Қазақстан • 29 Наурыз, 2022

Агроөнеркәсіптің өзекті мәселелері талқыланды

154 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қапшағай қаласында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев және Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серік Қожаниязов кездесіп, өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуы­на қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Жиынға аудан, қала әкімдері, сол сияқты шаруа қожалықтарының, аграрлық шаруашылықтардың басшылары қатысты.

Агроөнеркәсіптің өзекті мәселелері талқыланды

Басқосуда сөз алған облыс әкімі Қанат Бозымбаев агро­өнеркәсіп саласын әрі қарай дамы­туда облыстың әлеуеті жоға­ры болғанымен әлемдегі тұрақ­сыздық өз әсерін тигізіп отыр­ғанын айтты. Мәселен, биыл минералды тыңайтқыш, гер­бицид, тұқым, техника және оған қажетті қосалқы бөл­шектердің бағасы өскен, суармалы су жетіспеушілігі байқалады, су тарифі көтерілді және басқа да мәселелер бар.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Е.Қарашөкеев Мемле­кет басшысының Жолдаудағы тапсырмасына сәйкес өткен жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешенді субси­дия­лау тетігін жетілдіру жұ­мыс­тары басталғанына тоқ­талды. Жалпы, осы саланы қол­дауға биыл 309 млрд теңге субсидия бөлінді, оның ішінде 79,7 млрд теңге – өсімдік шаруа­шы­лығына, 100 млрд теңге – мал шаруашылығына, 8,4 млрд теңге – өнім өңдеуге және 120,4 млрд теңге қаржы құралдарына қарастырылып отыр. Сондай-ақ отандық агроөнеркәсіптік кеше­н­нің орнықтылығын сақ­тап қалу үшін қосымша 388,2 млрд теңге бөлінбек. Сол сияқ­ты бұрын күші жойылған жұ­мырт­қаны субсидиялау бағ­дар­ла­ма­сы жалғастырылады, ал жұмырт­қа бағытындағы құс ша­руа­шылығының барлық субъек­тісі үшін субсидиялау нормативтері бірдей болады және 2 еседен жоғарылатылады. Бұл мақсатқа 7,5 млрд теңге қаржы бөлінеді. Қарақұмық пен майлы дақылдар құнын ар­зан­датуға қосымша 5,6 млрд теңге қарастырылады. Сон­дай-ақ Ауыл шаруашылығы ми­нистрі алдағы уақытта ірі тауар­лы сүт фермаларының құ­ры­лысын және көкөніс қой­ма­ларын салу мен қайта жаңар­туды қаржыландыруға, ет ба­ғы­тындағы құс фабрикала­рын салу мен жаңғыртуға, жы­лы­жай шаруашылықтары желі­сін ұйымдастыруға, суару жүйе­лерін жаңғыртуға, тамшылатып суару технологиялары негізінде жеміс-көкөніс өнімдерін тиімді өндіруді ұйымдастыруға басым­дық берілетінін де айтты.

Осы жиында Экология, гео­логия және табиғи ресурс­тар министрінің орынбасары Серік Қожаниязов ирригация жүйе­лерін жаңғырту, ауыс­палы егіс әдісін сақтау, суды үнем­деу, суды көп қажет ететін да­қылдардың көле­мін азайту сияқты шараларға кеңінен тоқталды. Соның ішінде Алматы облысында атқарылған мұндай жұмыстар суландыруға оң ықпал етуге тиіс.

– Көктемгі дала жұмыстары­на техниканың дайындығын, жанар-жағармай, тыңайтқыш қорларын жинақтауы керек. Ауа райының қолайсыздығына бейімделген жоғары сапалы тұ­қыммен өндірісті қамтуға тиіс­піз. Ислам даму банкі ар­қы­лы Ескелді және Ақсу аудан­­дары­ның ирригациялық жүйе­лері қал­пына келтірілуде. Десек те уақ­ты­лы қаржыландыру бол­маған­дықтан көптеген жоба түзету­ді қажет етеді. Су үнемдеу тех­но­логиясы алаңы биыл 27 мың гек­тарға жеткізілуге тиіс. Мал азығын даярлау бақылаудан тыс қалмауы керек. Ол үшін азық­­тық дақылдардың егіс көле­мін ұл­ғайтып, мемлекеттік ор­ман қоры, табиғи ұлттық парк­тер, жер қорындағы шабын­дық­тар­­ды тиімді пайдалану қажет. Жал­пы, агроөнеркәсіп кеше­нін да­мы­тудағы негізгі басым­дық іш­кі нарықтағы импортты алмастыруға беріледі, – деді Қ.Бозымбаев.

 

Алматы облысы