Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»
Жаппай газдандыру мәселені шеше ме?
Жауапты ведомство басшысының айтуынша, елордада 2024 жылға дейінгі кезеңді қамтитын толық газдандыру жоспары бекітілді.
«Бас қалада 30 мың үй бар. Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, 14 мыңға жуық үйге тиісті инфрақұрылым тартылып, оған 4 мыңға жуық пәтер қосылды. Жекеменшік секторды газға көшірген кезде мәселе шешіледі деп ойлаймын. Сонымен қатар 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-ның су жылыту қазандықтары газға ауыстырылып, көгілдір отынның болмауына байланысты мәселе шешіліп жатыр. Тұтастай алғанда, осы шаралар зиянды шығарынды көлемін 20 мың тоннаға немесе 25%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек бас қаланың ауасын қазандықтар, кейбір ШОБ объектілері де ластап отыр. Олар бойынша да мәселені шешу қажет», деді комитет басшысы.
Еліміздің ең ірі мегаполисі – Алматының да ауа тазалығы көңіл көншітпейді. Осы ретте алып шаһардағы ЖЭО-ны 2026 жылға дейін жаңғырту туралы шешім қабылданды. Бұл зиянды қалдықты 83%-ға дейін төмендетуге септесуі тиіс. Министрліктің өкілі айтқандай, агломерациялық үдерістер де оңтүстік астананың әуе бассейніне әсер етіп отыр. Сондықтан шекара маңындағы үш ауданды да 2023 жылдың аяғына дейін толық газдандыру көзделген.
«Мұнда 32 мың үй әлі газдандырылмаған. Автокөлікке қатысты да белгілі бір шаралар қабылданып жатыр. Нақты айтсақ, дизельді қоғамдық көлік түрлерін сатып алуға тыйым салынып, әкімдік электрмен және газбен жүретін 335 автобус сатып алды. Қалалық қоғамдық көлік тармақтарын кеңейтіп, қаланың кіреберісінде аялдауға арналған тұрақ аймақтарын құру жоспарланған. Оның мақсаты – қалаға басқа елді мекендерден келген азаматтар сол тұраққа көліктерін уақытша қалдырып, қоғамдық көлікке ауысып отыруға арналған.
К4 және К5 экологиялық талаптарына сәйкес, жанармай қою стансаларындағы отын сапасын бақылаудың тетігі белгіленді. «Осы мақсатта «Техникалық реттеу туралы» заң қабылданып, қаланың кіреберісі мен шығар тұсында «Сергек» жүйесінің 21 бекеті орнатылды. 19 экопост қойылып, қаланың жасыл қорын ұлғайту жөніндегі жоспар бекітілді. 600 мыңнан астам ағаш отырғызылып, оның саны 1 млн-ға жететін болады. Сол секілді компьютерлік модельдеу, жел режімін зерттеу бойынша тәжірибе жұмыстары жүргізіліп, соған сәйкес құрылыстың бас жоспарына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар пысықталып жатыр», деді З.Жолдасов.
Теміртаудың аспанынан күн көрінбейді
Қарағанды облысы, соның ішінде Теміртауда атмосфералық көрсеткіштің қандай екенін еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін білетіні жасырын емес. Кеншілер өлкесіндегі ауаның ластану индексі жоғары – 8. Министрліктің ақпаратына сүйенсек, қаланы негізгі ластаушы – «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорны. Теміртаудағы шығарындының 87%-ы аталған зауытқа тиесілі. Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының сөзіне қарағанда, биыл компания үшін эмиссия лимиті 115 мың тоннаға төмендеді.
«Қазір «Жаңа Қазақстан» стратегиялық жоспары мен жол картасында 2025 жылға дейін шығарынды көлемін 30%-ға төмендету бекітіліп, бұл мәселеде табандылық танытпақпыз. Теміртаудағы жағдайдың жақсаруын күтеміз. Өскемен қаласының ауасы да жоғары деңгейде ластанған. Оның көздері белгілі. Бұл өнеркәсіп орындары, атап айтқанда, қалалық ЖЭО жылу стансасы және «Қазцинк» металлургия кешені мен жеке сектор.
Бүгінде Жол картасына 35 шара енгізіліп, 2025 жылға қарай зиянды қалдық 20-30%-ға төмендейді деп болжанып отыр. «Қазцинк» бойынша 2025 жылға дейін шығарынды 20%-ға түседі деп күтілуде. Күкірт қышқылы цехын жаңғырту жоспарланып, бұл көрсеткішті төмендетуге септесуі тиіс. Осындай шаралар ЖЭО-да да қолға алынады. Сонымен қатар қала аумағында шағын және орта бизнестің 89 қазандығы жұмыс істейді. Қазір жеке сектордағы мәселе де шешілген жоқ, оның қала ауасына тигізіп жатқан зияны да айтарлықтай. Жергілікті атқарушы органдар бұл мәселені шешудің жолдарын қарастырып жатыр», деді құзырлы орган басшысы.
«Қазгидрометтің» мәліметі бойынша, Ақтөбеде күкіртсутегі мен басқа да заттарға байланысты мерзім сайын жағымсыз динамика байқалып отыр. Жол картасы 33 тармақтан тұрады. Мұнда ауаны ластаушылардың бірі – «Қазхром» компаниясы. Кәсіпорын жағымсыз көрсеткішті биыл 30%-ға төмендетуді көздеп отыр.
