03 Сәуір, 2014

Кәсіпкерлікті қорғау қадамдары

365 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Финпол кәсіпкерлікті қорғау Ағымдығы жылдың ақпанында Елбасы «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Осыған сәйкес 2014 жылғы 2 сәуірден 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді жүргізуге мораторий да жарияланды. Енді осы мәселе біздің елімізде қалай орындалып жатқаны жөнінде көпшіліктің көкейінде көп сұрақ туындататыны рас. Сондықтан да болса керек, Қаржы полициясы агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпбеков шағын және орта бизнестің қызметіне араласпау және мораторий режимін сақтау мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес жұмысына агенттіктің орта­лық аппарат қызметкерлері мен конференц-байланыс арқылы қаржы полициясы аумақтық бөлімшелерінің басшы­лық құрамы қатысты. Қаржы полициясы органдарында мораторий режи­мін сақтау, шағын және орта кәсіпкерлік­тің қызметіне араласпау бойынша тапсырмаларды орындау барысы туралы агенттіктің Тергеу департаментінің бас­тығы Асхат Жұмағали баяндама жасады. Тергеу департаментінің бастығы соңғы 2 жылда агенттік кәсіпкерлік субъектілерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге бағыттал­ған ұйымдастырушылық және тәжірибелік шараларды жүйелі түрде қабылдап отырғанын мәлімдеді. 2012 жылғы наурызда агенттік төрағасы ШОБ субъектілеріне қатысты тексерулерді домалақ арыздар бойынша және алдын ала талдау және жедел тексерусіз жүргізуге тыйым салу туралы нұсқаулар берген болатын. Осылайша сотқа дейінгі өндірісті ұйымдастыру тәртібі мен нысанын жетілдіру бойынша іс-шаралар кешені қабылданды. Бірінші кезекте, арыздар мен хабар­ла­малардың электронды тіркелуі жүйе­ге келтірілді. Және тек қылмыстық факті­лер бойынша тексерулерді жүргізуді қам­та­масыз ететін «Кезекші офицер» инс­ти­туты енгізілді. Мұның барлығы қаржы полициясының бастамасымен өткізі­летін ШОБ тексерулер санын айтар­лық­тай азайтуға әсерін тигізді. Бұған қоса, кәсіпкерлік қызметке араласу фак­тілерін әшкерелеуге баса на­зар аударылады. Мәселен, 2 жылда кәсіп­кер­лердің құқықтарын бұзумен байланыс­ты 521 сыбайлас жемқорлық қылмыс­тары анықталды. Үстіміздегі жылғы қаңтарда агенттік төрағасы мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының араласуынан ШОБ қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Бизнесті қорғау мақсатында агенттік Бас прокуратурамен бірлесе отырып бұйрықтар мен нұсқауларға, сондай-ақ Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасымен өзара іс-қимыл жөніндегі меморандумға қол қойды. Жиналыс соңында агенттік төраға­сының нұсқауымен жасалған Қаржы полициясы органдарымен ШОК субъек­­тілерін тексерулерді ұйымдастыру тәрті­бі туралы нұсқаулықтың жобасы таныс­тырылды. Нұсқаулықта сотқа дейінгі және қылмыстық іс қозғалғаннан кейінгі кезеңде мемлекеттік бақылау-қадағалау органдары арқылы ШОК субъектілерін тексеруді тағайындау барысындағы іс-қимыл бағдары көрсетілген. Осыған орай Рашид Түсіпбеков: «Күшіне енгізіліп отырған мораторийге қатысты айтсақ, тексерулерді тағайындау процедурасы түбегейлі өзгергенін білу керек», деп атап өтті. Өйткені, енді тексерулерді тіркеу тек департамент бастығының келісімімен ғана және тәуе­келдерді басқару жүйесін пайдалану арқылы, сөйтіп жасырын жедел-іздестіру шараларының толыққанды кешені жүргізілген жағдайда ғана рұқ­сат беріледі. Бизнес субъектілері қылмыс­тарды жасағанын дәлелдейтін салмақты негіздер болған жағдайда ғана департамент бастықтары тексеруді тағайындау туралы жеке өздері өтініп, осыған және жеке жауапкершілік алады. Ал қозғалған қылмыстық істер бойынша мемлекеттік бақылау-қадағалау органдары арқылы тағайындалатын барлық тексерулерге агенттіктің Төрағасы мен Бас прокуратураның келісімі қажет болады. Осыған орай Р.Түсіпбеков қаржы полициясының жеке құрамын: «Егер де сіздердің бастамаларыңызбен өткізілген тексерулер негізсіз болып шық­қан жағдайда, осы шешімге келіс­кен барлық тұлғалар жазаланатын болады», деп ескертті. Жиналысты қорытын­дылай келе, ведомство басшысы орта­лық аппараттың және аумақтық бөлім­шелерінің барлық басшыларына Прези­денттің кәсіпкерлік қызмет үшін жағ­дайды жақсарту туралы түбегейлі шара­лар қабылдау жөніндегі Жарлы­ғын орын­дауды жеке бақылауға алуды тапсырды. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».