Қазақстан • 29 Наурыз, 2022

Негізгі мақсат – халықтың талап-тілегіне құлақ асу

346 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

AMANAT партиясының мобильді қоғамдық қабылдау топтарының аймақтарға сапары жалғасып жатыр. Партия мүшелері Қызылорда және Павлодар облыстарына сапармен барды. Қабылдауға бір күнде 250-ге жуық азамат келіп, барлығы 11 шалғай елді мекен қамтылды.

Негізгі мақсат – халықтың талап-тілегіне құлақ асу

Кезектен тыс ХХІІ съезде партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым жұмысын қайта жандандыруды тапсырып, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуға тиіс екенін атап өтті.

AMANAT партиясы Республикалық қоғам­дық қабылдау бөлмесі меңгеруші­сінің орынбасары Азамат Біржановтың айтуынша, көшпелі мобильді топтардың мақсаты – жергілікті жерлердегі халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың өтініштерін қабылдау. «Біз еліміздің барлық аймағын қамтуды жоспарлап отырмыз, әсіресе тұрғындары партияның облыстық филиалына келуге мүмкіндігі бола бермейтін шалғай ауылдарға ерекше назар аударамыз. Мұндай сапарлар азамат­тардың өтініштеріне ден қою үшін ғана емес, сонымен қатар ауылдық жерлер­дегі жылдарға созылып келе жатқан проб­ле­малардың шешімін табуға мүмкіндік береді», деді.

Мәселен, Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Есет батыр ауылының тұрғыны Әбдірайым Сәрсенбаев электр­мен жабдықтау желілерінің тозығы жет­кенін алға тартты. «Электр желілерін күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа сымдар тарту қажет. Мамандардың айтуынша, біздегі электр желілерінің 75%-ның тозығы жеткен. Ауыл-аймақ деңгейінде бұл мәселенің шешімі табылмады. Енді AMANAT партиясының қолдауымен осы мәселе оң шешімін табады деп үміттенеміз», дейді зейнеткер.

Ал Гүлсім Жаханова ауыл көшелерін жарықтандыру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бүгінде ауылдағы 13 көшенің үшеуінде ғана жарық бар. «Ау­дандық бюджет қаражаты есебінен кентте 1 млн теңгеге Көкпай көшесі жарықтан­дыры­лып, 1,4 млн теңгеге Ақарық көше­сін­дегі жарықтандыру желілері жаңар­тылды. Жақын арада демеушілердің қол­дауымен Ақарық көшесінде 25 бағана, Әбі­­шев көшесінде 20 бағана орнатылады», деді Жалағаш ауданының әкімі Асыл­бек Шә­менов.

Көшпелі қабылдау барысында ама­наттықтар денсаулығына байланысты өзі келе алмаған І топтағы мүгедек Жар­­тай Ешмахановтың үйіне барды. «Осылай шалғай ауылдарды аралап, тұр­ғын­дарының талап-тілектерін тыңдап, жағ­дайды өз көзімен көруге келіп отыр­ған партия өкілдеріне алғыс айтамын. Мен сияқты үйге кіріп-шығудың өзі мұң болып отырған адамдар үшін, мұн­дай кездесулерді мүмкіндігінше жиі ұйым­дастырған жөн. Қызымды жұмысқа орна­лас­тыруға қатысты көмек сұрадым, мәселе шешілді. Олар әлеуметтік тұрғыда өзіме де жан-жақты көмек қолын созып келеді», деді ол.

Ал Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылының тұрғындары қосымша су ұңғымаларын бұрғылау қажеттігін айтты. Айтуларынша, олар тіршілік нәрін әлі күнге дейін 30-40 жыл болған 7-8 су көзінен алып келеді.

Жалпы, аманаттықтар Қызылорда облысына қарасты Есет батыр, Іңкәрдария, Қандөз, Жөлек, Бекарыстан би сияқты 5 ауылға барды. Тұрғындарды ауыл ішін­дегі көшелерді жөндеу, жайылымдық жер­лерді кеңейту, ауызсу және суарма-
лы су, ауыл шаруашылығы та­уар өнді­ру­ші­лерін несиелендіру сияқты мәселелер толғандырады.

Осы күні AMANAT мобильді бригада­лары Павлодар облысындағы шалғай елді мекендердің тұрғындарын да қабылдады. Партиялықтар Шідерті, Төртқұдық, Ивановка, Тереңкөл, Жаңа жұлдыз, Алакөл ауылдарында болды. Шідерті ауылы­ның тұрғыны Марат Мәкенов осындағы Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасының құрылысын жаңалап беруге қатысты өтініш білдірді. «Су арнасы 1974 жылдан бері жұмыс істейді, осы уақыт ара­лығында қайта жөндеуден өтпеген. Тұрғын­дарды таза сумен қамтамасыз ету үшін қызметкерлер өз күштері­мен үздік­сіз жұмыс атқарып келеді. Заманауи құрыл­ғыларды орнату үшін айтарлықтай қаражат қажет. Тағы бір мәселе – арна­ның қауіпсіздігі. Өйткені бұл – ерекше қорғаудағы нысан. Ішкі істер министр­лігінен комиссия келіп, қоршау­дың 2,5 метрден кем болмауын, сон­дай-ақ бекеттер толығымен жарықтан­дырылуы ке­регін айтып бірнеше рет айыппұл сал­ған. Ал біздің есебіміз бойынша мұның барлығына бюджеттен 5 млрд теңге бө­лінуге тиіс», деді Марат Мәкенов.

Айта кетсек, бұған дейін мобильді қоғамдық қабылдаулар Ақмола және Қарағанды облыстарына барды. Сол кезде шалғайдағы 10 ауылдың 100-ге жуық тұрғыны түйткілді проблемаларын ортаға салды. Бұл сумен қамту, интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету, жол салу, жаңа балабақшалар мен мектептер ашу және тағы басқа мәселелер.

Еске сала кетейік, қабылдауға жазылу кездесу өткізілетін күнге дейін ке­мінде 3 күнтізбелік күн бұрын жүзеге асырылады. Сонымен бірге партия­ның рес­публикалық қоғамдық қабыл­дау бөлмесінің базасында отбасы, әйел­дер және балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­қа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша «111 шұғыл қызметі» арнайы байланыс орта­лығы жұмыс істейді.