Құдды дүниеге жаңа есік ашқан сәбиді әлдилеп бесікке бөлеген секілді жаңа жазылған шығарманы да жазу үстеліне мәлім уақыт тастап қойып, суырмада ыстық-суығын басып суытып барып, оқырманға ұсынып жатады. Бұл әдебиет әдебиет болғалы бері қайталанып келе жатқан үрдіс. Ендеше біз жазушылардың жазу үстелін шығарманың бесігі деуімізге толық негіз бар. Әр жазушының жазу үстелі әртүрлі болған, тіпті кейбірінде жазу үстелі болмаған да.
«Шоу бұрышы»
Ағылшын әдебиетінің саңлақтарының бірі Джордж Бернард Шоудың есімі әлі күнге дейін жиі аталады. Бұған себеп, оның оқылымды, өміршең шығармалары. Ал, ол осы шығармаларын қайда жазды? Осыған тоқталайық. Оның жазу үстелі тым қарапайым болғанын ол туралы деректер дәлелдейді. Тіпті ол өзгелер сияқты сәнқойлыққа салынып, шығармашылық үйіне қымбат жазу үстелін қоймапты. Бар болғаны өз вилласының ауласына ағаштан шағын кабинет жасап, оны өзі «Шоу бұрышы» деп атапты. Аталған бұрышта ол әдебиетте ойып орын алған ірі шығармалар мен сахналық туындылар жазып, мол мұрасын жұртқа ұсынған. «Шоу бұрышына» назар салсаңыз, таза ауада, жарық жақсы түсетін ортаға орналасқан, әрине, шығармашыл адам үшін осындай жайлы да тыныш мекен керек-ақ.
Хэм ағайдың кабинеті
Хемингуэй әдетте қалтасына дәптер мен қарындаш салып, кафелерде жазғанды ұнататын, ол өзінің әйгілі «Күн де көтеріледі» романының негізгі бөлімін осындай жағдайда жазған. Кейінірек Хемингуэй Флорида штатындағы Ки-Уэсттегі үйінде кітаптар мен газеттердің үйінділеріне толы жатын бөлмесінде бізге жеткен шығармаларын жазды. Оның жазу үстелі мен машинкасы Флорида штатындағы Ки-Уэсттегі Хемингуэйдің үйінде сақталған. Жазушының үйіндегі бірден-бір құнды мұра осы болмақ. Кең дүниені ай сайын аралап, әлемге саяхат жасауды өзінің әуесі санаған Хэм ағай үшін тар кабинеттегі жазу үстеліне көп отырудың да мүмкіндігі болмаған шығар. Бірақ жазушының «Африканың жасыл төбелері», «Бар мен жоқ», «Френсис Макомбердің бақытты өмірі», «Килиманджаро – қарлы тау» сияқты бірнеше шығармасы осы үйде тұрғанда, үстел басында жазылған.
Үйден мұражайға дейін
Джейн Остиннің мұражай үйінде оның жазу үстелі тұр. Осы үстелді көру үшін жыл сайын сан мыңдаған адам аталған музейге барады. Джейннің оқырмандар ұнатқан романдары мен есте қаларлық кейіпкерлері осы жазу үстелінің жемісі. Ол үнемі күнделік жазуды әдетке айналдырған. Сол үшін оның жазу үстелі терезе алдына қойылған. Аталған үстел 1957 жылы оның тұрған үйінен мұражайға ауыстырылды.
Роулингтің «көшпелі» үстелі
Ал ағылшын жазушысы Дж.К.Роулингтің жазу үстелінің өзіндік қызықты оқиғасы бар. Роулинг Хәрри Поттер сериясының соңғы кітабын жазатын уақыт келгенде, жұмыс істеу үшін тыныш орын табу қиынға соғады. Ол Эдинбургтегі The Balmoral қонақүйіне барып біраз уақыт шығармашылығын жалғастырады. Бірінші күннің сәтті өткені сонша, ол сол жерде тұра беруді жоспарлап, 2006 жылдың тамыз айында сонда «қоныс аударды». Бұл қонақүй бөлмесі қазір JK Rowling Suite деп аталады. Әрине, қонақүйдегі жазушының «уақыттық жазу үстелінде» Хәрри Поттердің соңғы нүктесі қойылды. Бұл да шығармашылық әлем үшін еске алуға тиісті жайттың бірі.
Жазу үстелі жанашыры
Луиза Мэйдің есімі өзінің классикалық романы «Кішкентай әйелдер» арқылы күллі оқырманға жақсы таныс. Ол Orchard House-тегі жазу үстелінде әр шығармасын қолмен жазды. Көптеген жылдар бойы қолжазбалары дұрыс қабылданбағандықтан, баспагері оған қыздар туралы әңгіме жазуды ұсынды. Ол тапжылмай жазу үстелінде отырып екі жарым ай ішінде «Кішкентай әйелдер» атты романын өмірге әкеледі. Ол осы кітабын өмір тәжірибесіне сүйене отырып жазды. Бұл шығармада да жазу үстелінің рөлі ерекше болғаны шындық.