Қазір біреулер Олжасты неге орысша жазды деп кінәлап жатыр. Егер ол сол кезде қазақша жазғанда жылқышыға жыр, қойшыға сөз болып, провинциялық деңгейде қалып қояр еді! Оны көшпелілердің аруағы алқап, Тәңірі жебеді! Олжастың орысша сөйлеуі сол кезде қазақтың күллі төрткүл дүниеге тіл қатуы болды. Олжас – аяқ-қолы тұсалып, алтын басы бодауда қалған қазақтың империялық кеудемсоқтыққа қарсылылығының жойқын бір көрінісі болды. Оның «Я иду к вам на встречу, серые сволочи!» дегені сол қанды балақ империяға қарсы айтқан сөзі еді, Құдай сақтап, сауысқаннан да сақ Кеңес цензурасы оны байқамай қалды. Графоман мен дәлдүріш құсап қазақша сөйлегенше, Олжекеңдер орысша сөйлесін, өйткені ол ойсыраған ойыңның орнын толтырып, ит мініп, ирек қамшылаған ұлттық рухыңды аспанға көтереді, оның орыс тіліндегі өлеңдерінің төркін жұрты Шалкиіз бен Қазтуғандардың жыраулық поэзиясында жатқан-ды.
Империяның ақыны мен бодан елдің ақынының арасы – жер мен көктей, қазақтан сөз қалған ба: «бидің айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» дейді. Осы бірауыз сөз екі елдің ақындарының болмыс-бітімін айна-қатесіз айшықтап тұр! Александр Блоктың айтқанын («Скифтер») Мағжан да айтқан, тіпті одан да асырып айтты, Мұқағалидың поэтикалық қуаты Есениннен артық болмаса, кем болған жоқ, бұлардың жазығы – бодан елдің сөзін сөйлеп, соның отымен кіріп, күлімен шыққандығында ғана ғой?
Ағылшынның аузымен құс тістеген адуынды ақыны Редьярд Киплингке қараңыз: «Империя строилась триста лет и рухнула в триста дней!», дейді ол көз жасы омырауын жуып! Жер шарының жартысына әмірін жүргізген дәуренін қимай, көкірегі шерге толып, көңілі құлазып жырлайды ол... Біз, сорымызға қарай, Кеңес өкіметінің кезінде ондай асқақ сөзді айта алмай кеттік. Бодандықтың кесірі – бұл. Әйтпесе, біз де қордан туған ел емес едік қой? Ел егемен болғанда жарты дүниені жатқызып, тұрғызған Тұраннан туғанымызды енді айтып жатырмыз, Иран-Ғайыптар сол заманда туғанда исі түрік поэзиясының бүгінгі деңгейі қандай биікте болар еді, оны бір құдай біледі:
Мен – тірімін.
Тоқтаған жоқ жүрегім –
Құрақ болып көгеремін,
Бұлақ болып күлемін.
Мен – тірімін.
Тірімін – Мен.
Өлгем жоқ.
Өлетіндей өмір сүріп көргем жоқ!»
Отыз жыл бойы Алашты аяқ-қолынан ұстап, жегі құрттай жеп, жең ұшынан жалғасқан, мемлекеттік деңгейдегі жемқорлықты Иран-Ғайыптай жыр тезіне алған ақындар саусақпен санарлықтай; оның күллі жырының алтын қазығы – егемен елі! Бірде шалқып, шаттанып жырлады, бірде күйініп, күңіреніп жырлады!
Иран-Ғайыптың ішіне дендеп кіргенім – бүгін, бір жыл болды ма, болмады ма? Анда-санда баспасөзден көзге түскен дүниелерін шолып, мықты ақын екенін іштей сезіп жүруші едім, қолымда бір кітабы жоғын естіп, өзі жазған төрт томына қосып, Дариға жеңгейдің екі қара томын қоса пойыздан жөнелтіпті...
Иран-Ғайыпты 70-тен асқанда оқып жатырмын, өкінішті... Қалай байқамай қалғам: шынында да ол Мәскеуге Иранбек Оразбаев болып барып, бізге Иран-Ғайып болып қайтып келіпті! «Өлең – Алланың алтынмен апталған нұры» дейді ол. Ал, оның кейбір қаламдасына салсаң, «шөп те өлең, шөңге де өлең», үш жолдың ұйқасын тауып, әшекейлі әдемі сөз қоссам өлең болады деп ойлап жүр? Халтурщик пен графомандар осылардан күшіктейді...
