Әдебиет • 28 Наурыз, 2022

Жамал әл-Қарши

1685 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Жамал Қаршидің есімін зерттеушілер болмаса, көпшілік оқырман біле бермейді, себебі ол кісінің еңбектері соңғы кезге дейін бізге беймәлім болып келді. 2003 жылы қолға алынған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында Жамал әл-Қаршидің «Әл-Мулхакат би-с-сурах» атты еңбегі орыс тіліне аударылып, оқырманға ұсынылды.

Жамал әл-Қарши

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жамал әл-Қарши Қазақстан, Орта Азия, Шығыс Түркістанның тарихы, мәдениеті, этнографиясы жөнінде мол деректер жазып қалдырған тарихшы, филолог. Қазақстан тарихына қатысты көне, бізге беймәлім, айтыла бермейтін деректер мен мәліметтер ол кісінің аталған еңбегінде ғана баяндалады. Ол ислам тарихының терең білгірі, білімпаз, оқымысты, хафиз болды, шығармасын араб, парсы тілдерінде жазды, ол көп тіл білетін ғалым еді. Араб тілін терең меңгергендіктен араб тілі грамматикасы туралы зерттеу еңбегін жазды. Ислам тарихын терең зерттеген ғалым пайғамбарлар туралы, олардың үрім-бұтақтары жөнінде, дана тұлғалар мен атақты билеушілер жайында өз еңбегінде арнайы тоқталды. Көптеген жерлерге сая­хат жасаған ғалым өзі көзімен көрген кенттер, шаһарлар, қа­лалар туралы географиялық тұрғыда құнды мәліметтер жазып қалдырды. Сондықтан оның еңбегі әртүрлі жанрды қамтиды. Зерттеушілер үшін Жамал әл-Қаршидің туындысы бірегей дерек көзі ретінде аса құнды дүние болып саналады.

Жамал әл-Қарши еңбегінде халық­тың қамын ойлаған билеушілерге мі­нез­деме беріп, ерекшеліктерін сипат­тап көрсетеді. Атақты мұсылман билеу­ші­лері мен сұлтандарына, әсіресе Түрік, Мәуе­раннаһр, басқа да өлкелерде ислам дәуірі кезіндегі белгілі қағандарға тоқталып, баяндайды. Сатұқ Бұғра хан, одан басқа да тұлғалар туралы мәлімет береді.

Жамал әл-Қарши Шыңғыс хан дәуірі, оның ұрпақтары дүниенің төрт тарапына билік жүргізіп тұрған кезеңде өмір сүрді. Шыңғыс хан жаулап алған жерлерін төрт баласына бөліп бергенде, Шығыс Түркістан, Жетісу, Мәуе­раннаһр, Ауғанстанның солтүстігі аймағы Шағатай хан үлесіне тиеді. Жамал әл-Қарши Шың­ғыс ханның екінші ұлы Шағатай ханның ұлысында Алмалық қаласында дүниеге келген. Бұл қала ұлыстың ордасы еді. Қайдудың ұлы Чапар билік жүргізіп тұрған кезеңде «Әл-Мулхакат би-с-сурах­ты» жазды. Бұл еңбек 1218-1370 жылдар аралығындағы кезеңді қамтиды. Әсіресе біздер үшін моңғол (дұрысы – моғол) қағандары туралы тарауы – ерекше назар аударады. Жамал әл-Қарши Шыңғыс ханға байланысты: «бізге белгілі, олар алғашында бытыраңқы, аз санды, айналысатын кәсібі де болмаған солтүстік шығыста тіршілік кешкен тай­па­лар болатын. Бұлар Алтын хан әл-Хитайдан басқа ешкімге бағынбаған еді. Бірде олар өз араларынан біреуді сайлап алып, Алтын ханға бағынудан бас тартуға уағдаласты. Бұл (сайланған) адам Шыңғыс хан әл-Моғол (Мугул – аудармада. 118-бет) болатын... Оның жорығы 1220 жылы басталды» деп жазды Жамал әл-Қарши.

