04 Сәуір, 2014

Кең ауқымды ықпалдастық жайы талқыланды

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
0204 Кеше Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Ерлан Ыдырысовтың Ресей Федерациясына ресми сапары басталды. Сапар екі ел президенттерінің арасында қол жеткізілген стратегиялық келісімдерді іске асыруға бағытталған Қазақстан мен Ресей сыртқы саясат ведомстволары басшыларының жыл сайынғы өзара сапар алмасу дәстүрі аясында өтуде, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі. Сапар барысында қазақ­стан­дық делегация мен Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бастаған ресейлік делегация арасында шағын және кеңейтілген құрамдарда толықпішінді ке­ліс­сөздер жүрді. Тараптар сая­си, сауда-экономикалық жә­не мәдени-гуманитарлық сала­лар­дағы Қазақстан-Ресей ынты­мақ­тастығының қазіргі жағдайы мен болашағын талқыға салды, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі кең ауқымды мәсе­лелер бойынша пікір алмасты. Аймақаралық және ше­ка­ра­лық ынтымақтастықты нығайту бойынша нақты қадамдарға, ғарыш, энергетика және көлік-коммуникация салаларын­да өзара ықпалдастықты кеңейтуге, сонымен қатар, 2012 жылғы 19 желтоқсан күні екі елдің пре­зиденттері бекіткен 2013-2015 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимыл жоспарын тиімді іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, сыртқы саясат ведомстволарының басшылары халықаралық бірлестіктер аясындағы, соның ішінде ТМД, ҰҚШҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК және БҰҰ шеңберіндегі өзара ықпалдастық мәселелерін, Орта­лық Азия өңірінде тұрақ­ты­лық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қарастырып, Каспий мәселесі бойынша пікір алмасты. Е.Ыдырысов пен С.Лавров Украинадағы жағдай мен бұл елдегі дағдарысты реттеу жолдарын кеңінен талқыға салды. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей сыртқы саясат ведомстволары арасындағы 2014 жылға арнал­ған Өзара ынтымақтасу жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Оның жүзеге асуы Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестік және одақтастық қарым-қатынастың тереңдеуіне мүмкіндік береді. Е.Ыдырысов өзінің Мәскеуге сапары аясында ТМД-ға және ҰҚШҰ-ға қатысушы елдер Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысатын болады.