Үкімет • 29 Наурыз, 2022

Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары – Жолдауды жүзеге асыру құралы

745 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды.

Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары – Жолдауды жүзеге асыру құралы

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Іс-шаралар жоспары он бағытты қамтиды

Тапсырмаларды іске асыру туралы баяндаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Жалпыұлттық іс-шара­лар жоспарының жобасы 10 бағыт бойын­ша 36 іс-шараны қамтитынын айтты. Олар елдің саяси жүйесі мен әкімші­лік-аумақтық құрылымын өзгертуге, дағда­рысқа қарсы бірінші кезектегі шара­ларды қабылдауға бағытталған. «Прези­денттің өкілеттіктері туралы» бірінші бағыт бойынша 3 іс-шараны іске асыру көз­делген. Президент өкілеттіктерін шама­дан тыс шоғырландырудан бас тарту мақ­сатында заңнамаға мынадай түзету­лер енгізіледі: Президенттің өз өкілеттік­терін атқаруы кезінде саяси партияға мү­шелігін тоқтатуы; Президенттің жақын туыс­тарының мемлекеттік саяси қызмет­шілер мен квазимемлекеттік сектор кәсіп­орындарының басшылары лауазымдарын атқаруына тыйым салу; Президенттің облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері актілерінің күшін жою немесе оларды тоқтата тұру жөніндегі құ­зы­ретін алып тастауды, сондай-ақ аудан, об­лыстық маңызы бар қала, аудандық маңы­зы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкім­дерін лауазымынан босату құқы­ғын жою.

Министрдің айтуынша, партиялық құ­рылымдардың мемлекеттік аппаратпен бірігуіне жол бермеу үшін заңнамаға Ор­талық сайлау комиссиясының, Есеп комитетінің, Конституциялық Кеңестің төрағалары мен мүшелерінің партиядан міндетті түрде шығуы туралы ережелер енгізіледі. Сондай-ақ әкімдер мен олардың орынбасарларына саяси партиялардың филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салынады.

Екінші бағыт – «Өкілді билік тармағын қайта құру» бойынша 4 іс-шара жоспарланды. Заңнамаға төмендегідей өзгерістерді енгізу арқылы Парламент Сенатын жа­сақ­тау тәртібі мен оның бірқатар функциясы қайта қаралады, олар: Сенаттағы президенттік квота 15-тен 10 депутатқа дейін қысқарады, оның ішінде 5 депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады; Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы Мәжілістен Сенатқа беріледі; Парламент Мәжілісі қабылдаған заңдарды Парламент Сенатының мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын көздеу; Парламент Сенатының өкілеттіктерін Конституциялық Кеңестің және Жоғары сот Кеңесінің төрағалары лауазымдарына кандидатураларды келісу құқығымен толықтыру; Парламент Мәжі­лісіне заңдар қабылдау құқығы бері­леді; Есеп комитетінің орнына Жоғары ауди­торлық палата құрылады; Заңнамаға Пре­зиденттің облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері лауазымдарына баламалы негізде кемінде екі кандидатура енгізу құқығы беріледі.

Үшінші бағыт – «Сайлау жүйесін же­тілдіру» бойынша бір іс-шара іске асыры­латын болады. «Елді одан әрі саяси жаң­ғырту мақсатында сайлау жүйесінің пропор­ционалды-мажоритарлық моделі енгізілетін болады, ол 70/30 қатынасында Мәжіліс құрудың аралас жүйесін көз­дейді, яғни депутаттардың 70%-ы партия­лық тізімдер бойынша, 30%-ы мажори­тарлық жүйе бойынша сайланады. Сон­дай-ақ облыстардың, республикалық ма­ңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына мажоритарлық жүйе бойынша 50%, партиялық тізімдер бо­йынша 50%, аудандар мен қалалардың мәслихаттарына мажоритарлық жүйе бо­йынша сайланады», деді Ә.Қуантыров.

Төртінші бағыт – «Партиялық жүйе үшін мүмкіндіктерді кеңейту» бойынша бір іс-шараны іске асыру көзделеді. Саяси партияларды тіркеу рәсімі оңайлатылады. Оның ішінде: тіркеу шегін 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін төмендету; өңірлік өкіл­діктердің ең аз санын 600-ден 200 адамға дейін төмендету; партия құру үшін бастамашыл азаматтар тобының ең аз санын 1 мыңнан 700 адамға дейін қысқарту; филиалдарды құру мерзімін 6 айдан 1 жылға дейін ұзарту; құрылтай съезін өткізу мерзімін 2 айдан 3 айға дейін ұзарту көзделеді.

