Үкімет • 28 Наурыз, 2022

Атқарушылық іс жүргізу саласын жетілдіру маңызды

741 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мәжілісте «Атқарушылық іс жүргізуде тараптардың құқықтарын қорғауды жетілдіру. Проблемалар және оларды шешу жолдары» тақырыбында Үкімет сағаты өтті. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Әділет министрі Қанат Мусин баяндама жасады.

Атқарушылық іс жүргізу саласын жетілдіру маңызды

Іс-шараны жүргізген Мәжіліс Төра­ғасының орынбасары Балаим Кесебаева атқарушылық іс жүргізу жүйесін жетіл­діру мәселесінің өзектілігіне тоқталды. Оның айтуынша, бұған дейін аталған тақырып Парламент қабыр­ғасында бірнеше рет талқыланған. «Атқа­ру­шылық іс жүргізу – сот проце­сінің соңғы мәресі. Сондықтан дәл осы кезеңде бұзылған құқықтар қал­пына келтіріліп, заңды мүдделер шын мәнінде қорғалуға тиіс. Осы саладағы маңызды мәселе – заңдылықты қамта­масыз ету, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын сақтау, сондай-ақ мемлекеттің мүдделерін қорғау. Осыған байланысты атқарушылық іс жүргізуде тараптар құқықтарының бұзылуына, сот орындаушыларының әрекеттеріне көптеген шағымға алып келетін созылмалы, шешімін таппай жүрген проблемаларды талқылауымыз қажет. Атқарушылық іс жүргізу сапасын жақсарту бойынша қабылданып жатқан заңдарға және басқа шараларға қарамастан, жеке сот орындаушылардың әрекеттеріне шағымдардың саны азаймай отыр. Жоғарғы соттың ақпаратына сәйкес соңғы 3 жылда сотқа берілген шағымдардың саны 10 мыңнан асқан», деді Б.Кесебаева.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары сонымен қатар депутаттардың атына да тұрақты негізде шағымдар түсетінін сөз етті. Шағымдардың басым бөлігі атқарушы құжаттардың ұзақ уақыт бойы негізсіз орындалмауына, соның ішінде сот орындаушыларымен іс бо­йынша тиісті мәжбүрлеу шараларын қабылдамауына қатысты. «Статистика бойынша соттарға түскен әкімшілік талап-арыздарының жалпы санының арасында ең көбі – сот орындаушыларының әрекеттері мен әрекетсіздігіне қатысты. Кейінгі 9 ай ішінде тұтастай алғанда, республика бойынша 6 мыңнан астам талап-арыз түскен. Шағымдардың көптігі борышкерлердің сот шешімдерінің орындалуын созу мақсатында мұндай шағымдарды қасақана беруіне де байланысты. Борышкердің мұндай әрекеттері екінші тарап құқықтарының бұзылуына әкеледі. Біздің мақсатымыз заң шығару субъектісі ретінде осындай проблемаларды анықтау және шешу», деді Б.Кесебаева.

Бұдан кейін мінберге Әділет министрі Қанат Мусин көтерілді. Ведомство басшысы талқыланып отырған саланың жай-күйі жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, сот төрелігін іске асырудың соңғы кезеңі ретінде мәжбүрлеп орындату процесі тиімді, жедел және әділ болуға тиіс. Алайда өндіріп алушылар өздеріне тиесілі сомаларды уақтылы және толық өндіріп алуға қол жеткізе алмайды. Министр келтірген деректерге сүйенсек, 2021 жылы жалпы сомасы 9,3 трлн болатын 7 млн атқарушылық және басқа да құжат келіп түскен. Соның ішінде 2,3 млн атқару құжаты қаралып, 300 млрд теңге өндіріліп алынған. «Негізгі себептер – заңнаманың олқылықтары мен борышкерлердің төлей алмауы. Өткен жылы борышкердің табысы немесе мүлкі болмауына байланысты өндіріп алушыларға 2,4 трлн теңгеге 608 мың атқарушылық құжат қайтарылды. Жыл сайын атқарушылық іс саны 1 млн-ға өсіп отырғаны байқалады. Тиісінше, сот орындаушыларының жүктемесі артып келеді.