Шыңғыс ханның ата тегіне, түп-тұ­қия­нына қатысты жазушылар мен та­рих­шылардың арасында қызу пікір талас туып келе жатқаны мәлім. Ертеден бері, орыс тарихшылары Шыңғыс хан­ды моңғол, оның жорығын татар-моң­ғол шапқыншылығы деп жазып, бүкіл Шыңғыс ханға байланысты материалдар оған жауыз деген теріс, жеккөрінішті көзқарас қалыптастыруға, соны негіздеуге бағытталды. Рашид-ад-диннің «Жамиат ат-тауарих» атты еңбегінде мұңғұл деп жазылған атау аудару кезінде саналы түрде монгол етіп бұрмаланды.

Осылайша орыс тарихшыларының бұрмалауынан Шыңғыс ханның ата тегі – монголға айналды. Бұл бұрмалаушылық бірнеше ғасырларға созылып барады. Ал Шыңғыс хан 1227 жылы қайтыс болған­нан кейін үш жылдан соң Жамал әл-Қар­ши 1230 жылы Шағатай ханның ордасы Алмалықта дүниеге келген Жамал әл-Қаршидің бүкіл саналы ғұмыры Шағатай ұлысында өткен еді. Жамал әл-Қарши тумысы бөлек талант, жазушы әрі ақын, әрі тарихшы, әрі араб тілінің грамматикасын зерттеген лингвист, филолог, этнограф, сан қырлы ғұлама болатын. Білімдар тұлға еңбектерін араб-парсы тілдерінде жазды, бұл жағынан алғанда, нағыз билингвист. Ол Шыңғыс хан әулетінен таралған ханзадалармен жастайынан аралас-құралас болып өсті, кейін ханның жанында Қаршыда (Орда) жоғары лауа­зымды қызмет атқарып, даналығымен құрметпен, қо­шаметке бөленді. Жамал әл-Қаршидің Шыңғыс ханға байланысты мәліметі қазақ тарихы үшін аса маңызды. Себебі Ресей тарихшылары Шыңғыс ханды қалайда түрік емес, монғол етіп көрсетіп, түрік халықтарының тарихынан атын мүлде өшіріп тастауға тырыс­ты. Соның салдарынан Ресейге бодан болған түрік халықтарына Шыңғыс хан­ды нағыз басқыншы моңғол деп оқы­тып, оқырман санасына әбден сіңірді. Ғасырлар бойы бұрмаланып, қағидаға айналған шындықты қалпына келтіріп, ақ пен қарасын ажырату оңай емес. Жаңа тұрпатты бір тұтас мемлекет құ­рып, түріктердің әлемде өркениетке қол жеткізген халық екенін күрескерлік қызметімен дәлелдеген алып тұлғаның кімнен таралғанын білу маңызды мәселе болып қала бермек.

Шыңғыс ханға қатысты шындықты, ақиқатты таразыға салып, әлі аршып ала алмай жатырмыз. Шыңғыс хан құрған империяның шынайы, дұрыс тарихы алда жазылуға тиіс деп ойлаймыз. Бұрмаланған фактілердің жетегінде кету – Баукең айтқандай, келешегімізге кесір болмақ. Шыңғыс ханға байланыс­ты ғасырлар бойы сеңі бұзылмай келе жатқан өтірікті теріске шығаратын ең ұлы дерек Жамал әл-Қарши бабамыздың еңбегінде тұрған жоқ па? Ұлы әміршінің бүткіл өмірі мен адамзатқа еткен қызметі жөнінде Жамал әл-Қаршидан артық ешкім де айта алмас. Ғұлама ғалым Жамал әл-Қаршидің Шыңғыс ханды моғол деп жазғанына осы уақытқа дейін біздің зиялы қауымның назар аудара алмағаны өкінішті-ақ.

Шыңғыс ханның нәсіліне байланыс­ты талас тудырмайтын ең құнды мәлі­метті бізге ұлы бабамыздың хатқа түсі­ріп, қалдырып кетуі – Шыңғыс ханды тануға шынайы, бұлтартпас дерек көзі әрі бағдаршам болмақ.