«Қалалық коммуналдық-тазарту құрылымдарының жағдайы да зиянды қалдықтың көбеюіне әсер етеді. Қала билігі уақытша шешім ретінде әртүрлі катализаторлармен күкіртсутек мәселесін шешуге қамданып жатыр, бірақ болашақта тұтастай кәріз-тазарту жүйелерін жаңғырту қажет. 2025 жылға дейін жол картасын жүзеге асырып, Ақтөбедегі ауа мәселесін шешеміз деп ойлаймыз. Атыраудың атмосферасына байланысты да наразылықтар мен арыз-шағымдар түсіп жатыр. Мұнда орналасқан компания көп, бірақ қала бойынша нақты айтсақ, үлкен табиғи ластау көзі – Атырау мұнай өңдеу зауыты және «жағымсыз сай» ірі жинақтағышы саналады. Осында ондаған жыл бойы кәсіпорындардан ірі көлемде тазартылмаған ағын сулар төгіліп келген. Қазір бұл жинақтағышты қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2023 жылға дейін толық қалпына келтірілмек. Мұнай зауыты мен қала билігі қалпына келтіру жұмыстарына қаражат бөлді. Сонымен қоса АМӨЗ жүйелік мәселені шешу үшін өзінің тазарту құрылыстарын, техникалық тазалау арналарын қайта жаңартып, қаланың сол жағалауында тазарту жүйелері салынды. Ағынды сулар секілді мәселелер туындамас үшін олар іске қосылды», деді З.Жолдасов.
Министрліктегілер жол карталарын іске асырудың нәтижесінде 2025 жылға қарай 10 қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмендетуге жол ашылып, бұл ауаның тазаруына ықпал етеді деген сенімде.
Былтыр республика аумағында экологиялық заңнаманың сақталуына байланысты 1 мыңнан астам тексеру жүргізіліп, 3 299 заң бұзушылық анықталған. 27,3 млн теңгеге 2 046 әкімшілік айыппұл салынып, 7 млрд теңге көлемінде залалды өтеу туралы 530 ұйғарым берілді. Шаруашылық қызметті тоқтатуға қатысты сот шешімімен 148 талап қанағаттандырылды.
«Бірақ басты мәселе айыппұлда емес, осы бақылаудың нәтижесінде компаниялардың қандай қадам жасайтынында жатыр. Соның бір жарқын мысалы – «Қазцинк» ЖШС. Тазарту құрылысы бойынша ұйғарым беріліп, қазір компания құрылыстарды жаңғырту және қалдықтардың ұлғаюына жол бермеуге байланысты бірқатар шараны атқарды», деді комитет төрағасы.
Елімізде барлығы 53 кәріздік тазарту жүйесін қайта жаңарту және салу талап етіледі. Бұл – үлкен экологиялық проблемалардың бірі. Экология министрлігінде нысандарды қайта құру бойынша қаржыландыру жоспары дайындалып жатыр.
«Президент былтыр «Жаңа Қазақстан» ұлттық бағдарламасын бекітті. Тармақтардың бірі эмиссияларды төмендетуге арналған. Жоғарыда аталған 10 ластанған қалада орналасқан 16 ірі компания 20-30%-ға дейін ластануды азайтады деп ойлаймыз. Бұл шараларға компаниялар өз қаражаты есебінен кәсіпорындарды экологияландыруға 167 млрд теңге қарастырды. Халықты алаңдататын үлкен проблемалардың бірі – бейберекет полигондар. Қазір ғарыштық мониторингпен бақылау жүзеге асырылып жатыр. 2021 жылы 7 мыңнан астам стихиялық қоқыс орындары анықталып, оның 89%-ы жойылды. Қызылорда, Атырау облыстарында, Алматы мен Шымкентте жергілікті билік органдарының күшімен полигондар толығымен жойылды деп айтуға болады. Министрлікте жедел желі құрылды. Оған 479 өтініш келіп түсті, оның 54%-ы – бейберекет үйінділерге қатысты. Халықты зиянды қалдықтар мен тұрмыстық қатты қалдық мәселесі алаңдатады. Осы мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін бірқатар шара қолға алынды. Біріншіден, Ішкі істер министрлігін тартып, табиғи қоқыстардың пайда болуына жол бермеу туралы бірлескен бұйрық шығарылып, жаңа Экологиялық кодексте қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу лицензиялар санатына ауыстырылды. Қалдықтарды қайта өңдеумен кім айналысатынын нақты білетін боламыз. Шамамен 68 лицензия берілді. Қоқыс шығаратын кәсіпорындардың тізілімі жасалды. Олар GPS-пен жабдықталуы тиіс», деді З.Жолдасов.
Былтыр ҚТҚ қалдықтарын қайта өңдеу үлесі 21%-ға дейін, өнеркәсіптік қалдықтар бойынша 38,2%-ға дейін ұлғайды. Міндет – кәдеге жарату үлесін 24%-ға дейін, ал өнеркәсіптік үлесті 40%-ға дейін арттыру. 134 қала мен ауданда қалдықтарды бөлек жинау енгізіліп, көрсеткіш 65%-ға жетті. Ал 96 елді мекенде сұрыптау енгізіліп, қалдықтармен айналысатын 205 ұйым тіркелді. Тарихи ластану проблемаларын шешу бойынша да жұмыстар жүргізілді. Полихлорлы дифенилді қауіпті қалдықтар мен құрамында тұрақты органикалық ластаушы заттары бар қалдықтарды жою жөніндегі қондырғылар Қазақстанға БҰҰ-дан (ЮНИДО) өтеусіз негізде беріліп, биыл жабдықтар жеткізіледі. Былтырдан бері «Қошқар ата» қалдық қоймасын қалпына келтіру бойынша да жоба іске асырылып жатыр, деп нақтылады министрлік өкілдері.