Сот актілерін орындау – ең проб­ле­малық жұмыс. Сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымдардың саны төмен­демей, бұзушылықтардың саны да өседі. Бұл әкімшілік әділет жүйесін енгізуді ай­қын көрсетті. Талап-арыздардың жартысы сот орындаушыларының әрекеттерін дау­лау туралы. Көп жағдайда соттар олар­ды негізделген деп таниды», деді Қ.Му­син.

Ведомство басшысы мұндай жағ­дайдың субъективті және объективті себептері де бар екенін жеткізді. Сонымен қатар министрлік борышкерлердің де, өндіріп алушылардың да құқықтарын қорғау үшін жүйелі жұмыс жүргізіп отырғанына тоқталды. «Атқарушылық іс жүргізу туралы» заңға маңызды өзгерістер 2020 жылы енгізілді. Олар борышкер мен өндіріп алушының құқықтарын қорғауға, жеке сот орындаушының жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Енді, бір ай ішінде алимент өндіру және басқа да әлеуметтік істер бойынша белсенді жұмыс істемеген сот орындаушысы лицензиясынан айырылады. 2021 жылы осындай негіздер бойынша 19 жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылды. Жеке сот орындаушы мүлікті сатқаннан кейін басқа сот орындаушылардың да шектеулерін шешуге міндетті. Енді сот орындаушысы борышкердің елден шығуын шектеуге міндетті. Бұрын ол мұны өз қалауы бо­йынша жасай алатын. Жұмыс істейтін мүгедек борышкерден алимент өндіріп алу оның жалақысынан ғана жүзеге асырылады», деді ведомство басшысы.

Естеріңізде болса, 2020 жылғы Жоғарғы соттың «Сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылық туралы» нормативтік қаулысына түзетулер енгізілген-ді. Министрдің айтуынша, бұл өзгерістер қасақана төлемеушілерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды айтарлықтай жеңілдетті. Келтірілген деректерге сүйенсек, былтыр алимент төлемегені үшін 316 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал 2019 жылы 62 борышкер осындай жаза алған еді. 2021 жылы 6 мыңнан астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Қабылданған заңға сәйкес жылжымайтын мүлікті аукцион арқылы бастапқы бағалау құнының 75 пайызынан төмен сатуға болмайды. Бұрын сатудың ең төменгі шегі 50 пайыз еді. Жалпы алғанда, маңызды мәселелер тобы атқарушылық іс жүргізу саласын автоматтандыру арқылы өз шешімін тапты. Бүгінгі күні іс жүргізу әрекеттерінің 70 пайызы автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде жүзеге асады. Атқарушылық іс жүргізу тараптары материалдармен онлайн таныса алады және процестік өтініш хаттарды тараптардың кабинеті арқылы бере алады. Автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне тіркелу бұған мүмкіндік береді», деді Қ.Мусин.

