Аймақтар • 25 Наурыз, 2022

Барбастауда бау-бақша болады

257 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының 18 тұрғыны былтыр «Еңбек» бағдарламасы аясында халыққа берілетін қайтарымсыз грант арқылы 1 528 түп жеміс ағашын алып, отырғызған еді. Аудан әкімі Тілек Ғабдушев бұл бастама биыл да жалғасатынын айтады.

Барбастауда бау-бақша болады

Бұрын осы Теректі ауданына қарасты Барбастау ауылы алма бағы­мен талай жерге әйгілі болатын. Күзде 800 га алқапқа жайылған алма бақтағы жемісті жинау үшін қаладан студенттер әкелінетін. Бақтың өнімі осы жерде өңделіп, жергілікті зауытта шырын, тосап, тіпті, шарап жасалатын.

Сол алма бақ Кеңес өкіметі ыдырап, экономикалық байланыстар күйреген қиын кезеңде қараусыз қал­ды. Алайда тәжірибе текке кетпей­ді ғой. Топырағы құнарлы, халқы еңбекқор Теректі халқы байырғы ата салтын жаң­ғыртып, ауылды атына заты сай жасыл желекке, тәтті жеміске бөлеуге кірісті.

Бәріне бастама болған «Ме­нің аулам – менің бағым» бағдарламасы. Батыс Қазақстан облысында былтыр ақпан айында қолға алынған бұл іс қазір ел ішінде өте танымал. Қараңыз, «Еңбек» бағдарламасы бо­йын­ша қайтарымсыз грант қар­жы­­сы­на жергілікті ауа райына бейім­делген жеміс көшетін аласыз. Сонымен бірге тәжірибелі мамандар бағбандықтың қыр-сырын, әліппесін тегін үйрететін семинар-кеңестер өткізеді. Кез келген уақытта ақыл-кеңес алуға болады. Әдетте жеміс ағашы өнім беруі үшін бірнеше жыл қажет болса, Теректі ауданында отырғызылған 266 түп терек 2021 жылдың күзінде 21 тонна алма беріп үлгерді. Яғни көшет құнарлы топыраққа, еңбекқор бағбанға тап болды деген сөз!

Теректі ауданына тігілген 1 528 түп теректен бөлек, осында­ғы 14 шаруашылыққа бақ өсіру үшін 795 гектар берілген. Оның ішінде West Agro-Milk ЖШС, «Витамин» ШҚ, «Үмбетияров» ЖК жалпы аумағы 563 гектар жерге 3 520 түп алма ағашын егіп, баптап жатыр.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Бар­бас­тау алмасының өңір бренді бол­ғанын қалайтынын үнемі айтып жү­ре­ді. Әрине, бүгінде сапалы, бәсекеге қабілетті өнім алу үшін ғылым мен технология қатар жүруі керек.

Тәжірибе алмасу мақса­тын­­дағы осындай семинар-кеңес­тің бірі жақында аудан әкімі Тілек Ғабду­шевтің ұйым­дас­тыруымен Теректі ауылында өтті. Облыс­тық табиғи ресурс­тар және та­би­ғат пайдалануды реттеу басқар­масының бас­­­­шы­сы Алдияр Ха­ле­лов, С.Исаев атындағы ха­лық­аралық экс­перименталды-тә­жірибелік бақ жетекшісі, бағбан-селек­цио­нер Қайрат Кәрімов, ауыл бағбан­да­­ры, округ әкімдері, жер­гілікті мәс­лихат депутаттары қа­тысқан жиын өте пайдалы болды.

– Жеміс ағашы ерекше күтіп-баптауды қажет ете­ді. Оны отыр­­­­­ғыз­­ған­да жергілікті ауа райына бейім­делген, төзімді түрін таң­дау керек. Әсіресе, алма ағашын отыр­ғызған кезде топыраққа мән беру қажет. Көшет тігер кезде шұңқы­рының көлемі мен тереңдігі 90 см болғаны дұрыс, – деп бастаған кә­ні­гі бағбан Қайрат Кәрімов өз тәжі­рибесінен көптеген мысал келтірді. Эксперименталды бағында алма мен жүзімнің 200-ден аса ерекше сортын өсіріп отырған бағбанның пікірін тұр­ғындар жылы қабылдады. Өздерін мазалаған сауалдарға жауап алды.

Күні кеше ғана Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қа­зақ­стан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында: «Аса тұрақсыз ха­лықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор» деген болатын. Ау­данда бағбандық қозғалыстың өсуі бұл жағынан да маңызды. Тілек Александрұлы «Биыл 1 мың түп жеміс ағашын әлеуметтік мекемелер арқылы отырғызамыз» деген жоспарын айтты.

– Біздің өңірде экологиялық жағ­дай жылдан жылға күрде­ліле­ніп барады. Ең өзектісі – су. Тал-терек егу, әсіресе, жеміс ағашын өсіру табиғат үшін өте пайдалы. Ерекше айтарым, суды үнемдеп жұмсауға үйренейік. Осыны халыққа жеткізуі­міз керек, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Алдияр Сансызбайұлы.

Семинарда ауыл тұрғындары, ақжайықтық Руслан Мырзағалиев пен барбастаулық Жәрдем Хита­ров былтыр отырғызған жеміс ағаш­тарының жағдайын, жұмыс нәтижесін айтып, тәжірибе бө­лісті. Басқосуда «Алтын алма» сау­да үйлері желісінің өкілі Мәр­зия Қази­қызы мен «Теректі» ша­руа қожалығының басшысы Сер­жан Идиятов іс жүргізу, өнім алу және оны өткізу жайында айтты.

– Жеміс ағашын өсіремін деушілер болса, ауданның кәсіп­керлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жолық­сын. Биыл мем­лекеттік грант саны екі есе өсті. Грант қаржысы да қомақты, – дейді Тілек Ғабдушев жерлестерін жер емуге шақырып.

 

Батыс Қазақстан облысы