«Сайлау процесін жаңғырту» бесінші бағыты бойынша сайлау алдындағы үгіт кезеңінде әлеуметтік желілерде үгіт жүр­гізуге рұқсат беру, байқаушылардың қызметін реттеу, аумақтық сайлау комиссия­лары қызметінің қағидаттарын қайта қарау, сайлау қорларына қайырымдылықтың шекті мөлшерін белгілеу, сайлауға шет­елдердің араласуына жол бермеу үшін шаралар қабылдау, сондай-ақ сайлау нау­қанына барлық қатысушылардың барынша қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету жоспарланады.

Алтыншы бағыт – «Құқық қорғау институттарын күшейту» бойынша 9 іс-шараны іске асыру көзделген. Азаматтардың іргелі құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциялық соты құрылады. Конституцияда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі мен қыз­метінің кепілдіктері регламенттеледі. Сон­дай-ақ адам құқықтары жөніндегі уәкіл­ге Конституциялық сотқа жүгіну құқығы беріледі. Сонымен қатар өлім жазасы Конституциядан алынып тасталады. Прокуратура органдарына азаптау туралы істердің айрықша тергеулігін белгілеу көзделеді. Сондай-ақ «Прокуратура туралы» Конституциялық заң жобасын әзірлеу жоспарлануда. Жоғары сот Кеңесінің конкурстық рәсімдерін онлайн трансляциялауды және олардың қорытындылары бойынша егжей-тегжейлі, дәлелді түсін­дірмелер жариялау енгізіледі.

Жетінші бағыт – «Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтық қоғам институт­тарының рөлін нығайту» бойынша 3 іс-шара жүзеге асырылады. «Мемлекет мүд­делерін, қоғам сұраныстарын және медиа саланың даму үрдістерін ескере оты­рып, «Бұқаралық ақпарат құралдары тура­лы» заңды қайта қарау жоспарлануда. Рефор­маларды дайындау мен іске асыруға қоғамдық ұйымдар мен сарапшыларды кеңінен тартуға бағытталған мемлекеттің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылын күшейту жөніндегі тәсілдер әзірленетін болады. Қазақстан Республикасы Президенті жа­нындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын жалғастыру үшін жалпыұлттық деңгейде жаңа Ұлттық құрылтай институты құрылады», деді Ә.Қуантыров.

Сегізінші бағыт – «Елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру» бо­йынша 5 іс-шара іске асырылады. Бүгін­де министрлік Абай, Жетісу және Ұлы­тау облыстарын құру бойынша жұ­мысты бастап кетті. Биылғы 25 наурызда Премьер-Министрдің өкімімен аталған облыстарды қалыптастыру үшін Комиссия құрылды. Комиссияның міндеті – жаңа өңірлерді құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету. Сондай-ақ жауапты орындаушыларды және іске асыру мерзімдерін көрсете отырып, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Президент Жарлығын қабылдау жөніндегі жұмыс алгоритмі әзірленді. Алгоритм ұйымдастырушылық-дайындық және жедел іс-шаралар тізбесін қамтиды. «Алгоритм аталған облыстар әкімдіктерінің назарына жеткізілді. Жалпы алғанда, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құруды көздейтін «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Президент Жарлығының жобасы жақын арада Президент Әкімшілігіне енгізіледі», деді Ә.Қуантыров.

Тоғызыншы бағыт – «Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру» бойынша 2 іс-шара іске асырылады. Жер­гілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде министрлік «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң және оған ілеспе заң жобаларын әзірлеуде. «Заң жобалары жергілікті мемлекеттік басқару органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару функцияларының аражігін ажырату, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүліктік құқықтарын және мәслихаттар өкілеттіктерін кеңейту, жергілікті өзін-өзі басқару деңгейінде мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімдерін оңайлату жөніндегі нормаларды көздейді», деді Ұлттық экономика министрлігінің басшысы.

«Дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шаралар туралы» оныншы бағыт бойынша 5 іс-шара жүзеге асырылады. Әлеуметтік-экономикалық жағдай үшін туындайтын тәуекелдерді нивелирлеу мақсатында Дағдарысқа қарсы шаралар жоспарының жобасы әзірленді. Ол қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, инфляцияны бақылау және төмендетуге, көлік-логистикалық тізбектегі алшақтықты қысқартуға, сыртқы сауда қызметін қолдау және ынталандыруға, экономика салаларын қолдау және инвестициялар тартуға бағытталған. Сондай-ақ Ә.Қуантыровтың айтуынша, егіс науқанын сапалы жүргізу қамтамасыз етіледі, оның ішінде фермерлерге жанар-жағармай материалдарының қажетті жеңілдікті көлемі бөлінеді, ауыл шаруашылығы техникасының, тұқым және тыңайтқыш қорларының дайындығы тексеріледі. Бұдан басқа, саяси жаңғыру стратегиясын ескере отырып, экономика мен мемлекеттік басқарудағы құрылымдық реформалардың жаңа топтамасын дайындау жоспарда бар.

Отырыста аталған мәселе бойынша Үкімет басшысы Әлихан Смайылов сөз сөйледі. Премьер-Министрдің айтуынша, алдағы маңызды саяси реформаларды жүзеге асыру үшін Президенттің өкілеттігі, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, мәсли­хаттардың, әкімдердің функциялары мен оларды құру тәртібі, саяси партия құру мәсе­лелеріне қатысты конституциялық заң­дар мен басқа да заңдарға өзгерістер енгізу қажет. Еліміздің заңнамасында әкім­дер мен олардың орынбасарларына саяси партиялардың филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салынады, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитетінің, Конституциялық кеңестің төрағалары мен мүшелерінің партиядан міндетті түрде шығуы туралы ереже енгізіледі. Сондай-ақ Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бағыттарының бірі бойынша Қазақстан Республикасының Конституциялық сотын құру, жазаның бір түрі ретінде өлім жазасын Конституциядан алып тастау, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметін және оның Конституциялық сотқа жүгіну құқығын конституциялық регламенттеу мен кепілдігін қамтамасыз ету жоспарлануда.

Оныншы бағыт аясында қаржы жүйе­сінің орнықтылығын қамтамасыз етуге, инфляцияны бақылауға және төмендетуге, көлік-логистикалық тізбектердегі ал­шақ­тықты қысқартуға, сыртқы сауда қызметін қолдауға және ынталандыруға, экономика салаларын қолдауға және инвестициялар тартуға бағытталған Дағдарысқа қарсы шаралар жоспарының жобасы әзірленетін болады.

Әлихан Смайылов Мемлекет басшы­сының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары алға қойылған міндеттерге толық сәйкес келетінін және барлық келісу рәсімдерінен өткенін атап өтті. «Аталған жоспарды орындауға дереу кірісуіміз қажет. Ондағы әрбір іс-шараның сапалы және уақтылы орындалуына бірінші басшылар тікелей жауапты екенін баса айтқым келеді. Орынбасарларыма жоспардың орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын», деді Әлихан Смайылов.

Қазақстанның көлік саласы дамып келеді

Үкімет отырысында еліміздің тран­зит­тік-көлік әлеуетін дамыту мәселесі қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев баяндама жасады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, бүгінде көлік саласында оң динамика бар. Жүк тасымалы көлемі артып келеді. Биыл қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда темір жол көлігімен жүк тасымалдау 10%-ға артып, 70,8 млн тоннаны құрады, транзиттік жүктерді тасымалдау көлемі 20%-ға өсіп, 4 млн тонна болды, контейнерлермен тасымал 12%-ға артып, 174,7 мың жиырма футтық баламаға жетті. «Биыл алдымызда темір жолмен жүк тасымалы көлемін 420 млн тоннаға, транзит тасымалдарды 24,5 млн тоннаға және контейнерлер транзитін 1 100 мың жиырма футтық баламаға дейін жеткізу міндеті тұр. Бүгінде транзиттік жүктердің шамамен 90%-ы темір жол көлігімен тасымалданады», деді Қ.Өскенбаев.