Жамал әл-Қарши қаңлы тайпасынан шыққан тарихшы, ол қазақ болғандықтан Ұлы әміршіге байланысты оның мәліметі талай таластар кезінде түп қазық, басты дерек болып қала бермек.

Шыңғыс ханның құрған мемлекеті Моңғол ұлысы емес, Еке Моғол ұлысы аталған, бұл тарихи құжаттарда бар дерек. Ресей тарихшылары Шыңғыс ханның жорығын татар-моңғол шапқын­шылығы деп бұрмалап жазып келді. Дұрысы бұл жорық татар-моғол жорығы деп түзету енгізіліп, аталуы керек. Атақ­ты ақын О.Сүлейменов те бұл қателікті түзеп, түрік-татар жорығы деп жазды, тарихи тұрғыдан алғанда одан да дұрысы татар-моғол жорығы болмақ!

Жамал әл-Қарши бабамыз Шыңғыс хан дәуірі кезеңінде өмір сүріп, тарихи ақиқатты жақсы, жетік білгендіктен де моғол деп нақтылап жазып отыр. Моғол атауы кейін Шағатай ұлысында құрылған Моғолстан мемлекетінің (XIV-XVI ғ.) атауына айналуы заңдылық еді. Моғолстанда билік жүргізгендер негізінен моғолдар болды.

Захараддин Бабыр 1527 жылы жеке-жеке княздіктерге бөлшектеніп жатқан Үндістанды жаулап алды. Жаңадан құрған оның мемлекеті Ұлы Моғол империясы аталды. Осылайша Моғол атауы үшінші рет мемлекеттің аты ретінде тарихта дүние жүзіне мәлім болды. Өйткені Бабыр да, онымен бірге қол астында жүрген жұрты да негізінен моғолдар болатын, демек моғолдар бізге табын, яғни қазақтар деген сөз. Ұлы Моғол империясы 321 жыл өмір сүрді. Кейін Үндістанды ағылшындар жаулап алды. Қазақ тарихының бір бөлігі үш ғасыр салтанат құрған Ұлы Моғол империясымен байланысты, мұның өзі ұлы түріктердің Еуразия құрлықтарында билік басында жүргенін де айқын дәлелдейді.

Жамал әл-Қарши Шыңғыс ханның ұрпағы Қайду ибн Кистайдың (1301 ж. қайтыс болған) қызметінде, оның би­лігінің бастапқы кезеңі мен соңғы кезінде, яғни екі рет болған. Қайду 1271 жылы Таразда таққа отырыпты.Ол жөнінде әділ де жомарт, жұмсақ мінезді, ел-жұрттың мүддесін түсінетін, мұсылман пейілді қайырымды хан болған деп сипаттама береді. Қайдудың ақсүйектер мен биліктегі топтардың арасында мәртебесін жоғары қойып көтеріп, құрмет тұтқанын, ол 33 жыл хандық етіп, 1301 жылы 68 жасында дүние салғанын жазады, сонда ол 1233 жылы туған болып есептеледі.

Қайдудың ең үлкен баласы Чапар, 1302 жылы хан тағына отырады, Жамал әл-Қарши міне, осы Чапар билік етіп отырған кезеңде «Әл-Мулхакат би-с-сурахты» жазып бітіреді.

Шағатай ханның өлген жылы 642/1244-1245 жыл деп көрсетеді тарихшы, ал біздегі зерттеушілер Шағатай ханды 1241 жылы қайтыс болған деп жазады, бұл жерде Жамал әл-Қаршидың мәліметі дұрыс деп санаймыз.

Қазақстан тарихына қатысты ең көне мәдени мұра болып табылатын Жамал әл-Қаршидің «Әл-Мулхакат би-с-сурах» атты еңбегін М.Х.Дулати, өзінің «Тарих-и Рашиди» деген кітабында пайдаланды, ұлы тарихшының кітап­ханасында бұл еңбектің қолжазба нұс­қасы болған. Алайда Жамал әл-Қар­шидің еңбегінің де ата жұртына кеш оралу, себебі қолжазба нұсқаларының кешірек табылуына байланысты болатын. Аудармашылар Ш.Х.Вахидов пен Б.Б.Аминовтың мәліметінше «Әл-Мулхакат би-с-сурах­тың» үш нұсқасы анықталған.

