Оқиға • 30 Наурыз, 2022

Интернет-дүкен арқылы есірткі сатқандар ұсталды

282 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды ​​облысында синтетикалық есірткі сатумен айналысқан 10 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстау бойынша арнайы операция жүргізілді, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Интернет-дүкен арқылы есірткі сатқандар ұсталды

Аса тәжірибелі қызметкерлерден арнайы құрылған жедел тергеу тобы төрт ай бойы қылмыстық топ жұмысын бақылаған. ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, ұсталғандар Қарағанды және Теміртау қалаларының тұрғындары. Олар 2021 жылдың мамырынан бастап осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, сондай-ақ, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында аса ірі көлемде синтетикалық есірткіні сатумен айналысқан.

Ұсталғандардың айтуынша, есірткіні сату Telegram әлеуметтік желісіндегі интернет-дүкен арқылы жүргізілген. Топтың қызметі жақсы ұйымдастырылған. Топтың 10 мүшесі арасында ұйымдастырушы, буып-түюші, оператор, дилер, есірткіні тығып жасырушы рольдері мен функциялары нақты бөлінген.

«Фигуранттардың тұрғылықты жерін тінту кезінде сатуға дайын 300 дозадан астам есірткі заты тәркіленді, сонымен қатар жалға алынған пәтерлердің бірінде шамамен 3 келі синтетикалық зат («мефедрон» және «альфа-PVP»), есірткі заттарды орау үшін қолданылатын заттар (электрон таразы, zip қалташалар) тәркіленді», делінген хабарламада.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 3-бөлігі 5-тармағы бойынша «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу, жөнелту немесе өткізу мақсатында заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау» бойынша соталды тергеу басталған. Қылмыстық топтың мүшелері мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.