміздегі әлеуметтік-экономикалық дамудың орасан зор қарқынмен жүргізілуіне толық мүмкіндік бар. Отанымыздың географиясының кескіні күннен-күнге өзгеруде. Ел экономикасындағы жетістіктерімізді көрсету оқушылардың санасына ғана емес, сезіміне де әсер ету үшін заманауи материалды пайдалану қажет.
Патриоттық және интернационалдық тәрбиені жүзеге асыру үшін әрбір мұғалім жас ұрпаққа жан-жақты ұлттық тәрбие берудің жалпы мақсаттарын және мектеп географиясы курсының тәрбиелік мүмкіндіктерін талдау негізінде мынадай міндеттерді шешуі керек:
- Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының табиғатының өте әсем әрі алуан түрлілігін, әркелкі сұлулығы мен Менделеев кестесіне кірген барлық қазба байлықтың аса бай мекені екенін оқытып-үйрету;
- Осындай табиғи қазба байлықтың еліміздің экономикалық әлеуетінің артуына тікелей әсері бар екенін түсіндіре отырып, қоршаған орта мен табиғатты қорғау жолындағы ұлттық тәрбие негізіндегі ұлтжанды көзқарасқа тәрбиелеу. Өйткені оқушылардың табиғатқа, еңбекке, отансүйгіштікке деген көзқарасын қалыптастырмай, географияны оқыту мүмкін емес. Табиғат байлықтары қоғам дамуының экономикалық негізі қызметін атқарады. Ол адам үшін заттар мен еңбек құралдарының көзі болған және болып қала береді. Адамдар өндірісті табиғи байлықтары арқылы оларды шаруашылықта пайдалану және түрлендіру арқылы дамытады.
Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясын зерттеп оқыту барысында оның дамуының табиғи алғы шарттарын, табиғат жағдайлары мен ресурстарының экономикалық құрылымы мен мамандануына, оның орны мен рөліне әсерін талдау маңызды орын алады. Ел экономикасының жалпы жүйесі оқушылардың санасында қалыптасуы керек.
Қазақстанның ауыл шаруашылығын талдау кезінде жер бедерінің ерекшелігіне, топырақ, климаттың ылғалмен қамтамасыз етілуі және басқа да техникалық-материалдық базаның факторлары ескеріледі. Республиканың экономикалық аудандарының, аумақтық өндірістік кешендердің, өнеркәсіп орындары мен орталықтарының экономикалық географиялық сипаттамаларында табиғи жағдайлар мен ресурстар олардың шаруашылықты дамыту факторларының бірі ретінде бағаланады. Оған оқушылар қолда бар мысалдар арқылы көз жеткізеді.
Сонымен, мектепте жұмыс істейтін әрбір мұғалімнің алдына ұлттық идеялық-саяси тәрбиенің үш негізгі міндеті тұр:
- Оқушыларды туған Отанымыз туралы қажетті көлемдегі саяси-әлеуметтік біліммен, дүниетанымдық идеялармен, түсінік және ұғымдармен қаруландыру.
- Оқушылар бойында азаматтық сезімдерді, өз елінің, Қазақстан хал-қының өмірі мен атқарылып жатқан игілікті істеріне қатысуға, қазақстандық патриотизм мен ұлтаралық интернационализм сезімін тәрбиелеу.
- Оқушыларды «Жаңа Қазақстан» қоғамының белсенді пайдалы еңбек әрекетіне баулу.
Президентіміз елімізде үлкен саяси реформалар болатынын мәлімдеді. Жалпы орта білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие жұмыстарында белсенді, халықтың талап-тілегі ескерілген жаңа реформалар болатынын да айтты. Біз, білім беру саласының қызметкерлері де Жаңа Қазақстан қоғамына өз үлесін қосатын жас ұрпақты оқытып-тәрбиелеуге атсалысуымыз қажет. Жаңа Қазақстанды құруға бағыт алған осындай реформалар аясында, білім саласында болатын өзгерістерге қарай, география пәні мұғалімдерінің республикалық съезі қарсаңында мектептердегі география пәні де жүйелі түрде оқытылса деген пікіріміз ескерілгенін қалаймыз.
Республикадағы география пәні мұғалімдерімен ақылдаса отырып, Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін мектептерінде география пәнін оқытудың «Қазақстан Республикасы жалпы орта білім беретін мектептерде географиялық білім берудің ұлттық моделінің тұжырымдамасы (жоба)» жаңа тұжырымдамасының жобасын Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясына ұсынды.
«География» курсының құрылымы.
Оқытудың I сатысында (1-4 сыныптар) географиялық мазмұндағы қарапайым танымдық білімдер «Табиғаттану немесе жаратылыстану» немесе «Дүниетану» пәндерінің құрамында қарастырылады.
Оқытудың II сатысында 5-9 сыныптарда оқытылатын оқу пәндерінде географиялық білім жүйелі түрде теориялық тұрғыдан негізделуі қажет. Олар төмендегідей оқу курстарында ұсынылады:
- Жаратылыстану оқу пәні (5-сынып, 68 сағат);
- Жалпы немесе бастапқы география курсы (6-сынып, 68 сағат);
- Мұхиттар мен материктер географиясы оқу пәні (7-сынып, 68 сағат).
Қазақстан Республикасының географиясы (8-9 сынып, 136 сағат).
- Қазақстанның физикалық географиясы (8-сынып);
- Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы (9-сынып). Пән мазмұнында біртұтастыққа, географиялық қабықтың даму кезеңдеріне геожүйенің өзара байланысы мен өзара әрекетіне және осы жүйенің әртүрлі даму кезеңдеріндегі адам баласының өсуі мен орнына басты назар аударылады. Қазақстан Республикасы географиялық кеңістіктің субъектісі ретінде қамтылған.
Оқытудың III сатысында (10-11сыныптар) оқытудың кең көлемді нұсқасы ұсынылады. Оқыту бейініне қарай міндетті және таңдау бойынша курстар енгізіледі.
Міндетті курстар:
- Дүниежүзінің экономикалық-әлеуметтік және саяси географиясы (11-сынып, қоғамдық-гуманитарлық бағыт, 102 сағат; жаратылыстану-математика бағыты 136 сағат);
- Дүние жүзінің саяси географиясы немесе Елтану курсы (12-сынып, қоғамдық-гуманитарлық бағыт 102 сағат, жаратылыстану-математика бағыты 136 сағат).
Таңдау курстары. Геоэкология; Саяси география; Өлкетану; Қазақстанның киелі жерлердің географиясы; Түркі тілдес елдер (мемлекеттер) географиясы оқу пәндерін ұсынады.
Оқушылардың білімге деген жаңа көзқарасын және Отанының даңқы мен құдіреті үшін еңбек ететін сананы қалыптастыратын пәннің бірі – «Қазақстан географиясы» болғандықтан жас ұрпақ санасында терең патриоттық сезімді қалыптастыруға ықпал етеді, соның нәтижесінде халық арасынан ел мақтанышы болатын азаматтар өсіп-жетіледі.
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА,
Географиядан республикалық атаулы мектеп жетекшісі,
педагогика ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
АЛМАТЫ