«Әл-Мулхакат би-с-сурахтың» бі­рін­ші нұсқасы бүгінде Ресей Ғы­лым академиясының Шығыстану инсти­туты­ның Санкт-Петербург филиалында (СПБ Ф ИВ РАН) сақтаулы тұр. Қолжазба Самарқандтан 1897 жылы алынған. Бұл қолжазба нұсқаның шифрі – В-514, аталмыш нұсқаны 1656 жылы ақпан-наурызда (джумаданың басында 1066) Шараф ад-дин ибн мулла Нұр ад-дин Фархад Әндижани көшіріп жазған екен. Қолжазба қағазының өлшемі – 20 х 12,5 сантиметр. Мәтіннің өлшемі – 15 х 8,5 см. Қолжазба 55 парақтан тұрады. Әр парақта 15-тен 17 жолға дейін бар, қағазы шығыстыкі, қара сия­мен жазылған, әбден сарғайып кеткен. Жазу түрі – насталик. Бұл нұсқаны академик В.В.Бартольд «Туркестан в эпоху монгольского нашествия» деген еңбегін жазу үстінде дерек көзі ретінде пайдаланған.

«Әл-Мулхакат би-с-сурахтың» екін­ші нұсқасы да Санкт-Петербургтегі Шығыстану институтының филиалының қорында С-26 шифрімен сақтаулы. Бұл нұсқаны ғылыми іс-сапармен жүрген кезінде В.В.Бартольд Ферғананың Марғилан қаласынан 1902 жылы Ферғана облыстық басқармасының тілмашы Ю.К.Казбековтен алады. Бірінші нұсқа толық емес, ал екінші нұсқасы маман­дардың пікірінше анағұрлым толық нұсқасы болып саналады.

«Әл-Мулхакат би-с-сурахтың» үшін­ші нұсқасы Өзбекстан Республикасы Наманған облысы, Қасансай қаласынан Рана деген қолжазба кітаптар мен ан­тиквар сатумен айналысатын кісі­нің қолынан алынған. Бұл қолжазба нұсқа табылған қаланың атымен «наман­гандық» деп аталынады. Қолжаз­баның көлемі – 39 парақ (1а39б). Қағазының өлшемі 28 х 18 см; мәтін жазылған беттің өлшемі 18,5 х 14 см. Қара сия­мен жазылған. Негізінен насталик жазу түрімен көшірілген. Қолжазба Самарқандтың айналасындағы Шираз ауданы аумағындағы Азизан медре­сесінде 1043/1633-1634 жылы көші­рілген. Қолжазбаның әр бөлімі әр кез­де көшірілген, жалпы мәтіні ХІХ ғасырда қалпына келтірілген. Бұған ар­найы тоқталып отырған себебіміз бар: бізде көне қолжазбалар қорын сақ­тап келген арнайы мекеме, не ғы­лы­ми орда болмаған, сондықтан Ре­сей және т.б. елдердің Ғылым ака­де­миясының, салалық ғылыми-зерт­теу институттарының қол­жазба қорла­рын­да сақталынып кел­ді. Алайда Таш­кент, Душанбе сияқ­ты қолжазбалар қорына ие бола ал­мадық. Біздің ата мұраларымыздың дені шет елдердің кітапханаларында, музейлерінде, ғы­лыми мекемелерінде сақталынды, сондықтан, отаршылдар ең алдымен рухани мұраларымызды қоржындарына салып, еліне жөнелтумен болған. Содан барып көне жәдігерлеріміз тонауға, талан-таражға ұшырады.

