Пікір • 30 Наурыз, 2022

Қарт қаланың тамырына қан жүгіреді

528 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Семей – қазақтың тарихи, рухани қаласы. Кешегі Кеңес заманында өндірістік қала болғаны да баршаға аян. Ең өкініштісі, 1997 жылы Шығыс Қазақстан облысымен біріккен соң өндірістік орындары жабылып, тұрғындарының бірі басқа жаққа ағылды, енді бірі жұмыс таппай сабылды. Қысқасы, осы уақыт ішінде Семейдің көсегесі көгере қойды дей алмаймыз. Мүмкін саяси жағынан, жалпы Шығыс өңірі өңірі үшін тиімді болған да шығар, ол жағын дөп басып біз айта алмаймыз.

Қарт қаланың тамырына қан жүгіреді

Құлдыраған, құрыған өн­діріс ошақтарын қайта-қайта айтып, жазғанмен май түспес. Ендігі кезекте Жаңа Қазақстан құру жолындағы шынайы, халық үшін тиімді ұсыныс-пікірлермен бөлісіп отырғанымыз жөн шығар.

Күні кеше семейліктердің тіле­гіне құлақ түрген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында Абай облысын құру­ды ұсынды. Орталығы Семей қала­сы болатындығын шегелеп айтты. Құдай-ау, алаң-елең заманда мұндай жақсылық болады деп күтпеген едік. Шынын айту керек, бұл жолғы Жолдауды ұйып, алтын уақытты қиып тың­да­­дық. Халық сенімі ақталды. Көмес­­кіленіп, сөніп бара жатқан семей­ліктердің қуанышында шек болма­ды. Әлеуметтік желіде тарап жатқан бейнероликтен көр­гендей, Президент қуаныш­ты жаңалық­ты айтқанда сенер-сенбесімізді білмей абдырап қалдық. Бір-бірімізге қарастық. Қуа­ны­шымыз қойнымызға сыймай, бір-бірімізбен құшақтастық. Көзі­мізге қуаныштың ыстық жасы іркілді.

Ел дұрыс түсінсін, кемеден ағы­тылған қайықтай, Шығыстан бөлі­ніп бара жатқанымызға «алақай­лаған» жоқпыз. Семейдің тамырына қан жүгіріп, тұралап қалған тіршіліктің қайта жанданатынына қуандық. Әйтпесе қазақтың қай пұшпағы болсын – өз жеріміз, өз еліміз.

Ендігі кезекте бәріміз бір кісідей қарт қаламызды қайтсек дамыта­мыз деген сұрақ төңірегінде ойлануы­мыз керек. Бар жүкті Президентке артып қоюға болмайды. Өзіміз әрекет етуіміз керек. Біріншіден, елге жа­н­ашыр, жарқын болашаққа жол бас­тайтындай басшыны сайлап алу керек шығар. Содан кейін әр сала мамандары өз ойларын ор­таға салып, оны басшылық тың­даса дейміз. Анау шұрық-тесік жолдар жөнделіп, қараңғы көше­лерге жарық тартылады. Ол сөзсіз деп ойлаймын. Менің ойымша, ет өндірісі, тері илеу ком­бина­ты қайта іске қосылып, ауыл шаруа­шы­лығын дамытуға қайта бір серпін берілуі тиіс.

Сонымен қатар Семей – таным­дық туризмді дамытуға таптырмас өңір. Жидебай, Қоңыр әулиені айтпағанда, қала ішінде қаншама тарихи ғимарат бар. Кешегі алашордашылардың бас қосқан ғимараты, тұрған үйлеріне дейін сақтаулы. Атап айтсақ, бүгінде Бейбітшілік аралы деп жүрген жеріміздің өзі тарихқа тұнып тұр. Одан бері Невзоровтар музейі­нің қоры қандай бай?! Шоқан Уәлихановпен тонның ішкі бауындай дос болған Ф.Достоевскийдің музей үйі тұр. Абайдың әдеби-мемориалдық музейіне ат басын бұрсаңыз, хакімнің өмір жолымен толықтай дерлік танысып шығасыз. Тізе берсек, көп. Абай келіп жүрген кітапхана ғимараты да осы маңда. Міне, бай тарихымыздың бірегей бөлігі Семейде. Тоқетерін айтар болсам, жоғарыда атап өткен тарихи нүктелердің бәрі бір аумақта орналасқан. Алдағы уақытта турис­тік маршрут жасап қойып, сырттан келген қонақтарды алып өтуге болады. Бұл дегеніміз – ша­һары­мызға құйылатын қар­жы. Семей серпіліп, қонақтар қаламызға ағылып жатар күн алыс емес деп ойлаймын. Сонымен қатар Абай облысы болғаннан кейін «Абай» орталығы ашылуы керек деп есептеймін.

Иә, семейліктер еңсе тіктеп, ертеңгі күнге нық сеніммен қарай­тын уақыт жетті. Біз, Семей қала­­сы­­ның тұрғындары, Жаңа Қазақ­станды бірге құрамыз.

 

Мерей ҚАРТ,

ақын