Аймақтар • 27 Наурыз, 2022

Су тапшылығы биыл да қыспаққа алып тұр

455 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бұл күнде Жамбыл өңіріндегі су тапшылығы күрделі мәселеге айналған. Қажетті су қорының аздығынан аймақтағы егістік көлемі де жылдағыдан қысқарып келеді. Мәселен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өткен жылы өңірдегі егістік көлемі 751,9 мың гектарды құраса, биыл 741,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған.

Су тапшылығы биыл да қыспаққа алып тұр

Алайда бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10,6 гектарға кем болып отыр. Әрине, мұның басты себебі су тапшылығынан екені рас. Бұл ретте мамандар егістік көлемінің төмендеп кетуін өңірде жауын-шашынның аз түсуімен де байланыстырады. Расында да бұл жыл Жамбыл облысы үшін ауа райының қолайсыздығымен есте қалды. Мезгілі келгенде жауып беретін қар да, жауын да биыл тым аз болды. Есесіне, наурыз айының орта шенінде қар да, жаңбыр да толассыз жауып, көптің таңданысын тудырды. Дей тұрғанмен, тұрғындар табиғаттың тосын мінезінің өзін жақсылыққа балап отыр.

Қар мен жаңбыр сияқты табиғат құбылыстарының да шаруашылыққа пайдасы мол. Бұл өңірдегі су қоймаларына су қорының мол жина­луына да көп көмек береді. Қоймаларға су көптеп жиналса, бұл да елдің ырзығы болмақ. Бірақ бүгінде жауын-шашынның аз түсуі салдарынан аймақтағы су қоймаларына қажетті су көлемі жиналмаған. Бәрі де ортадан төмен деуге болады. Мұның қауіпті құбылыс екені тағы белгілі. «Жамбыл облысына вегетациялық кезеңде барлық су көзінен суаруға қажетті су көлемі жос­пар бойынша 1 284 млн текше метрді құрайды. Оның ішінде Қырғызстан тарапынан Ереже бойынша алынатын су көлемі Шу өзені бойынша 370 млн текше метр, ал Талас өзені бойынша 590 млн текше метр болуға тиіс.

«Қазгидромет» мекемесінің биылғы 1 наурызға берген кон­сультативтік-гидрологиялық болжамы бойынша, осы жылға таулы және тау етегіндегі аймақтарда қардың қоры орташа жылдық нормадан 37-82 пайызға төмен. Ал ылғал жиналу кезеңіндегі жауын-шашын мөлшері орташа жылдық нормадан 22-39 па­йызға төмен. Сондықтан да осы жылдың вегетациялық маусымында барлық су көзінен шамамен 880 млн текше метр су алынып, 120 мың гектар суармалы алқапты суару жоспарлануда», дейді «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев.

Сондай-ақ ол бүгінде суару мерзіміне дайындалу мақсатында аталған филиал теңгеріміндегі каналдар қоқыстардан, лай мен өсім­діктерден тазаланып жатқанын жеткізді.

«Гидроқұрылымдарға ағым­дағы жөндеу жұмыстары жүргі­зілуде. Бүгінде өңірдегі 405 ша­қы­рым канал тазаланып, гидро­­құрылымдар жөнделуде. Облы­сымыздың қолда бар су ресурс­тарын тиімді пайдалану үшін және ағымдағы вегетация кезеңін тәуекелсіз жүргізу мақсатында, «Шу-Талас» бассейндік инспекция­сымен, аудан әкімдіктерімен және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, бір­қа­тар жұмыс жүргізілуде. Ауыл ша­руашылығы тауар өндірушіл­е­рі­мен биылғы суармалы маусымда өзендерде ағын су тапшылығы болатыны, сондықтан суды аз қажет ететін өнімдерді егу және су үнемдеу технологияларын пайдалану қажеттілігі де түсіндірілуде», дейді филиал директоры.

Ал облыс бойынша «Шу-Талас» бассейндік инспекция­сының басшысы Гүлмира Им­а­шева да биыл судың аз болаты­нын, сондықтан да суды үнемдеп әрі кезекпен пайдаланудан бас­­қа амал жоқ екенін айтады. Сон­дай-ақ инспекция басшы­сы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне судың аз еке­нін түсіндіру және су үнемдеу технологияларына көшудің маңыз­дылығы артып тұрғанын да жет­кізді. Бұл ретте бұдан өзге мүм­кіндік те болмай тұр. Мәселен, Жуалы ауданындағы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының су өткізу мүмкіндігі секундына 36 текше метр болып отыр. Ал оның су жинау көлемі 158,6 млн текше метрді құрайды. «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының басшысы Қайрат Шымыровтың айтуынша, биылғы 15 наурыздағы мәлімет бойынша, қоймаға 69,2 млн текше метр ғана су жиналған.

«Биылғы қыста қар жаумады десек те болады. Сондықтан да сушыларды, диқандарды үрей биледі. Егер қар, жауын жаумаса су қоймасына су жиналмайды. Дегенмен, соңғы бірнеше аптада жаңбыр жиі жауып, қаупіміз аз да болса сейілгендей болды. Қазіргі уақытта су жақсы түсіп жатыр. Егер жауын-шашын әлі де жауа беретін болса, рұқсат етілген су көлемін жинап алуға мүмкіндік бар», дейді Қайрат Шымыров.