Біз бір-бірімізді оқымайды екенбіз, оқымаған соң үзеңгілес келе жатқан замандасымыздың не жазып жатқанын білмейміз, әрине. Қызылорданың шөлінде, алпыс екі тамырында арғы Ғұнның қаны ойнап туған, болмыс-бітімі мүлде бөлек ақын екен, риза болдым! Мемлекеттік сыйлықты жанын жалдап, он жыл боздап жүріп, әзер алды... Жапондар мұндай ақыны болса алақанға салып, Нобелін де баяғыда-ақ алып беріп жіберуші еді! Біз болсақ, әлі ұжымдасып ұлт бола алмаған, баяғы бодан кезіне бағып, бір-бірін аяқтан шалған, алты бақан алауыз, жарқырап жатқан жақсысын көре алмай жүрген жұртпыз. Қашанғы өстіп жүреміз? Мұны бір білсе, бір Құдай ғана біледі...
Мұның шығармашылығының түбі – тұңғиық. Оның тереңінде Абай жатыр, бер жағынан Қасым, Мұқағали, Асқар Сүлейменовтердің сұлбасы көлеңдейді. Іші толы синтез: эпостан – Сырдың сүлейлеріне дейін, Асан қайғыдан – Абай, Мұқағалиға, Пушкиннен – Межиров, Дантеге дейін, кім жоқ дейсің мұнда, бәрі бар. Пушкинге тән эпикалық кең құлашы мен Мағжандайын тұңғиық лирикалық тереңдігі тәнті етті мені!
Бұл әлем әдебиетінің тұнығында балықтай жүзген шайыр: Ғафудың Есенинін, Қадырдың Есенинін білетін қазаққа Иран-Ғайыптың Есенині мүлде тосын һәм қазақша, табиғилау көрінеді:
«Ерте оятшы, жаза бассам жар болып,
О, Анашым, уайымымды жеп біткен:
Тас-Қорғаннан – Айдау Жолға Зар-Қонық,
Қарсы аламын қонағымды көп күткен.
Бүгін ізін көрдім Алып-Күйменің,
Жар-Құшағын жайған шақта
Жарқын-Бақ.
Бұлтты қуған Жел бояумен Күн-Керім,
Дөңгелегін бара жатыр алтындап.
Ол келеді ертең таңмен бірге атып,
Ай-Қалпағын Аш-Бұтаға ілгілеп:
Тоқ байталға күрең құйрық бұлғатып,
Көз сүздіріп Қыз-Қырқаға Гүл-Білек.
...Ерте оятып –Бесігінде тербеген,
Түнгі Тұман, сейілт көңіл алаңы
Бұрын-соңды естіп-біліп-көрмеген,
Мен – Орыстың Ұлы Ақыны боламын!
Қосам жырға қандасымның әлемін,
Қонағымды, пеш, қоразды пүтіндей...
Тасып менің Өзің жайлы өлеңім,
Төгіледі Тарғыл сиыр сүтіндей...».
Иран-Ғайып өлеңге өмірін бақшылаған ақын:
«Мәңгі – Мазмұн-Мәнімен, Дақ түспейді Алтынға.
Тәнім – қартайғанымен, Жаным – жасыл қалпында» дейді ол. Ақын – Александр Блокша айтқанда, әшейін өлең құрап, оны кәсіпке айналдырған қуыскеуде пенде емес, адамзат тарихында ерекше орыны мен миссиясы бар, асқақ рухтың иесі болуы керек.
Жұмыр басты пенденің 99 пайызы ас үй мен әжетхананың арасында жүріп қартаяды екен. Пушкин мен Абай, Қасым, Мұқағалилар Жер-анадан Аспанға кетті. Мәңгілікке! Өмір мен тіршіліктің ара-жігін айыра алмай, өзегі кеуіп, өлімге бола туған біз секілді ұсақ-түйек пенделерге оларға таңырқай қарап, тереңіне бойлай алмай, тізесінде қалу немесе жүрген-тұрған, сүйген-күйген, сүрінген-бүлінгенін жіпке тізген анекдоттарды тамсана тыңдау ғана бұйырған шығар. Тәңірі маңдайға не жазса сол болады. Тұқым-тұқиянынан ел-жұртты ойлайтын есі дұрыс бір кісі шықпаған, халқының қолынан кісен, аяғынан шынжыр түскенде соның қазынасын бас салып, иемденіп алған байшыкеш мырзаларым-ау, көздеріңді ашып, көкжиекке бір қарасаңдаршы, сенің қолыңдағы мынау мыңғырған мал, алтынмен апталған сарайлар, аузынан аққан ақ май, бүгінгі бүкіл тіршілік-қаракетің Мағжанның: «Ұзын Орал – Күн мен Түн шекарасы, Өлім-түн, өмір-гүлді Күн даласы, Өмірменен өлімнің шекарасын, Ұйықтап озбақ ежелден жер баласы. Екі дүние – Күн мен Түн, Өмір – Өлім, Бірі – бесік, біреуі – даяр көрің. Бала болып жата бер бесігіңде, Сарыарқаның еркесі, қазақ елім!» деген екі шумақ өлеңіне жетпейді ғой! Санамызға Тәңірінің сәулесі түспей, бостандық пен бодандықтың арасында қаңғырып, қашанғы жүре береміз осы?!
Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?», «Хайуандық комедиясы», «Махамбет», «Естайдың Қорланы», «Мәңгілік елдің алтын адамы», «Фатима» атты драмалық поэмалары қазақ руханиятындағы айтулы құбылыс болды десек, артық айтқандық емес. Ол жырға сыймаған телегей-теңіз ой-сезімін Шекспирше сахнаға шығарып, іштегі шеменінен әбден арылған ақын болды. Осы спектакльдердің бәрі де қазақ және шетел сахналарында ерекше анонспен жүріп жатыр. Бүгінде ол шығармашылығы әбден толысқан кемел шағында.
Бүгінгі қазақ поэзиясы экономикасы қарыштап дамып, екі көзімізді төрт қылып, қатарына жетіп жығылсақ деп, күнде көксеп отырған ордалы отыз елмен тізе қағысып тұрғанын ішіміз сезеді. Иран-Ғайып та екі аяғы салбырап көктен түсе қалған жоқ, сонау атам заманнан келе жатқан қазақтың қара өлеңінен туды. Орайы кеп тұрғанда, «Жеті атасын білмеген –– жетесіз» демекші, қазақтың қара өлеңінің де жеті атасын түгендеп қойса болар еді: алғашқы атамыз – Ұлттық эпос пен Қара өлең, одан кейін Жыраулар поэзиясы, осылардан – әлемдік поэзиямен бәсекеге түсіп, Абай туады. Абайдан – Мағжан, Ілияс, Қасым... Қасымнан алпысыншы жылдардың асау толқыны Тұманбай мен Мұқағали, Өтежан мен Жұмекен, Қадыр мен Сағи. Осылардан қазіргі заманғы ақындар туып жатыр. Соның бел ортасында ақ маңдайы жарқырап Иран-Ғайып та тұр! Ол биыл жетпіс беске келді. Есенин отыздан аса алмай қалды, Қасым мен Мұқағали қырық бес-ақ жыл жасады. Иран-Ғайыптың арманы жоқ, бодан жұртта туса да, арқасына атасының аруағы қонып, айтарын айтты, елі – егемен, жұрты – тыныш, Алла жазса Гетенің жасына ілігейін деп тұр...
«Империя мен бодан елдің арасы...
Артымызда Алтайменен Қырым ғап,
Қайдағы бір құл мен құтан қырына ап;
Біз үш жүз жыл әзер жүрдік, құлаққа
Атилланың аруағы сыбырлап!..
Анау – орыс, мынау – қазақ,
Қарашы,
Данасы көп екеуінің, дарасы.
Мағжан мен Есениндей екен ғой,
Империя мен бодан елдің арасы?!.
Шырақ ұстап туған елін іздеген,
Көрінгенге барып көзін сүзбеген;
Көресінін осы жұртпен бір көрген,
Мағжанның үмбетіміз –
Біз деген!
Империя талақ қылып басқаны,
Аяғына тастады!
Біз түгілі, Айға азуын білеген,
Олжасты да бауырына баспады?!.
Жүлде алмай-ақ кісі салып, топ құрап,
Сергей де өтті өз зәузәті соққылап.
Сөзін оның төрткүл дүние естіді,
Қазақ бізді әлі естіген жоқ, бірақ?
Өзі де – ұлы, кіндік кескен ұлты – ұлы,
Ұлыда – рух болады, жоқ – құлқыны;
Есін жинап алсын... сонсоң, бізді де,
Біздің ел де естиді әлі бір күні?
Қарашы,
Жазылған жоқ оның әлі жарасы.
Дүниенің қияметі екен ғой,
Бостандық пен бодандықтың арасы...».
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты