Футбол тарихына көз жүгіртсек, 1985 және 1993 жылдары Еуропа мен Оңтүстік Америка чемпиондары арасында УЕФА-ның бұрынғы президенті Артемио Франкидің есімімен аталған турнир өткізілген еді. 1985 жылғы бәсекеде Франция Парижде Уругвайды (2:0) жеңсе, 1993 жылы Аргентина мен Дания құрамалары кездесіп, негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталды. Пенальти сериясында аргентиналық футболшылардың бағы жанды – 5:4.
Міне, араға 29 жыл салып екі құрлықтың футбол саласындағы басшылары аталған бәсекені қайта жаңғырту жөнінде келісімге келді. Нәтижесінде, Финалиссима (италянша – «гранд-финал») деп аталатын ойын 2022 жылдың 1 маусымында Англия астанасы – Лондондағы «Уэмбли» стадионында өтетін болып бекітілді.