Қазақстан • 25 Наурыз, 2022

Ұлттық банк қаражатты алтын құймалармен сақтауды ұсынады

534 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық банк жинақты тартымды әрі сенімді инвестициялық құралдар – алтын мен күмістен жасалған инвестициялық монеталармен және тазартылған алтын құймаларымен сақтауды ұсынады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық банк қаражатты алтын құймалармен сақтауды ұсынады

Алтын мен күміске салынған қаржы инвестицияны инфляция мен валюталық тәуекелден сақтап қана қоймайды, сонымен қатар бәсекеге қабілетті кірісті де қамтамасыз ете алады. Алтын мен күміс құнының теңгедегі динамикасынан көрініп тұрғандай, ҚҰБ-тың өлшемелі алтын құймалары мен инвестициялық монеталарына инвестиция салу – ұзақ мерзімді перспективада жоғары табысты көрсетеді. 2000 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта алтын бағасының орташа жылдық өсу қарқыны 18% болса, күміс бағасы үшін бұл көрсеткіш – 15,1%.

 

«ҚҰБ-тың инвестициялық құралдарындағы артықшылықтардың бірі –оның нарықтағы өтімділігі, ол өлшемелі құймалар мен инвестициялық монеталарды кері сатып алуға өткізу мүмкіндігімен қамтамасыз етіледі. Егер алтын құймалар зақымданбаған тұтас қаптамамен кері сатып алуға өткізілсе, алтын құйманың иесі олар үшін өткізген күні төлем алады. ҚҰБ-тың өлшемелі құймалары мен инвестициялық монеталары сату бойынша алынатын қосылған құн салығынан босатылған, бұл да сатып алушыларға үлкен артықшылық береді», делінген Ұлттық банк таратқан ақпаратта.

 

Сонымен қатар жақын арада ҚҰБ-тың интернет-дүкені арқылы инвестициялық монеталарға алдын ала тапсырыс беруге мүмкіндік туады. Ондай жағдайда сатып алушылар өздеріне ыңғайлы уақытта монеталарды алып кете алатын ҚҰБ филиалын таңдай алады. Таңдалған филиалда монеталар болмаса, олар филиалға ҚҰБ есебінен жеткізіледі. Монеталарды дайындау мен логистиканы ескергенде жеткізудің орташа уақыты 4-6 аптаны құрайды.

Монеталар филиалға келіп түскеннен кейін сатып алушылар ҚҰБ филиалына бару күні мен уақытын белгілеу туралы хабарлама алады. Алдын ала тапсырыс беру кезінде монеталар үшін төлем жүргізілмейді. Монеталардың құны ҚҰБ филиалында сатып алынған күндегі бағалы металдың теңгедегі құнына байланысты анықталады.