Жамал әл-Қарши бұл ғалымның лақап аты, қаршы моңғол сөзі емес, моғол (түрік) сөзі, хан ордасы, сарайы, резиденциясы деген мағынаны білдіреді. Бабамыздың хан сарайын­да жауапты қызмет атқа­рып, кеңсе­сін басқарғандықтан оған осы Қар­шы лақап аты қосылып айтыла­тын. Жамал әл-Қаршидің еңбегі қа­зақ та­рихының атасы ғұлама ғалым М.Х.Ду­латидің «Тарих-и Рашиди» атты атақты еңбегінде екі рет аталынуы жай нәрсе емес: М.Х.Дулати Жамал әл-Қаршидің араб тілінде жазылған еңбегімен жақсы таныс болған, әрі бұл еңбектің қолжазбасы ұлы ғұламаның кітапханасында болғандығында ешбір күмән жоқ. М.Х.Дулати бұл еңбекке «Тарих-и Рашидидің» 2-кітабының 68 тарауында тоқталған. Бұл тарауда «Тарих-и жаһангушайдан» («Әлемді жаулап алушының тарихы») үзінді келтіріледі. Парсы тілінде жазылған Қожа Ата мәлік Алааддин Мұхаммед Жувайнидің аталған еңбегінде Мо­ғолстанды сипаттайтын жерінен үзінді алып, келтірген. Онда Моғолстан – шы­ғысында Қытаймен, батысында – ұй­ғыр уәлаятымен, солтүстігінде – Қара­қыз және Салингай, оңтүстігінде – таңғұтпен шектесетінін жазады. Дулати осы төрт өлкеден белгілі боп тұрғаны – Қытай, Қарақыз және Салингай, ұйғыр уәлаяты туралы ешбір белгі жоқ, әрі ұйғыр уәлаяты қай жерде орна­ласқаны беймәлім, белгісіз деп ашып көрсетеді. Ал Таңғұттың тарихи әдебиеттерде аты аталады деп ескертіп кетеді. М.Х.Дулати Жамал әл-Қаршидің жоғарыда аталған еңбегіне «Тарих-и Рашидидің» 2-кітабының 89-тара­уында тағы да тоқталады. Әңгіме Саид ханның Тибетке жорыққа аттануына байланысты Дулати Тибетке қатысты «Муджам әл-булдан», «Жам-и гитинамай», «Мулхакат-и ас-сурах» және басқа да кітаптарда өзге өлкелер сияқты баяндалмағанын жазады. Жамал әл-Қаршидің «Мулхакат-и ас сурах» атты еңбегінде де Тибетке тоқталмағанына назар салып, өзі еңбегінің, 89,90,91, 92,93,94-тарауларында бұл өлке­нің табиғатына, географиялық орна­ласу жағдайына, халқының салт-сана, тұрмыс-тіршілігіне тоқталып, тағы­лымдық сипаттама жасап, айшықты әңгіме қозғайды. Сөйтіп, М.Х.Дулати қазақ тарихында Жамал әл-Қаршиге өзінің әлемге кеңінен мәшһүр болған атақты еңбегінде алғаш рет ғылыми баға берді, бұл еңбектің тарихи маңызына оқырмандар мен зерттеушілердің назарын аударды, себебі аталмыш еңбектің ғылыми құндылығы зерек бабамыздың назарын аударған еді.

Жамал әл-Қарши Фараб қаласынан шыққан ғалым Әбу Наср Исмаил ибн Хаммад әл-Жаухаридің 398/1008 жылы жазылған, өз заманында белгілі «ас Сихах» атты араб сөздігіне негізделіп дайындаған «ас-сихах» деген араб-парсы сөздігінің авторы, бұл еңбек оның алғашқы туындысы болып саналады. Әл-Қарши бұл шығармамен өзінің ұстазы Бұрхан ад-диннің кітапханасында Қашқар қаласында танысады. Әл-Жаухаридің «ас-сихах» атты сөздігін екі тілде араб-парсы сөздігі етіп қайта жазып, ол еңбегін «Қашқар қаласында 1282 жылғы 27 мамырда, сафар айының 10-ы, сейсенбі күні аяқтап бітірген, әл-Қарши өзі осылай деп көрсетіп кеткен. Бұл екі тілді сөздіктің Иран, Үндістанда көшіріліп жазылған көптеген нұсқалары болған.