Жалпы, Жамбыл облысында жүзден астам су қоймасы бар. Ал ең негізгі деген су қоймаларына әзірге су толығымен жиналмаған. Қыс бойы қар жаумай, көктемде де көп жаңбыр түспеген өңірде бұл көкейкесті мәселе болып тұр. Мәселен, қазіргі кезде «Қақпатас» су қоймасында 2,3 млн текше метр ғана су бар. Бұл оның 22 пайызын ғана құрайды. Сол сияқ­ты, аймақтағы «Қарақоңыз» су қоймасында 5,1 млн текше метр, «Бүркітті» су қоймасында 2,8 млн текше метр және «Ақкөл» көлінде 51,2 млн текше метр су бар. Егер жағдай осылай жалғаса беретін болса, өңірдегі су қоймаларының қажетті су көлемін жинай алмау қаупі бар. Сондай-ақ «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіп­орны облыстық филиалы дирек­торының орынбасары Ғалия Ғаббасқызы «Тасөткел» су қой­масының 500 млн текше метр су жинауға мүмкіндігі болғанымен, қайта жаңарту жұмыстары аяқ­тал­мағанына байланысты атал­ған көлемді жинауға рұқсат беріл­мегенін атап өтті.

«Қырғызстандағы «Киров» және «Ортотокой» су қоймалары да болжам бойынша 87-90 пайызға ғана толуы мүмкін. Қыста тауға қардың өте аз түсуінен су мәселесі Қырғыз Республикасында да өткір мәселеге айналып отыр. Сол себепті де өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен жағдайға тү­сіністікпен қарауды сұранамыз. Су тап­шылығы мәселесі айқаймен емес, ақылмен шешіледі», дейді ол.

Ал 1963 жылы пайдалануға берілген «Теріс-Ащыбұлақ» су қой­масының бөгеті қайта жаңар­ту жұмыстарын қажет етеді. Жобалық-сметалық құжатын әзір­леу үшін республикалық бюджеттен 45,892 млн теңге бөлу үшін конкурс жария­ланыпты. Егер конкурстың шешімі шығып, тиісті мердігер анықталса, аталған су қоймасының да мәселесі шешіледі. «Ақкөл» бөгетіндегі ахуа­л да алаң­датарлық. «Қазсушар» респуб­ликалық мемлекеттік кә­сіпорны облыстық филиалы «Ақкөл өнді­рістік бөлімшесінің» басшысы Әбіләмит Ахметов көлге бүгінге дейін 52 млн текше метр ғана су жи­нал­ғанын айтты. Ал жалпы көлге 264 млн 463 мың текше метр су сыяды.

«Өткен жылмен салыстырғанда су аз жиналуда. Мәселен, 2021 жылдың 15 наурызында көлде 66 млн текше метр су болған. Енді биыл қардың, жауынның аз түсуі айтарлықтай қиындықтар туындатуда. Егер көлге 90 млн текше метр су жинай алсақ, суармалы маусымда ешқандай мәселе туындамас еді. Өткен жылы «Ақкөл» көліне 97 млн текше метр су жиналған. Биыл да сол межеге жетсек пе дей­міз. Алайда қажетті су көлемін жинай алуымыз немесе жинай алмауымыз жауын-шашынға тікелей байланысты», дейді ол.

Ендігі жағдайдың қандай болатынын мезгілдің өзі көрсетеді. Бұл ретте жауапты басшылардың су мәселесін тек қана жауын-шашынның аздығына тіреп қоюы да жарамсыз. Аймақта жерасты суларын пайдаланып, сол арқы­лы суармалы егіс алқабының көлемін ұлғайту керектігі айтылып ке­леді. Десе де, бұл жұмыстың жүргізілуі баяу. Талай уақыттан бері түйткілді мәселеге айналып келген Меркі ауданында бүгінде жерасты ұң­ғымаларын бұр­­ғылау жұмыстары басталып кеткен. Қазіргі таңда ауданда 46 ұңғыманың құрылысы бастал­са, бүгінге дейін 8 ұңғыма бұр­­ғыланған. Жобаның құны 4 млрд 700 млн теңге болып отыр. Өз сөзінде «Қазсушар» респуб­ликалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев ұңғыма қазудағы мақсат «Үлкен Шу» каналына су жіберу екенін айтады. Себебі үш-төрт жылдан бері аталған каналға көрші Қырғыз Республикасынан су жіберілмейді. Су мәселесі өздерінде де өзекті болған соң айыр қалпақты ағайын­дар бұл күнде су жіберу жұмысын баяулатқан. Тіпті «Үлкен Шу» сияқты каналдарға су мүлде келмейтін болған. Енді ұңғыма қазу жұмыстары облыстың өзге аудан­дарында да жалғасады деп жоспарланған. Әрине, бұл жұмыс­тардың да суға тәуелділікті бір күнде шешіп бере алмасы анық. Десе де, «Әрекетке – берекет» дегендей, бұл да күрделі мәселені шешудің бір жолы болмақ.

 

Жамбыл облысы