БАНКТЕР БИЗНЕСТІ НЕСИЕЛЕУДІ ҚАЙТАДАН ҚОЛҒА АЛДЫ
Кеше “Rіxos Presіdent Astana” қонақүйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Экономикалық даму және сауда министрлігінің, барлық облыс әкімдіктерінің, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-тың, Қазақстан қаржыгерлері ассоциациясы және екінші деңгейлі банктердің арасындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің несиелері бойынша сыйақы мөлшерін субсидиялау жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге және “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын іске асыру шеңберінде кепілдік беру жөніндегі келісімдерге ресми қол қою рәсімі болып өтті. Бұл — банктер бизнесті несиелеуді қайтадан қолға алды деген сөз.
“Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы Үкімет қаулысымен бекітіліп, оның бірінші бағытын іске асыру шеңберінде жеке кәсіпкерлік субьектілеріне екінші деңгейлі банктердің кредиттеріне кепілдік беру жөніндегі, сондай-ақ екінші деңгейлі банк кредиттерін субсидиялау жөніндегі және “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының 1 және 3-бағыттарын іске асыру шеңберінде жеке кәсіпкерлік субьектілеріне екінші деңгейлі банк кредиттерін субсидиялау жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімдер Үкімет отырысында мақұлданған болатын. Келісімдерде жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік қолдау көрсету шараларының шарттары мен тетіктері бекітілген, сондай-ақ бағдарламаларға қатысушылар арасындағы байланыс тәртіптері реттеледі. Мұндай қарым-қатынастардың реттелуі бағдарламаға қатысушылардың барлығына бірдей қарауды, сонымен қатар мемлекеттік қолдау көрсету кезінде қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз етеді.
Шарада “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының 2 бағытын іске асыру шеңберінде Экономикалық даму және сауда министрлігі мен Қазақстан қаржыгерлері ассоциациясы арасында әрекеттестік туралы меморандумға да қол қойылды.
Алдымен Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова сөз алып, бүгінгі таңда біздің алдымызда тұрған міндеттердің бірі қазақстандық тауар өндірушілер үшін қаржы ресурстарына қол жеткізу және Кеден одағы шеңберінде ашылатын жаңа мүмкіндіктерді барынша пайдалану, сондай-ақ оған жағдай жасау болып табылатындығын жеткізді. Отандық кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан қолдау мақсатында Үкімет “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын қабылдады. Бұл бастама қазақстандық бизнес қауымдастығы және банк өкілдерімен, сондай-ақ мемлекеттік органдармен талқыланып, келісілді, деп атап өтті министр.
Бағдарламаға республикалық бюджеттен 30 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қаржы үш бағыт бойынша бөлініп отыр. Жаңа бизнес-бастамаларды қолдауға 12 млрд. теңге бөлінетін болады, ал кәсіпкерлік секторды сауықтыруға 16 млрд. теңге бөлу жоспарланса, 2010 жылы экспортқа бағдарланған өндірісті қолдауға 2 млрд. теңге бөлінбек. “Бизнестің жол картасы-2020” – елді индустрияландырудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленген тетіктердің бірі. Ол экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз етуді, сонымен қатар жұмыс орындарын сақтау мен тұрақты жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді. Қатысушы жобаларды іріктеу барысында алдымен агроөнеркәсіп кешені, кен өндіру өнеркәсібі саласындағы техникалық қызметтер, жеңіл өнеркәсіп және жиһаз шығару, құрылыс материалдары мен металл емес өзге минералды өнімдер өндіру, металлургия, металл өңдеу, мәшине жасау секілді өзге де өнеркәсіп секторларына басымдық беріледі.
Елбасы тапсырмасы бойынша Үкімет облыс әкімдіктерімен, бизнес қауымдастығы өкілдерімен, екінші деңгейлі банктермен, қаржыгерлермен қысқа мерзім ішінде бірқатар нақты құжаттарды талқылап, бүгін міне, қол қойып отыр. Мен еліміздің іскерлік белсенділігін арттырудың нақты жолдарын көрсететін құжаттың маңызы жоғары екендігін айтқым келеді. Үкімет сіздермен бірге дағдарыстан кейінгі кезеңде ұлттық бизнесті алға жылжыту мақсатымен оның жаңа тынысын ашуға мүмкіндік бермекке барлық жағдайды жасауда. Біздер дағдарыстан кейінгі дамудың жаңа сатысында тұрмыз. Сондықтан экономикалық дамуды реттеуді қолға алуымыз қажет. Қазіргі экономикалық жағдай мүлдем басқаша. Бүгінгі күні бизнес-шешім жеке бастамаларға, алдымен жеке секторға тиесілі. Осы орайда Үкімет алдындағы міндет – бизнес өкілдерінің жұмыс жасауына жол ашу. Мысалы, бүгінгі келісім бойынша қол жеткізілген несиені пайыздық мөлшерде субсидиялау. Келісім арқылы енді бизнес өкілдері нақты шешімдер қабылдап, бұл ресурстарды банктерден ала беруіне болады, деді жиында сөз сөйлеген Үкімет басшысы. Оның айтуынша, облыс әкімдіктері ендігі жерде жергілікті жерлерде жағдай жасауы тиіс, республикада құрамына барлық сектор кірген үйлестіру кеңесі жұмыс жасамақ. Банкте қаржы бар, заемшылар бар, пайыз мөлшері 7 пайызды құрайды. Яғни барлық жағдай жасалды, ендігі жұмыс бизнестің қолында, деді Премьер-Министр К.Мәсімов.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.