Пікір • 28 Наурыз, 2022

Конституциялық құқығымыздың сенімді кепілі

428 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Конституциялық сотты қалпына келтіру мемлекет тари­хын­дағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады. Өйт­кені ел Президенті Қ.Тоқаевтың таяудағы тарихи Жол­дауында жария еткен саяси реформалар шеңберінде Консти­туциялық сотты қалпына келтіруге қатысты шешімі ерекше мәнге ие.

Конституциялық құқығымыздың сенімді кепілі

Қазақстанда Конституция­лық сот 1992-1995 жылдары жұмыс істеді. «ҚР Консти­ту­ция­лық соты туралы» арнайы заң­ға сәйкес Конституциялық сот Конс­титуцияны қорғау бо­йын­ша сот билігінің жоғар­ғы органы болып табылды, Конс­титуция­ның консти­туция­лық заңдылығы мен үстем­дігін қамтамасыз етті, бар­лық мемлекеттік ор­ган­д­ар акті­лері­нің конститу­циялы­лығы, оның лауазымды адам­дары­ның әрекеті туралы шешім қабыл­дады. Сондай-ақ осы орган­дардың құқық қолдану прак­ти­касына баға берді, яғни аза­мат­тардың және басқа да субъек­тілердің бұзылған конс­титу­циялық құқықтарын қорғады.

Сенімдірек болу үшін Конс­титуциялық сот өкілет­тіктерінің бірнеше тізбесін атап көрсеткім келеді. Конституциялық сот Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдары­на және Қазақстан Республи­ка­сы­ның Жоғарғы Кеңесі мен оның органдары қабылдаған өзге де актілерге, Президенттің жар­лықтары мен өзге де акті­леріне, Министрлер каби­неті­нің қаулыларына, Қазақ­­стан Республикасы министрлік­терінің, мемлекеттік комитеттері мен ведомстволарының норма­тивтік актілеріне сәйкестігі тура­лы істерді қарады. Соны­мен қатар Қазақстан Респуб­ли­касының Бас прокуроры қабыл­дайтын нормативтік сипат­тағы актілердің, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Жоғарғы Соты пле­нум­дарының басшы түсін­дір­ме­лерінің көшірмелері қоса беріледі.

Қазақстан Республикасы­ның Конституциялық соты Қазақ­стан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің ұсынуы бойынша Президенттің, Министрлер кабинеті мүшелерінің, Жоғар­ғы сот Төрағасының, Жоғары Төрелік сот Төрағасының, Қазақстан Республикасының Бас прокурорының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының дипломатиялық және өзге де өкілдерінің өз өкілеттіктерін мер­зімінен бұрын тоқтату туралы мәселе қозғалған жағдайда, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауы туралы қорытынды бере алады.

Қазақстан Республикасы­ның Конституциялық соты аза­маттардың конституциялық құқықтарын қозғайтын құқық қолдану практикасының конс­титуциялылығы туралы істерді қарады. Қазақстан Респуб­ликасы Конституциялық соты­ның осы баптың бірінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген мәселелер бойынша өз бастамасы бойынша іс жүргізуді қозғауға құқығы болды.

Конституциялық сот шешім­дерінің Қазақстанның бүкіл аумағындағы ең жоғары заң­дық күші туралы ерекше атап өткен жөн. Конституциялық соттың заңдардың және өзге де нормативтік актілердің тұтастай немесе бір бөлігінің Конституцияға сәйкестігін белгілейтін шешімі олардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылуының күшін жойды, сондай-ақ конс­титуциялық емес деп таныл­ған актіге негізделген басқа да нормативтік актілер қолда­ны­луының күшін жойды.

Соттардың және өзге де құ­қық қолдану органдарының конституциялық емес деп таныл­ған нормативтік актіге негі­з­делген шешімдері орын­далуға жатпайды. Конституциялық соттың нормативтік актіні немесе оның бір бөлігін конституциялық емес деп тану туралы шешімі олардың жария­лануына кедергі келтірді.

Осы заңның 10-бабының 2-тармағында аталған адам­дардың Қазақстан Республи­касының Конституциясын сақтамауы туралы Конституция­лық соттың шешімі олардың атқаратын лауазымдарына сәй­кестігі туралы мәселені қарау үшін негіз болды.

Сондықтан егер біз мем­­ле­кеттік құрылыстың өрке­­ниетті, прогрессивті және демо­­кратиялық қағидат­тарына көшкі­міз келсе, құқық­тық қатынас­тардың барлық субъектілерінің консти­туция­лық құқықтарын, әсіресе отан­дастарымыздың табиғи және азаматтық құқық­тарын қам­тамасыз етуді жоспарлап отырмыз, Конституциялық сотты аталған өкілеттіктермен қал­пына келтіру, Мемлекет бас­шы­сының біздің қоғамдық өмірі­міздегі маңызды қадамы.

Бұл ретте – азаматтарға, сон­дай-ақ Республикалық қоғамдық ұйымдарға Конституциялық сотқа тікелей талап қою құқы­ғын беру міндетті. Сондай-ақ Конституциялық сотқа Конс­титуцияның қатаң сақталуы, сон­дай-ақ Тәуелсіз Қазақ­стан­ның мемлекеттік мүдделерін басшылыққа алатын жоғары білікті мемлекеттік заңгерлер сайлануы өте маңызды.

Егер Конституциялық сот­тың жұмысын дұрыс ұйым­дас­тырып, оның тәуелсіздігін және биліктің басқа тармақтары­ның қызметіне араласпауын қамтамасыз етсе, онда біз конс­титуциялық заңдылықты қорғау жөніндегі сенімді мем­лекеттік орган құра аламыз. Ең бірінші кезекте бұл орган азаматтарымыздың консти­ту­циялық құқықтарының сенімді кепілі болуға тиіс.

 

Сабыр ҚАСЫМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Конституциялық соттың бұрынғы судьясы