Биыл ақпан айында пайдалануға берілген «Ыбырай» жел электр стансасы сағатына 50 МВт қуат өндіреді. Мәселен, Қостанай қаласы жазда сағатына 60 МВт, қыста 90 МВт электр қуатын тұтынады. Ал желден тоқ алатын алып бағаналар облыс орталығын жазда 90%, қыста 60% электр қуатымен қамти алады. Өңірде бір ауданға орташа есеппен сағатына 15 МВт қажет екенін ескерсек, «Ыбырайдың» қуаты 3 ауданды тоқпен қамтамасыз етуге еркін жетеді. Станса басқарушысы Алмат Исенбаевтың айтуынша, қазір жаңа жел электр стансасында 16 адам тұрақты еңбек етеді. Мамандар жел қондырғыларының жұмысын станса кеңсесіндегі монитордан бақылап отырады. Кеңсе ғимаратында вахталық тәртіппен жұмыс істейтін мамандар тұратын бөлмелер және асхана бар.
Қостанай ауданындағы жел электр стансасының мүмкіндігін халық шаруашылығына пайдаланудың тиімді жолдарын қарастыру керектігін айтқан министр одан кейін «АгромашХолдинг KZ» АҚ-ға қарасты локализациялық орталыққа барды.
Өткен жылы іске қосылған локализациялық орталық металл пішу, ию, дәнекерлеу, бояу жұмыстарын атқарумен қатар, машина жасау саласына қажетті пластик компоненттерді жасап шығарады. «АгромашХолдинг KZ» локализациялық орталығы – өндірістің отандық үлесін арттыру бойынша іске асырылып жатқан өңірдегі ең алғашқы жоба. 36 мың шаршы метр аумаққа орналасқан зауыттың заманауи құрылғылармен жабдықталған әмбебап шеберханалары, оқу орталығы, әкімшілік-тұрмыстық кешені мен зауыт жұмысшыларына арналған жатақханасы бар.
Зауыт былтыр 406 «Есіл» комбайнын, 530 Lovol тракторын құрастырып шығарды. Мұның сыртында, 600-ге жақын комбайн-тракторларға тіркелетін аспалы құрылғыларға арналған 13 мыңнан астам қосалқы бөлшектер мен агрегаттар өндірді. Зауыт басшыларының сөзіне сүйенсек, кәсіпорындағы локализация деңгейі соңғы жыл ішінде 34 пайыздан 43,3%-ға дейін жеткен.
Ведомство басшысы жергілікті халықпен кездесіп, көпшіліктің жол жөндеу, баспана сатып алу туралы сауалдарына жауап берді. Бұл кездесуге ауыл тұрғындары онлайн режімде қосылды.
– 2021 жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасында 4% өсім бар. Экономикадағы тұрақты өсімді қамтамасыз ету үшін бірқатар маңызды шаралар қабылдадық. Жеке бизнестегі өндірісті ынталандыру үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылып отыр. Мәселен, жұмысын енді ғана бастаған кәсіпорындар үшін қосымша құн салығы 70%-ға төмендетілді. Сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында мүлік салығының мөлшерін төмендеттік, – деді министр.
Бірқатар жергілікті серіктестіктердің басшылары министрден кәсіпкерлікті дамыту, несиені субсидиялау, сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөнінде сұрады. Олар «Даму» қорының банктік қарыздарды субсидиялауға өтінім қабылдауды тоқтатқанына алаңдаулы. Кәсіпкерлердің сауалын нақтылап өткен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов биыл өңір бизнесті дамытуға бөлінген қаржының сыртында Ұлттық экономика министрлігінен тағы 2,670 млрд теңге сұрап отырғанын айтты. Ә.Қуантыров кездесуге қатысушыларға өңірлік кәсіпкерлікті қолдауға қолда бар мүмкіндікті аяп қалмайтынын, облысқа қажет қосымша қаржыны бөлу туралы мәселенің таяу арада оң шешім табатынын айтты.
– Министрлік 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруда. Аталған жоба бойынша 3 млрд теңгеге дейін несие алған кәсіпкерлерге 6%-дық жылдық мөлшерлемемен субсидия беріледі. Сондай-ақ кредиттер бойынша 360 млн теңгеге дейін кепілдік беріледі, – деді Ә.Қуантыров.
Кездесу барысында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды. Бағдарлама бойынша бұрын ауылға жұмыс істеуге барған әрбір жас маманға 300 мың теңге көтерме ақы төленіп келген. Облыста былтырдан бері бұл сома едәуір еселеніп, аса зәру мамандықтар бойынша қалалық мекендерге келген жастар 3 млн теңге, ауылға барған мамандар 5 млн теңге көтерме ақы ала бастады. Мұның сыртында, ауылға жұмысқа орналасқан жас маманға баспана сатып алу үшін тағы 4,6 млн теңге төленеді. Соңғы кездері облыс орталығына жақын ауылдардағы үй бағасының қымбаттап кеткенін алға тартқан жұмыс берушілер министрден «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша берілетін көтерме пұл мөлшерін көбейту жағын қарастыруды өтінді. Министр бұл мәселеге бюджет мүмкіндігін бағамдап алғаннан кейін ғана нақты жауап бере алатынын айтты.
Қостанай облысы