Президенттік билікті күшейту үшін түрлі институттарға сүйену, соның ішінде өзі мүшесі болып табылатын парламенттік партияның төрағасы болу бүгінге дейін барлық билікті монополияландыруға алып келді. Президенттің партиясы болған соң барлық билік ресурстары сол партияның мүддесіне қызмет етті. Саяси бәсекелестік іс жүзінде өте төмен дәрежеде болды. Ал мұндайдың қандай нәтиже берері алдын ала белгілі еді. Халықтың сайлауға деген, қоғамдық өмірді жақсартуға деген құлшынысы мен белсенділігі барынша салқындады. Осы бейжайлықтан арылудың ең басты жолы – Президенттің партияның төрағасы болудан бас тартуы екенін Қасым-Жомарт Кемелұлы дөп басып айтты.
Саяси өмірімізді жақсартуға бағытталған екінші мәселе – мажоритарлық жүйенің енгізілуі. Біз әзірге, саяси партиялар өзара ашық күрес арқылы тек пропорционалдық сайлау жүйесімен сайланып, билікке қол жеткізетін демократиясы жоғары дамыған Батыс мемлекеттеріндей бола алмаймыз. Оған қол жеткізу үшін саяси дамудың біраз жолдарынан өтуіміз керек. Сондықтан да Президенттің Парламент депутаттарының 30 пайызы бұрынғы мажоритарлық жүйемен сайлануын енгізу туралы бастамасын өте дұрыс деп санаймын. Халық белсенділігі артпаса шағын топтармен мемлекеттің саяси жүйесінің дамуы, ашықтығы мен заң үстемдігінің орнауы мүмкін емес. Ал бұлар болмаса сыбайлас жемқорлық сияқты індеттің арта берері сөзсіз.
Сонымен қатар Жолдауда Президент Парламенттің өкілеттігін арттырып, биліктің біраз тармағын беруді ұсынды. Бұл да қайнауы жеткен мәселе. Нақты билік тек қана Президентке байланған мемлекетте әкімдер мен министрлер Парламент депутаттарының сауалдары мен ондағы талаптарды жүре тыңдап, оған шығарып салма жауаптар беруге әбден дағдыланып алды. Егер өкілді билік өз тарапынан бастама көтеріп, Парламент талаптарын орындамайтын жоғары билік иелерін тыңдап қана қоймай, ондайларды орындарынан алу, қызметінен шеттету құқығы болса – мәселе мүлде басқаша болар еді. Президент өзінің Жолдауында осы олқылықтың орнын толтырып, Парламентке қосымша өкілеттік беру керектігін айтты. Бұл Парламенттің беделі мен ықпалын іс жүзінде арттыратын шара болмақ. Мұндайда министрлер мен әкімдер өкілді билік алдындағы өз жауапкершілігін сезініп, есептеріне мұқият дайындалатын болады, депутаттардың сауалдарына да бейжай қарамай, орынды ұсыныстардың оң шешілуіне жанын салар еді. Ал бүгінге дейін ол Парламенттен келген сауалды төменге сырғытып, жалтарма жауап бере салуды ғана біледі.
Президент жергілікті өкілді органдардың да өкілеттігін арттыруды көздеген бірнеше өзгеріс болатынын айтты. Осы күнге дейін мәслихаттар әкімнің қолжаулығы болып келгені белгілі. Енді шын мәніндегі халық өкілділігіне айналса құба-құп болар еді.
Жолдаудың өне бойынан мемлекеттің жарқын болашағын, іргесінің нығая түсуін көздеген осындай орынды өзгерістер көрініп тұр. Енді тек олардың шашау шықпай орындалуын тілейміз.
Ерік НҰРАҚАЕВ,
Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы
Солтүстік Қазақстан облысы