Әл-Қарши 662/1264-1265 жылы Қашқарға қоныс тебеді. Қашқар қала­сында ғалымды шейх Шамс әл-Афадил әл-Муиззи мен Бурхан ад-дин Әлім әл-Бухари Қашқар садры аш-Шайбаниге алып барады, ал оның баласы Садаад-дин «ас-Сурахқа қосымшаны» жазуға кеңес беріп, түрткі болады.

Жамал әл-Қаршидің географиялық ауқымы кең аталған еңбегі тарихымыз үшін құндылығы мен маңызы аса жоғары.

Афлатон (Платон), Сукрат (Сократ) және т.б. елуге жуық дүние жүзіне мәлім данышпандар есімі келтірілген; сонымен қатар Иран-парсылар елі, Туран-түріктер елі. Түріктердің ұлы қағаны Афрасиаб ибн Фушандж ибн Рустам ибн Түрік ибн Иафис ибн Нұх – деп көрсетіп, арғы тегін Нұх пайғамбардан таратады. Бірақ Афрасиабтың түріктің ұлы қағаны (ханнан да биік) екендігін баса көрсетеді. Туған жылы туралы нақты дерек бермейді, бірақ Мұса ибн Имран дәуірінен Сүлеймен ибн Дәуіт дәуіріне дейін өмір сүрді дейді. Ал әл-Бируни Афрасиабтың ата тегін былай таратып жазады: Афрасиаб ибн Бушанг (Пашанг) ибн Иианат ибн Ришман ибн Турк ибн Забанасп ибн Аршасы ибн Тудж. Афрасиаб Иран патшасы Навзарды өлтіріп, тағын тартып алады, кейін Тұран тағын иеленеді. Афрасиаб Қашқария ойпатындағы Гузар және Мингурюк қалаларын салған деп аңыз етіледі.

Тарихшы һәм жазушы, ғалым, лингвист бабамыз «Әл-Мулхакат би-а-сурах» деген еңбегінде сонымен қатар, Тұраннан шыққан даналар, ел билеген тұлғалар туралы қысқаша мәлімет береді.

Тұран топырағынан шыққан жетпіс­тей оқымысты ғұлама, қайраткерлер туралы 1998 жылы, әлі Тұранды айтуға батылымыз бара алмай жүрген кезде мемлекет қайраткері А.Асқаров «Ұлы Тұранның ұлдары» деген кітабына Жамал әл-Қаршидің өмірбаяны жөнінде очерк жазып енгізіпті.

Ғұлама тарихшы Жамал әл-Қаршидің Қазақстанға қатысты мол мәліметтер жинақталып қамтылған Шыңғыс хан туралы еңбегінің бар екені мәлім. Жамал әл-Қаршидің осы кітабы жөніндегі назар аударар деректі Қазыбек Тауасарұлы кітабында келтіреді, ол кісі: «Ұран (Май­қы) заманын, оның тұрғыласы Шың­­ғысты Жамал баба Қарши баласы қалпынша (сол қалпында - М.Қ.) тауа­рихқа түсіргендіктен, мен оған көп тоқ­тал­мадым», – деп жазады. Бұл еңбек жөнін­де басқа ешбір әдебиеттерде айтылмайды.

Қазақ топырағынан шыққан ғұлама­лар мен оқымыстыларды, ойшылдарды тынбай зерттеген шығыстанушы ғалым Ә.Дербісәлі Жамал әл-Қаршидің «Ас-сурах мин ас Сихахының» 700 беттік парсы тіліндегі қолжазбасын Каирдегі «Кітаптар үйінің» қолжазба қорынан 2000 жылдардың басында тапты. Көлемі үлкен бұл еңбек қазір Ә.Дербісәлінің жеке архивінде сақтаулы тұр. Болашақта Шығыстану институты Жамал әл-Қаршидің осы еңбегін қазақ, орыс тілдеріне аударып жариялайтын болса, онда мәдени мұрамызға тағы да бір асыл дүние қосылар еді.

 

Мұхтар ҚАЗЫБЕК