Орал қаласында «Қазақстан-2050» Стратегиясы шеңберінде дене тәрбиесі мен спорт арқылы ұлттың денсаулығын нығайту» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Оған Қазақстан, Ресей және Польша мемлекеттерінен келген спорт ұйымдарының жетекшілері мен жаттықтырушылары, ғылыми зерттеушілер мен спорт әдіскерлері қатысты.
Пленарлық мәжіліс кезінде конференцияға қатысушылар бұқаралық спортты дамыту саласында қордаланып қалған өзекті мәселелерді талқылады. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, бұл ретте әр елде бұқаралық спортты дамытудың өзгешеліктері мен ерекшеліктері жөнінде жасалған баяндамалар барынша құнды болғаны анық. Айталық, Польшада денешынықтыру мен спортты дамыту жөнінде арнайы стратегия қабылданған. Онда қойылған міндеттердің қалай орындалып жатқаны жөнінде осы елдегі Экономика университетінің профессоры Александр Скалий айтып берді. Сонымен бірге, ол өз еліндегі спорттық жетістіктер жөніндегі бейнероликті де конференцияға қатысушылардың назарына ұсынды.
Польшалық ғылым докторының айтуынша, мұндағы жаппай дамыған спорттың түрі – велоспорт. Сондықтан, бұл мемлекеттің барлық қалаларында автомобиль жолымен қатарлас, бір мезгілде велосипедшілерге арналған арнайы жолдар тұрғызылып келеді. Мұнда бұқаралық спортты кеңінен дамыту үшін тек соңғы үш-төрт жылдың аралығында 1803 спорт кешені салынған екен. Оның жалпы құны 540 миллион АҚШ долларын құрайды.
Осы орайда, рухани интеграциялық байланыстар шеңберінде Польшадағы Быдгошь қаласы мен Қазақстандағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті арасында тығыз байланыс орнаған. Осы арқылы олар бір-бірінен үйреніп, бірін бірі толықтырып отырады. Бұл ретте, әсіресе, дене тәрбиесі мен спорт саласына мамандар әзірлеу жөніндегі тәжірибелердің екі жаққа да бергені көп.
Конференцияда спикер ретінде Ресей Федерациясы жоғары білім беру ісінің құрметті қызметкері, Поволжье әлеуметтік гуманитарлық академиясы дене тәрбиесі факультетінің деканы Валерий Беленов пен ресейлік педагогика ғылымдарының докторы Гарри Карнаухов және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе аймақаралық мемлекеттік университетінің профессоры Төлеген Ботағариев сөз алып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Бірқатар ғалым-әдіскерлер саламатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі ғылыми тұжырымдарын өз әріптестерімен бөлісті. Қазір қай елде де олимпиадалық резервтер әзірленетін оқу орындарында болашақ чемпиондарды дайындау жөнінде кейбір кереғарлықтар мен түйткілдер жоқ емес. Бұл мәселелер жөнінде де әр мемлекеттен келген шешендер осы мәселенің тінін тереңірек тарқату жөнінде ортақ ұйғарымға келді.
Түйіп айтқанда, әр елде ұлт саулығын жақсартуды мұрат тұтқан халықаралық конференция өз қатысушыларына ой-пікірлер мен тәжірибе алмасу үшін үлкен мүмкіндіктер берді. Оның қорытындысы бойынша ортақ халықаралық қарым-қатынастар шеңберінде бұқаралық спортты дамытуды одан әрі жетілдіру жөнінде сындарлы шешімдер қабылданды.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.