Жалпы, еліміздің транзиттік-көлік­тік әлеуетін дамытудың негізгі көрсеткіш­тері «Қуатты өңірлер – ел дамуының драй­верлері» ұлттық жобасында айқындалған. 2025 жылға дейін транзиттік тасымалды 30 млн тоннаға дейін жеткізу керек. Осы мақ­сатқа жету үшін темір жол инфра­құ­ры­лы­мын салу, жылжымалы құрамды жаңар­ту, жүктерді контейнерлендіру, балама ба­ғыттар мен халықаралық дәліздерді дамыту бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Темір жол көлігі саласында «тар жерлерде» өткізу әлеуетін арттыру үшін 2025 жылға дейін 3 негізгі инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Біріншісі – «Достық – Мойынты». Бұл жобаны іске асыру Қытай Халық Республикасы мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалдар көлемін, учаскенің өткізу қабі­летін 5 есеге дейін ұлғайтып, тасымал жыл­дам­дығын тәулігіне 1500 шақырымға дейін арттырады. Екінші – «Дарбаза – Мақтаарал». Аталған жоба Орталық Азия елдеріне транзиттік қашықтықты қысқартып, қолданыстағы өткізу пункті арқылы Өзбекстанға шығуды қамтамасыз етеді. Үшінші – «Алматы стан­сасының айналма темір жол желісі». Жоба Алматы торабына түсетін жүктемені 30%-ға азайтып, жүктерді жеткізу уақытын 24 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Темір жол инфрақұрылымын және тран­зиттік әлеуетті дамыту туралы «Қазақ­стан темір жолы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев баяндады. Былтыр Қазақстан арқылы 1 млн 066 мың контейнер тасымалданды. 2016 жылмен салыстырсақ, бұл 4,3 есе көп. Халықаралық сарапшылардың есебі бойынша, Қытай, Оңтүстік Шығыс Азия және Еуропа арасындағы контейнер ағынының 5-8%-ы Қазақстанға тиесілі. «Негізгі транзиттік дәліз – Қытай – Еуропа – Қытай бағыты. Бұл аралықты Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің темір жол әкімшіліктерінен құрылған ОТЛК ЕРА бірлескен кәсіпорны жүзеге асырады. ҚТЖ Middle дәлізін дамыту үшін Әзербайжан мен Грузияның темір жол әкімшіліктерімен де дәл осындай бірлескен кәсіпорын құру туралы бастама көтерілді. Қазіргі уақытта Орталық Азиядағы көршілерімізбен бірлесіп, Оңтүстік дәлізін дамыту бойынша жұмысты жалғастырып жатырмыз. Биылғы екі айдың қорытындысына қарап, біз контейнерлік транзиттік тасымал қарқынын жылдың соңына дейін сақтауға болатынын бағамдап отырмыз», деді ҚТЖ басшысы.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов мемлекеттік органдар мен ұлттық ком­па­ния­лардың басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтсақ, Индус­трия және инфрақұрылымдық даму минис­трлігіне «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірге Транскаспий халық­аралық трансшекаралық бағытының тұрақты жұмысын және қазақстандық бизнес-қауымдастық үшін бәсекеге қабілетті, бірыңғай тарифтің қабылдануын қамтамасыз ету тапсырылды.

Сондай-ақ Индустрия министрлігі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компания­сымен бірлесіп, қысқа мерзім ішінде жүк­терді контейнерлермен тасымалдауға көшу мәселесін пысықтауы қажет. Әлихан Смайылов Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігіне Қаржы, Ұлт­тық экономика министрліктерімен, «Қазақ­стан темір жолы» АҚ-пен бірлесіп, жылжымалы темір жол құрамдары мен теңіз паромдарын сатып алу және жаңарту үшін қолдау шараларын әзірлеуді тапсырды.

Қаржы министрлігі Ұлттық экономика, Индустрия министрліктерімен, «Самұрық-Қазына» қорымен және «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, тиісті жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтау қажет. Бірінші кезекте бұл – Достық –Мойынты және Алматы айналма стансасына қатысты. Бұған қоса, Премьер-Министр Индустрия министрлігіне «Қазавтожол» компаниясымен бірге биылғы құрылыс маусымын барынша тиімді пайдаланып, жоспарланған 8 учаскенің барлығын іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырды. Биыл республикалық маңызы бар 3,6 мың шақырым автожол салынып, жөнделеді.