Сайыс Satbayev university-де офлайн форматта өтті. Жарысқа қатысуға еліміздің барлық өңірінен 107 команда өтініш берді. 230 студенттен құралған 72 команда финалға жолдама алған. Нәтижесінде, 15 студенттен құралған 4 команда жеңімпаз атанды. Олар 3,5 млн теңгені бөлісті. Марапаттау рәсіміне қатысқан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қатысушылардың ұсынған жобалары өте қызықты болғанын жеткізді.
«Қатысушылар білім беру саласында өте қызықты цифрлық жобаларды ұсынды. Жеңімпаз студенттер ақшалай сыйлықтармен қоса, байқауды өткізуге қолдау білдірген Daryn online, BTS Education, EDUS және Mail.kz және басқа да қазақстандық IT-компанияларда жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар кейбір цифрлы шешімдер өз инвесторларын тауып үлгерді», деді А.Аймағамбетов.
Министрліктің мәлімдеуінше, қазылар алқасының шешімімен Nazarbayev University және Astana IT University студенттері жеңімпаз атанды. Олар өзара 1,5 млн теңгені бөлісті. Екінші орынды Назарбаев университетінің тағы бір командасы жеңіп алды. Олар 1 млн теңгені жеңіп алды. Үшінші орын Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің, Suleyman Demirel University және Astana IT University студенттерінен құралған қос командаға бұйырды. Екі команданың әрқайсысы 500 мың теңгеден сыйақы иеленді.
BILIM Hackathon 2022 IT байқауында үшінші орынды иеленген Suleyman Demirel University студенттері жарысқа мүмкіндігі шектеулі оқушылар мен студенттерге арналған жобаларын ұсынды. 2-курс студенті Қажымұқан Реймбаевтың айтуынша, олар бұл идеяны 24 сағатта ойлап тапқан.
«Жарыста ұсынған жобамыз мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Мектеп оқушылары арнайы қолғапты киіп, ым-ишара арқылы ойын жеткізеді. Біз ойлап тапқан құрылғы олардың ойын түсінікті тілге айналдырып береді. Тағы бір идеямыз зағип жандарға арналған. Оқушылар мен студенттер үшін оқулықтағы әріптерді Брайль шрифіне айналдыратын құрылғы мен қосымша ойлап таптық. Бұл жобаларды ойлап табу үшін бізге 24 сағат уақыт берілді. Жарыста 72 команданың ішінде ІІІ орын алып, 500 мың теңге ұтып алдық. Алдағы уақытта жобаларымызды іске асырамыз», дейді «Ақпараттық жүйелер» мамандығының студенті.
2022 жылдың 26-27 наурызында өткен cайыстың жеңімпаздарын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов марапаттады. Байқау білім мен ғылым саласында жаңа IT жобаларды жасауға бастамашы болу, IT мамандарды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.