Өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімде бекітілген міндеттемелерге енгізілген. ҚПО 1998 жылдан бері Орал өңірінің әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосып келеді. Нақты нені, қашан және қайда салу керектігі облыс басшылығымен бірлесіп, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының бекітуімен шешіледі. Бұл бізге ең сұранысқа ие жобаларды бірлесіп таңдауға мүмкіндік береді. Яғни сұраныс ұсынысты тудырады.
Өзекті бағыттағы бұл жұмыстар биыл да жүргізілуде. Орал – еліміздің «батыс қақпасы» екенін жұртшылық мойындаған. Сондықтан өңір үшін көлік-логистиканы дамыту ерекше маңызға ие. Дәл осы ұстанымдарға орай «Орал» халықаралық әуежайын қайта жаңғырту мәселесі қаралды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған ғимарат барлық жағынан ескірген. Сонымен қатар 2014-2015 жылдары ұшу-қону жолағы барлық үлгідегі заманауи ұшақтарды қабылдау үшін қайта жаңғыртылды. Әуежай терминалын қайта құру – кешенді жобаның жалғасы. Оған қаражатты құрылыс-монтаж жұмыстарына тапсырыс беруші «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы бөлді. Ғимараттың ауданы ұлғайып, терминалдың өзі заманауи дизайнда жасалды. Техникалық жабдықтар халықаралық стандарттарға сай. Авиациялық қауіпсіздік мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. Сондай-ақ кедендік, шекаралық, санитарлық-карантиндік қызметтер, ақпараттық орталық пен медициналық пункт, ішкі және халықаралық рейстерге арналған жеке залдар бар. Қазір нысан пайдалануға беруге дайын деуге болады. Жаңа әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 200 жолаушыға есептелген, ал әуе тасымалының жылдық көлемі 400 мың жолаушыны құрайды.
ҚПО-ның көлік-логистика саласына тікелей қатысы бар тағы бір ірі әлеуметтік нысан – Орал қаласының жаңа Ақжайық шағын ауданына Шаған өзені арқылы өтетін көпірі бар жолдың құрылысы. Бұған дейін компанияның тапсырысы бойынша облыс орталығындағы темір жол арқылы өтетін көпір құрылысы мен Орал қаласы маңындағы «Деркул» шағын ауданымен байланыстыратын көпір қайта жаңғыртылып үлгерілген болатын. Яғни ҚПО-ның көпірлерді қайта қалпына келтіру және салу тәжірибесі бар, бұл, әрине, жаңа стратегиялық маңызды нысанның құрылысына пайдасын тигізеді.
Жалпы білім беретін мектептердің құрылысы туралы да осыны айтуға болады. Білім беру нысандары да – әлеуметтік әріптестік бағдарламасының негізгі басымдықтары. Компания облыс аумағында бірқатар шағын жинақты мектептердің құрылысына атсалыспақ. Яғни шет аумақтарда балаларды оқытуға сапалы әрі қолайлы жағдай жасалады. ҚПО компаниясы салған мектептерде сапалы білім алуға және бос уақытты өткізуге барлық жағдай жасалғаны іс жүзінде дәлелденді. «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауында компания «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясында күміс жүлдемен марапатталды. Оралда салынған мектеп осындай жоғары бағаға ие болды.
Ауруды емдеуден гөрі алдын алу оңай екені белгілі. Сондықтан ҚПО әлеуметтік жоспарында спорттық-сауықтыру кешендерін (ССК) салуға үлкен көңіл бөледі. Оралда, облыстың барлық ауданында спорттық-сауықтыру кешендерін құру міндеті алға қойылды. Бұл ауқымды да жауапты іске қарашығанақтық инвесторлар белсене қатысуда. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысының әр ауданында – осындай 6 нысанның, ал Орал қаласында бір балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысы аяқталды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Спорт ғимараттарының барлығында командалық спорт түрлеріне арналған залдан басқа, тренажерларда жаттығулар жасауға, спорттың күшті түрлері бойынша жаттығулар жасауға арналған бөлмелер, ал спорттық-сауықтыру орталықтарында турникеттер мен жүгіру жолдары бар ойын алаңдары болады.
ҚПО баспанамен қамтамасыз ету сияқты маңызды мәселені шешуден де шет қалмайды. Әлеуметтік жобалар жоспарында Орал қаласында салынатын көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы бар. Серіктестік салынып жатқан шағын аудандарда абаттандыру жұмыстарына да атсалысуда.
Көпшілігі облыста тіркелген әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға тек қазақстандық құрылыс компанияларының қатысуы маңызды. Мердігерлерді таңдау кезінде ҚПО жергілікті өндірушілерді қолдау және жергілікті қамтуды арттыру қағидаттарын ұстанады. Құрылыс компанияларымен өзара түсіністік рухында дамып келе жатқан әріптестік байланыстар сақталады. Жоғары сапа міндетті болып табылады. Ол жобалау процесінде де, жұмыстарды өндіруде де сақталуы керек. Қолданылатын материалдардың сапасы да бақыланады. Оның үстіне тағы да қазақстандық өнімдерге басымдық берілген. Ал құрылысшылар ҚПО-мен ынтымақтастықты нағыз шеберлік мектебі деп санайды. Мұнда тұтынушының бақылауы тұрақты түрде жүзеге асырылады. Оның өкілдері сәулет-техникалық қадағалау ұйымының мамандарымен бірге құрылыс алаңдарында жұмыс істейді, бұл барлық туындаған мәселелерді дер кезінде және жедел шешуге мүмкіндік береді.
Сапа параметрлері мен қауіпсіздікке қатысты жоғары талаптарды орындау үшін қосымша оқыту қажет. Нағыз шеберлік табиғи түрде бәсекеге қабілеттілікті арттырады және қазақстандық құрылысшыларға қиындықсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондықтан ҚПО-мен ынтымақтастық өте беделді және перспективалы болып саналады.
«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы Қазақстан Республикасының ең беделді марапаттарының бірі – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі үшін берілетін «Парыз» сыйлығымен түрлі номинациялар бойынша бірнеше рет марапатталған. Ал өткен жылы алғаш рет байқаудың Гран-при иегері атанды, бұл – Қарашығанақ жобасына қатысушылардың жоғары жетістіктерін мойындау. ҚПО-ның облыстың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға салған инвестициясының жалпы сомасы 454 млн доллардан асады деп бағаланып отыр. Осы қаржыландыру аясында Батыс Қазақстан облысының барлық ауданында 220-ден астам әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды.