Спорт • 30 Наурыз, 2022

Толағайлар тұғырдан тайды

219 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен аптада спорт сүйер қауымды дүрліктірген бір оқиға болды. Ол 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында алауы тұтанған ХХХІ жазғы Олимпия ойындарының ауыр атлеттер сайысында 77 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Нижат Рагимовтің алтын медальдан айырылуы еді. Сонымен қоса, жерлесіміз 2016 жылдан бері жеңіп алған жүлделерінің барлығынан қағылып, сегіз жыл мерзімге үлкен спорттан шеттетілді.

Толағайлар тұғырдан тайды

Әзербайжанда туып-өсіп, кейіннен Қазақстанға қоныс аударған Рагимовтің Рио Олимпиадасында атой салған кезі күні кешегідей көз алдымызда. Жұл­қып көтеру жаттығуында барлық қар­сыласынан қара үзіп кеткен Нижат әлем­дік рекордты жа­ңартты. Ал серпе көтерудегі соңғы мүм­кіндігін сәтті пай­­даланғаннан кейін Қап тауы бөк­терінде кеңінен тараған лезгин биін билеп, «Риоцентро» кешеніне жиналған көрермендердің зор қошеметіне бөленген еді. Қоссайыстың қорытындысы бойынша 379 кило салмақты еңсерген ол бас жүлдені қанжығасына байлады. Олимпия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, үш дүркін әлем чемпионы, қытайлық Люй Сяоцзюнь күміс медальді қанағат тұтса, әлем біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері, мысырлық Мұхам­мед Махмұд қолаға қол созды.

Арада алты жыл өткен соң Нижаттың еңбегі жоққа шықты. Допингке қарсы күрес агенттігі (ВАДА) қазақстандық спортшыны «рұқсат етілмеген дәрі-дәр­мек пайдаланған» деп айыптап, оған қатаң жаза қолданды. Рагимовтің өзі бұл айыпты негізсіз деп есептейді. Күні кеше ғана БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ол тиісті органдарға шағымданып, өзінің «таза» екенін дәлелдеу үшін соңына дейін баратынын мәлімдеді. Алайда одан бір нәрсе өзгереді дегенге сену қиын. Өйт­кені бұған дейін де дәл осындай қиын жағдайға тап болған бір топ зілте­міршілер сондай әрекеттерге барған. Тіпті қыруар қаржы жұмсап, халықаралық ұйым­дардың көмегіне жүгінгендер де бар. Бірақ одан ештеңе өнбеді. ВАДА-ның шешімі өзгеріссіз қалды.

Егер допинг дауына ілікпегенде, тәуелсіздік алған кезеңнен бері Олим­пиада чемпионы деген дардай атағы бар Қазақстанның ауыр атлеттерінің саны жетіге жететін еді. Тарқатып айтсақ, 2008 жылы Бейжіңде Илья Ильин теңдессіз өнерімен танылып, бас жүлдені олжалады. 2012 жылы Лондонда Ильиннен бөлек, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова алтын тұғыр­дан қол бұлғады. 2016 жылы Рио-де-Жа­нейрода Нижат Рагимов қарсылас шақ келтірмеді. Бірақ сол зілтеміршілердің барлығына «допинг қолданды» деген айып тағылды. Жоғарыда аталған жарыс­тарда жүлдегерлер қатарынан көрінген Ирина Некрасова мен Мария Грабовецкая да дәл сондай жағдайға душар болды. Сонымен қатар атақты Владимир Седов әлем чемпионаттарында жеңіп алған барлық жүлделерінен айырылды. Оның арасында 2009 жылғы Гоянгтағы бас жүл­де де бар. 2015 жылы Вроцлавта өт­кен дүниежүзілік додада күміс пен қола медальді қоржынға салған қазақтың қос қыраны – Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаев та ВАДА-ның «қаһарына» ұшырады.

Осылайша тәуелсіз Қазақстанның ауыр атлетика тарихында жалғыз Олим­пиада чемпионы қалды. Ол – Алла Важенина. Негізі Алла Ресейдің Қорған облысына қарасты Шадринск қаласында дүниеге келген. Сол жақта жаттығып, елеулі табыстарға қол жеткізді. Ресейдің ұлттық құрамасы сапына іліге алмаған соң Важенина біздің елді жағалады. Бейжің Олимпиадасында 75 кило салмақ дәрежесінде бақ сынаған ол күміс медальді иеленді. Бірақ бұл қыздың бағы бар екен. Арада сегіз жыл өткенде алтыннан алқа таққан қытай спортшысы Цао Лэйдің допинг қолданғаны анықталды. Соның арқасында Алла Важенина ресми түрде Олимпия ойындарының жеңімпазы ретінде танылып, «мәңгі тозбас» атаққа қол жеткізді.

Иә, допинг дауы «тау көтерген» толағайлардың талайының бағын байлады. Ең өкініштісі, сол саңлақтар жүлдеден ғана айырылып қоймай, жылдар бойы тірнектеп жиған бедел мен абыройдан да жұрдай болды. Қазіргі кезде Олим­пия ойындарында жүлде алған ауыр атлеттер тізімінен санаулы ғана отандас­ымыздың есімдерін кезіктіруге болады. 2008 жылы Қытайда Алла Важенинаның алтыннан алқа таққанын жоғарыда айттық. Оның алдында – 1996 жылы Атлантада Анатолий Храпатый күміс алды. Даңқты жерлесіміздің күші тек Грекияның туы астында өнер көрсеткен грузиялық алып Акакиос Какиашвилиске жетпеді. 2004 жылы Афинада Сергей Филимонов дәл сол межеден көрінді. Ол Түркияның тастүлегі Танер Сагырдан қалып қойды. 2012 жылы Лондонда Анна Нұрмұхамбетова қолаға қол созды. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода бағы жанғандар тізімінде бес жерлесіміз бар. Олар – Жазира Жаппарқұл (күміс), Карина Горичева, Фархад Харки, Денис Уланов және Александр Зайчиков (қола). 2021 жылғы Токиодағы додада Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло үшінші орындарды еншіледі.

Міне, 1996-2021 жылдар аралығында алауы тұтанған Олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілгендер арасында Қазақстанның 11 зілтеміршісі бар. Негізінде бұл да жаман нәтиже емес. Осы көрсеткіштің арқасында талай мүйіздері қарағайдай мемлекеттерден озып тұрмыз. Бірақ оған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені «қадалған жерінен қан алатын» ВАДА қай күні есігіңді қағаты­нын білмейсіз. Бәлкім, ертең немесе басқа күні аталған ұйымның «жанал­ғыш­тары» сау етіп келе қалса, тағы қан­шама толағайларымыздың тұғырдан таятыны бір Аллаға ғана мәлім...