04 Сәуір, 2014

Тарас тойы

431 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қысқа ғұмырының жеті жылын Маңғыстау даласында өткізген Тарас Шевченконың осы жеті жылы текке кеткен жоқ. Жергілікті халықпен тіл табысып, бауыр бас­ты, шығармашылығына қанат бітті. Ең бастысы, соңына кейінгі ұрпақ елеп-ескеретін із қалдырып, қазақ халқының жүрегінен орын ала білді.

 Тарас Шевченко Актау Тарас4

Кеңестік кезеңде түбектегі екі бірдей қала украин халқының бір  перзентінің атымен аталды. Тәуелсіздік таңы атысымен бөркін аспанға атқан аңқылдақ ағайын бір қалаға байырғы атауын қайтару қажет деп шықты. Солай болды да. Бұл – Тарасқа деген таршылық емес, тарихтың қателігін түзету. Тарас Шевченкоға деген құрмет сұйылған жоқ. Жыл сайын туған күнін түрлі шаралармен атап өтетін жерлестері биыл да осы дәстүрінен жаңылған жоқ. Т.Шевченконың 200 жылдығы Маңғыстау өңірінде кең көлемде аталып өтуде. Алдымен Ақтау қаласындағы теңіз жағасында орналасқан Тарас ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталған шара Ақтау және Түпқараған ауданының орталығы, Тарас айдауда болған мекен – Форт-Шевченко қаласында қатар  өрбіді. Аталған шараға Украинаның Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі П.Токарь қатысып, Кобзарьдың мерейтойымен құттықтап, оны ұмытпай, әрдайым ардақ тұта еске алып отыратын қазақ халқына алғысын білдірді. Ақтаудағы қалалық кітапханада «Екі елдің жыршысы» атты поэзия кеші өтіп, этномәдени бірлестіктер өкілдері мен жас­тар қазақ, орыс және украин тілдерінде ақын өлеңдерін оқыды. «Маңғышлақ және Кобзарь», «Великий Кобзарь – поэт и художник» тақырыптарында кітап, қолөнер және сурет көрмелері ұйымдастырылды. Негізі, Тарас Шевченконың 200 жылдық мерейтойын тойлау мамыр айының соңғы күндеріне белгіленіпті. Шетелдерден ғалымдар қатысатын ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференция, олардың Тарас мұражайына саяхаты, Маңғыстау облысы мен Украина өнерпаздарының бірлескен концерті де осы күндердің еншісінде. Бүгінге дейін Ақтау қаласындағы ук­раин этномәдени бірлестігі мен Абай атындағы мәдениет сарайы өнерпаздары концерт беріп, түрлі саяхаттар, кештер, көрмелер, шығармашылық, өнер жарыстары ұйымдастырылуда. Түпқарағандағы мұражайы мен Ақтаудағы ескерткіші маңы­на тазалық, абаттандыру жұ­мыстарын жүргізу  жолға қойылды. – Баспасөздерде  «Тарасты жазалау үшін айдала деп қазақ даласына, оның ішінде құла түз деп Маңғыстауға жіберді. Бірақ, жазалаушылар онымен Тарасқа қолайлы жағдай жасап бергенін түсінген жоқ. Тарас жергілікті қонақжай жұртпен туған баласындай болып араласып кетті, достар тапты», деген ой-пікірлер айтылады. Иә, Тарастың халық арасындағы танымалдығына, сыйлылығына осы уақытқа дейін үзілмеген құрмет дәлел. Ол халықпен бірге жасап келеді, – дейді осы шаралардың басы-қасында жүрген Маңғыстау об­лысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.