Министрдің айтуынша, проблемалар әлі де жеткілікті. Барлық банктер ведомствоның жүйесімен бірікті­ріл­меген. Елдегі 27 банктің 14-і ғана ақпа­рат­тық алмасуға қосылған. Бұл орын­дату жүйесін толық көлемде автомат­тандыруға, банктермен өзара іс-қимыл­ды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Аза­маттардың қарызды төлеу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді, олардың өмірлік белсенділігін жеңілдетеді. «Көлікке ты­йым салу, алып тастау және жүргізуші куәлігі қолданысын шектеу мәселелері бо­йынша Ішкі істер министрлігімен интеграция жоқ. Қазіргі ең үлкен және іс жүзінде шешілмей тұрған проблема – тараптарды хабардар ету. Ақпараттық жүйемізде қазіргі уақытта СМС-ха­барлама бар. Бірақ бұл шара тиімсіз, өйткені ол хабарламаны борышкерге немесе өндіріп алушыға тиісті түрде жеткізуін қамтамасыз етпейді. Пошта арқылы хабарлама жіберу жеткізу мер­зімі мен құны бойынша архаизм екені анық. Хабарламаны хат арқылы жіберу үшін шамамен 400 теңге жұмсалады. Мем­лекеттің құқықтық жүйесінде борыш­керді уақтылы хабардар ету – міндетті шарт. Тек сот орындаушылары үшін ғана емес, барлық әкімшілік органдар үшін де қажетті. Қазіргі уақытта министрлік бұл мәселенің шешімін табу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тиісті ұсыныстар жақын арада Үкіметке енгізіледі», деді Қ.Мусин.

Ведомство басшысы қазіргі таңда заң бойынша жеке сот орындаушының әрекеттері мен шешімдері тек сот арқылы шағым жасайтынына назар аударды. Мұндай сот даулары барлық сатыны қоса алғанда 11 айға дейін созылуы мүмкін. «Бұл ретте соттың негізгі шешімі орындалмай жата береді. Адамдар сот өндіріп бергенді ала алмайды. Көбінесе борышкерлер шағымдану құқығын теріс пайдаланады және оның орындау процесін созу үшін пайдаланады. Осы уақыт ішінде олар мүлік пен ақшаны жасырады. Сот практикасы жеке сот орындаушыларына қатысты 200-ге жуық талап-арыз татуласумен немесе мыңнан астам талап-арызды қайтарып алумен аяқталғанын көрсетеді.  Дау, сотқа дейін, өңірлік палаталар деңгейінде шешіліп келеді. Мұндай практиканы жария ету және өңірлік палаталарының лауазымды адамдарын жеке сот орындау­шыларының шешімдерін жою жөнін­де өкілеттіктер беру қажет деп ойлаймыз. Бұл дауларды қарау уақытын қыс­қартады және тараптардың құқықтарын қорғауға оң әсер етеді. Жалпы алғанда, Атқарушылық іс жүргізу туралы заң қабыл­данғалы 11 жыл ішінде оған 397 түзету енгізілді. Әкімшілік құқық бұзу­шылық кодексіне ғана бұдан көп өзгеріс жасалды. Заңның үстемдігі мен аза­маттардың құқықтарын сақтау арасын­дағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін Мәж­бүрлеп орындату туралы жаңа заң әзір­лей­тін уақыт жетті деп ойлаймын. Оны қабылдау барысында ең жақсы әлем­дік заңнамалық тәжірибелерді еске­ріледі деп үміттенемін», деді министр.

Ведомство басшысы сөзін қоры­тын­дылай келе, атқарушылық іс жүргізуде азаматтардың құқықтарын қорғауды іске асыру бойынша жұмыс жалғаса беретінін жеткізді. Оның айтуынша, мәжбүрлеп орындату саласын дамытуға мүмкіндік мол.

Бұдан кейін депутаттар министрге кө­кейіндегі сауалдарын қойып, атқару­шылық іс жүргізу мәселесін жан-жақты тал­қылады. Жиын соңында Мәжіліс Төраға­сының орынбасары Балаим Кесе­­­баева қорытынды сөз сөйлеп, осы сала­­дағы өзекті мәселелермен, сондай-ақ оларды шешу жолдары айтыл­ғанына тоқ­талды. «Осы бағытта елде атқарушылық іс жүргізу жүйесін тиімді реформалау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың өте маңызды екенін ерекше атап өткім келеді. Бұл жұмыстарды сот төрелігіне жүгінген адамдардың құқық­тары мен мүдделерінің бұзылуына алып келетін барлық проблема шешілгенге дейін жалғастыру қажет», деді Б.Кесебаева.